"ЭЦҚ мерзімін ұзартыңыз": Қазақстандықтарға алаяқтықтың жаңа түріне байланысты ескерту жасалды
Қыркүйектен бастап Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарына алаяқтар электрондық цифрлық қолтаңбаның қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтып хабарласа бастаған. Полицейлер осыған байланысты азаматтарға ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаскөйлер өздерін ХҚКО немесе eGov қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтарға ЭЦҚ қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтады. Әңгіме барысында ол келісімін растау үшін телефонның пернетақтасынан "1" батырмасын, ал бас тарту үшін "3" батырмасын басуды сұрайды. Кейін азаматқа аталған ұйымдардың қызметкері ретінде хабарласады. Олар адамның басқан санына байланысты оның жеке кабинеті бұзылғанын және атына несие рәсімделгенін айтады. Алаяқтар жағдайды "реттеудің" жалғыз жолы – "айна" несие рәсімдеп, алынған қаражатты "қауіпсіз шотқа" аудару керек деп сендіреді. Осылайша, ақша қаскөйлердің бақылауындағы шоттарға аударылады.
Полиция бұл тәсілдің алаяқтардың ойлап тапқан жаңа айласы екенін ескертті. Соңғы күндері полицейлерге осындай 20-ға жуық қоңырау туралы ақпарат келіп түскен. Бұл – азаматтардың "102" арнасына хабарлаған фактілері. Жаңа тәсіл бойынша бір қылмыс тіркелді: Облыс аудандарының бірінде тұратын 44 жастағы тұрғын алаяқтарға сеніп, 4 миллион теңгесінен айырылған.
Қазір осы тәсілге қатысты басқа қылмыс фактілері тіркелген жоқ. Полицейлердің профилактикалық түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде көптеген тұрғындар алаяқтардың жаңа тәсілін танып, қоңырауларға сақтықпен қарай бастаған.
“Маңызды: ХҚКО және eGov қызметкерлері азаматтардан банк карталарының деректерін, шоттағы қаражат туралы ақпаратты немесе басқа да банктік құпия мәліметтерді талап етпейді. Мұндай қоңырауларға сенбеңіздер және бөгде адамдардың нұсқауы бойынша несие рәсімдеп, ақша аудармаңыздар”, – деп ескертті полиция.
Сегіз айдың қорытындысы бойынша СҚО-да 389 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға жуық төмен. Оның ішінде 248 фактісі қаскөйлердің азаматтарды ірі көлемде несие рәсімдеуге көндіретін түрлі алаяқтық схемаларымен байланысты.
Полицейлер Солтүстік Қазақстан тұрғындарын QR-код арқылы өтуге болатын WhatsApp мессенджеріндегі арнайы топқа қосылуға шақырады. Онда тәртіп сақшылары интернет-алаяқтықтың кең тараған тәсілдері туралы ақпарат беріп, тұрғындардың сұрақтарына жауап береді. Сондай-ақ азаматтар кеңес алу немесе киберқылмыс туралы хабарлау үшін +7-708-022-09-45 сенім телефонына анонимді түрде хабарласа алады.
"Өзімді қызбын деп шектеген емеспін": Қазақстандағы құтқару авиациясының жас ұшқышы қалай адамдарды құтқарып жүр

