Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Аккаунтыңыз бұғатталады": Қазақстандықтарға WhatsApp-тағы алаяқтық туралы ескертілді

WhatsApp  арқылы ақша жинаған
Фото: pixabay.com

Абай облысында алаяқтар өздерін WhatsApp-тың қауіпсіздік қызметі ретінде таныстырып, азаматтардың аккаунтын бұғаттаймыз деген сылтаумен жеке деректерін алып жатыр. Полиция тұрғындарға сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Полицейлердің мәліметінше, қаскөйлер өздерін "WhatsApp қауіпсіздік орталығы" немесе "ресми тексеру қызметі" ретінде таныстырып, жалған хабарламалар жіберіп жатыр.

“Олар хабарламаларда пайдаланушының аккаунтында қауіп төніп тұрғанын айтады. Сонымен қатар есептік жазбаның бұғатталуы мүмкін екені және тексеруден өту үшін START батырмасын басу қажеттігін жеткізеді.

алаяқтар WhatsApp арқылы
Фото: polisia.kz

Алаяқтардың басты мақсаты – қолданушының аккаунтына қол жеткізіп, растау кодтарын, жеке деректерді иемдену және сол аккаунтты пайдаланып басқа адамдарды алдау. Полиция азаматтарға күмәнді сілтемелерге өтпеуге, START, VERIFY сияқты батырмаларды баспауға, сондай-ақ ешкімге растау кодтарын бермеуге кеңес береді. Сонымен қатар күмәнді хабарламаларды елемеу, белгісіз нөмірлерді бұғаттау және мұндай хабарламаларды жою ұсынылады”, – делінген хабарламада.  

 Полицейлер мұндай хабарламалардың белгісіз жеке нөмірлерден жіберілетінін атап өтті. Ал WhatsApp-тың ресми қызметі қауіпсіздікке қатысты ескертулерді пайдаланушыларға жеке аккаунттар арқылы жібермейді және тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласатынын ескертті.

Гүлсезім Мұхатай
Жұма, 19 Маусым, 2026 17:55