Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда көгалда тынығып отырған коммуналдық қызметкерлерді видеоға түсірген әйел жауапқа тартылды

коммуналдық қызметкер
Фото: Видеодан скрин

Алматыда шөп үстінде демалып отырған коммуналдық қызметкерлерді видеоға түсіріп, оларды "жұмыс істемей отыр" деп айыптаған әйелдің өзіне әкімшілік хаттама толтырылды. Әкімдік қызметкерлердің сол сәтте заңды түскі үзілісте болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алматыдағы коммуналдық қызметкер әйелдердің жұмыс уақытында шөп үстінде демалып отырғаны түсірілген видео әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Видео Threads желісінде жарияланып, авторы қызметкерлерді жұмыс істеудің орнына демалып отыр деп сынға алған. Оның айтуынша, олар қоқыс жәшіктерін тазалауы керек болған.

Алайда Алматы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 22 тамыз күні сағат 13:10 шамасында Майлин көшесінің бойындағы аллеяда болған. Сол кезде Түрксіб ауданы бойынша "Алматы тазалық" КМК қызметкерлері белгіленген түскі үзілісте отырған.

Коммуналдық кәсіпорынның өндірістік қызметкерлері тәулік бойы үш ауысыммен жұмыс істейді. Әр ауысымға екі сағаттық түскі үзіліс қарастырылған. Күндізгі уақытта 12:00-ден 14:00-ге дейін, түнгі уақытта 00:00-ден 02:00-ге дейін демалады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, 23 тамызда қызметкерлер видео түсірген әйелдің әрекетін арандатушылық деп санады.

"Қазір Түрксіб аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әйелдің жеке басын анықтады. Оның әрекетінен әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталып, осыған байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігімен (Ұсақ бұзақылық) әкімшілік хаттама толтырылды. Іс жүргізу туралы шешім қабылдау үшін материалдар Алматы қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды", - деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.

Сонымен қатар тексеру барысында әйелдің итіне тұмылдырық кигізбей серуендеткені анықталған. Осыған байланысты оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабы 1-бөлігі (жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 43 250 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда коммуналдық қызметкерлердің үзіліс кезінде демалып отырғанын видеоға түсірген тұрғын желіде сынға ұшырады. Көпшілік таңнан кешке дейін аптап ыстықта еңбек ететін тазалықшылардың демалуға толық құқығы бар екенін айтып, олардың еңбегіне құрметпен қарауға шақырған еді. Жұмысшыларды жеке танитын тұрғындар да пікір білдірді. Олардың бірі ауласындағы бір тазалық қызметкерінің күн сайын таңғы сағат 4:35-те жұмысқа кірісетінін жазған. Ал кей тұрғындар "Алматы Тазалық" қызметкерлерінің еңбегін күнделікті көріп жүргенін айтып, олардың жалақысы да мардымсыз екенін еске салды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 14:36