Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйелге алаяқтар фотосы арқылы 35 миллион теңге несие рәсімдеп тастаған

алаяқ
Фото: Видеодан скрин

Жасанды интеллектіні пайдаланған алаяқтар енді азаматтардың фотосы арқылы жалған бейне жасап, банктердің биометриялық тексеруінен өтіп жүр. Соның салдарынан адамдардың атынан рұқсатсыз есепшот ашылып, ірі көлемде несие рәсімделіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алматы тұрғыны Зухра Валиева да осындай схеманың құрбанына айналған. Оның атына төрт виртуалды есепшот ашылып, жалпы сомасы 35 миллион теңге болатын несие рәсімделген.

“Маған бір әйел хабарласып, мен айтқан мекенжайға барғанын, бірақ жиһазды таппағанын айтты. Не болып жатқанын түсінбедім. Өйткені ешкімге жиһаз сатпағанымды білемін. Ол маған арыз жазатынын жеткізді. Кейін мән-жайды анықтасам, алаяқтар атыма төрт виртуалды есепшот ашып қойған екен. Ең қызығы, мұның бәрін менің фотом арқылы жасаған. Банктің қауіпсіздік талаптары қайда? Мұндай жағдайға қалай жол берілген?” – деді Зухра Валиева. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы уақытта банктердің мобильді қосымшаларына қойылатын қауіпсіздік талаптары күшейтілген. Енді клиент жаңа құрылғыдан жүйеге кіргенде, құпиясөзін өзгерткенде немесе қосымшаны алғаш рет тіркегенде биометриялық сәйкестендіруден бөлек, екі факторлы тексеруден өтуі қажет.

Сонымен қатар қаржы ұйымдары күмәнді операцияларды анықтап, оларды уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін антифрод-жүйелерді пайдалануға міндетті.

“Банктер операцияларға тексеру жүргізіп, күдікті транзакцияларды уақытша тоқтату немесе қабылдамау мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар олар сессиялық антифрод тетіктерін қолдануға, дропперлерді анықтауға және оларға электрондық банктік қызмет көрсетуді тоқтата тұруға міндетті”, – делінген агенттік хабарламасында. 

Мамандар азаматтарға банк шоттарынан өздері жасамаған операцияларды байқаса, дереу қаржы ұйымына хабарласып, шоттарын бұғаттауды және құқық қорғау органдарына арыздануды ұсынады.

Ал 35 миллион теңге қарызға қалған Зухра Валиева полиция мен прокуратураға шағым түсірген. Қазір әйел өзінің атына рәсімделген несиелердің күшін жоюға және кінәлілерді анықтауға тырысып жатыр. Алайда істің немен аяқталатыны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, бұған дейін Алаяқтар қазақстандық әйелдің атынан банк картасын ашып, аударымдар жасағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жұма, 13 Қараша, 2026 08:10