Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Сіздің атыңызға кредит рәсімделді": Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертілді

Банк картасы
Фото: shutterstock.com

Ұлттық Банк қазақстандықтарға "цифрлық сенімхат" туралы жалған хабарламалар арқылы жасалатын алаяқтықтың жаңа тәсілі туралы ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банк мәліметінше, алаяқтар алдымен қазақстандықтарға азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің немесе екінші деңгейдегі банктердің атынан "цифрлық сенімхат" немесе "несие" рәсімделгені туралы хабарлама жібереді.

Хабарламада алушының атына "цифрлық сенімхат" рәсімделгені, оны үшінші тұлғалар пайдаланып жатқаны немесе несие алуға өтінім мақұлданғаны айтылады. Мән-жайды анықтау үшін көрсетілген нөмірге қоңырау шалу ұсынылады.

“Мұндай хабарламаның басты мақсаты – адамды үрейлендіріп, көрсетілген нөмірге қоңырау шалуға мәжбүрлеу. Телефон арқылы сөйлесу кезінде алаяқтар "сенімхатты жоюды", "кредиттік өтінімді бұғаттауды" немесе "ақшалай қаражатты қорғауды" ұсынады. Кейін өздерін Ұлттық Банктің, арнайы мемлекеттік немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырады. Олар азаматтың атына кредит ресімделгенін, компаниялар тіркелгенін, күдікті қаржы операциялары жүргізілгенін немесе ақша қаражатын жымқыру әрекеті жасалғанын хабарлайды”, – делінген хабарламада. 

Алаяқтар осындай әрекеттердің алдын алуды сылтауратып, SMS арқылы келген кодты айтуды, банк картасының деректерін беруді,  күмәнді мобильді қосымшаны орнатуды, ақшаны "қауіпсіз" немесе "жинақ" шотына аударуды не мобильді құрылғыны қашықтан басқаруға рұқсат беруді талап етеді.

Ұлттық Банк өкілдері банктердің, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері банк картасының деректерін, SMS арқылы келген кодтарды, карталар мен қосымшалардың PIN-кодтарын сұрамайтынын атап өтті.

“Мұндай хабарламаны алған кезде көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалуға, күмәнді сілтемелерге өтуге және белгісіз адамдардың нұсқауларын орындауға болмайды. Ақпаратты тексеру үшін тиісті банктің немесе азаматтарға арналған цифрлық үкімет сервисінің ресми байланыс орталығына хабарласу керек”, – делінген хабарламада. 

Ұлттық Банк өз қызметкерлерінің аудио және видеоқоңыраулар шалмайтынын, жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырыспайтынын еске салды.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтарға WhatsApp-тағы алаяқтық туралы ескерту жасалған еді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 15 Қазан, 2026 19:11