Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шетелдік нөмірлерден қазақша хабарламалар: Алаяқтар "Қазпошта" атын жамылып, қазақстандықтарды алдап жатыр

Алаяқтық
Фото: istockphoto.com

Қазақстанда "Қазпошта" атынан жалған SMS-хабарламалар таратып, азаматтардың жеке және банк деректерін иемденуге бағытталған интернет-алаяқтықтың жаңа түрі тіркелді. Алаяқтар тұрғындарға сәлемдеме келгені туралы хабарлама жіберіп, сілтеме арқылы жеке мәліметтерін енгізуді сұрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бас прокуратураның мәліметінше, 2026 жылдың 9 қарашасынан бастап ел аумағында осындай жалған хабарламалар жаппай тарала бастаған. Атап айтқанда, SMS-хабарламалар шетелдік телефон нөмірлерінен, соның ішінде +212 6 12 82 15 27 нөмірінен және соған ұқсас басқа нөмірлерден жіберіліп жатыр.

Алаяқтар азаматтарды қалай алдайды?

Алаяқтар хабарлама алушыға атына пошта жөнелтілімі келгенін айтып, оны жеткізу үшін мекенжайды нақтылау қажеттігін хабарлайды. 

Азаматтарға көрсетілген сілтемеге өтіп, жетіспейтін мәліметтерді енгізу ұсынылады. Алайда бұл сілтеме "Қазпошта" сайтына ұқсатып жасалған жалған интернет-ресурсқа бағыттайды.

Осы сайтқа жеке ақпаратын енгізген адам өзінің құпия деректерін, тұрғылықты мекенжайын және банк реквизиттерін алаяқтардың қолына беруі мүмкін.

 

Алаяқтар қазақ тілін пайдаланып жүр

Бас прокуратураның ескертуінше, бұл схеманың қауіпті тұстарының бірі – жалған хабарламалардың мемлекеттік тілде таратылуы.

Алаяқтар қазақ тіліндегі ресми-іскери стилді, пошта қызметіне тән сөз тіркестері мен дәст.рлі хабарлау үлгілерін қолданады. Осылайша, хабарламаны шынайы етіп көрсетіп, азаматтардың сеніміне кіруге тырысады.

Салдарынан кейбір тұрғындар хабарламаның жалған екенін аңғармай, сілтемеге өтіп, жеке деректері мен банк мәліметтерін енгізуі мүмкін. Бұл олардың ақшасынан айырылуына да әкелуі ықтимал.

Еске салсақ, бұған дейін алаяққа алданғанын айтып шағымданған қазақстандықтың өзінің үстінен іс қозғалуы мүмкін екенін жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Қараша, 2026 19:31