Алаяқтар белгілі абоненттерден 150 мың SMS жіберіп, қазақстандықтардың банк дерегін ұрламақ болған
Танымал компаниялардың атын жамылып, бонустарды айырбастауды ұсынған алаяқтар шын мәнінде азаматтардың банк карталары мен шоттарына қол жеткізуді көздеген. Төрт күнде шамамен 150 мың күмәнді SMS таратқан топ ұсталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу мәліметінше, биыл қаңтарда Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің бірінің азаматы Қазақстан аумағында заңсыз схема ұйымдастыру үшін жергілікті тұрғынды ақшалай сыйақыға жалдаған. Кейін бұл іске Астанада арнайы жабдықтың жұмысын қамтамасыз еткен өзге де адамдар тартылған.
Күдіктілер SMS-бластер деп аталатын құрылғыны пайдаланған. Аталған құрал ұялы байланыс базалық станциясының жұмысын имитациялап, байланыс операторларының сүзгілеу жүйелерін айналып өтуге және хабарламаларды жаппай таратуға мүмкіндік берген.
Осылайша, небәрі төрт күнде Beeline, Kcell және Activ абоненттеріне танымал компаниялардың атынан бонустарды айырбастау туралы ұсыныстар жазылған шамамен 150 мың фишингтік SMS жіберілген.

Хабарламадағы сілтемеге өткен азаматтар жалған сайтқа бағытталған. Онда пайдаланушылардан жеке және банк деректерін, соның ішінде төлем картасының нөмірін, CVV-кодты және SMS арқылы келетін растау кодын енгізу сұралған.
Соңында күдіктілер азаматтардың құпия ақпараты мен банк шоттарындағы қаражатына қол жеткізген. Тергеу барысында тәркіленген SMS-бластердің жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу әрекеттеріне арналған арнайы техникалық құрал екені анықталды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 399-бабы 2-бөлігі — "Ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, өткізу немесе пайдалану" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазір төрт күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі бұған дейін де қоғамда алаңдаушылық туғызған. Енді даркнетте 15 миллион адамға қатысты мәліметтер сатылымға шығарылды деген ақпарат тарады. Алайда Цифрлық даму министрлігі базаның eGov жүйесінен алынғаны әзірге расталмағанын мәлімдеді.