Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда Саин көшесіндегі автобус жолағымен көлік қозғалысы жалғаса ма

жол жолақ қозғалыс
Фото: magnific.com

Алматыдағы Саин көшесінде арнайы жолақ іске қосылғаннан кейін қоғамдық көліктің жылдамдығы артты. Ол бойынша түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі алты шақырымдық бөлігінде автобустарға арналған арнайы жолақ 20 маусымда іске қосылды. Мониторингтің алғашқы нәтижесіне сәйкес, қоғамдық көлік қозғалысында өзгерістер бар. Таңертеңгі қарбалас уақытта жол бөліктеріндегі қоғамдық көліктің жылдамдығы 11,8%-ға, ал тәулік бойындағы медианалық жылдамдық 18%-ға артқан.

"Мониторингтің алдын ала нәтижелері қоғамдық көліктің жылдамдығы мен қозғалыс тұрақтылығының жақсарғанын көрсетіп отыр", – делінген әкімдік хабарламасында.

Айта кетейік, қозғалысты оңтайландыру және жолға қосылатын учаскелердегі қауіпсіздікті арттыру үшін қайта қатарға тұру кезінде көліктер арасындағы қақтығыс қаупін азайтатын жинақтаушы жолақтар жасалған. Сонымен қатар Рысқұлов даңғылы мен Төле би көшесі арасындағы Саин көшесінің оңтүстік бағытындағы бөлігінде жылдамдықты сағатына 60 шақырымға дейін шектеу енгізілді.

Әкімдіктің мәліметінше, жаңашылдықтың жалпы көлік қозғалысына әсерін толық бағалау әзірге мүмкін емес. Ол үшін көбірек статистикалық дерек қажет. Оның ішінде оқу жылының басталуымен көлік ағыны артқаннан кейінгі көрсеткіштер де ескеріледі.

"Арнайы жолақтың тиімділігіне түпкілікті баға бейімделу кезеңі аяқталып, жеткілікті статистикалық дерек жинақталғаннан кейін беріледі. Бұл ретте оқу жылының басталуына байланысты көлік жүктемесінің маусымдық артуы да ескеріледі", – деп хабарлады қала әкімдігі.

Айта кетейік, мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар автобустардың қозғалыс аралықтарын және тұрақтылығын да бақылауда. Хабарламада, негізгі міндет – арнайы жолақтың тиімділігін және оның қоғамдық көлікке де, Саин көшесіндегі жалпы көлік қозғалысына да әсерін объективті бағалау" деп көрсетілген. 

Бұл учаскедегі қозғалысты ұйымдастыруға қатысты түпкілікті шешім әзірге қабылданған жоқ. Бақылау нәтижелері өзгеріс енгізуді қажет етсе, жол қозғалысының схемасы түзетілуі мүмкін.

Еске салайық, осыдан бір ай бұрын Алматы әкімдігі ауқымды көлік реформасын жариялады. Онда жаңа автобус жолақтарын енгізу туралы айтылған еді. Енді Саин көшесінде қоғамдық көлікке арнап арнайы жолақтың таңбалары сызылып қойды. Ол Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі аралықты қамтиды. Қазір жоба пилоттық режимде іске қосылды.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 14:06