Шәкірттері жарыстарда топ жарған ұстаздар мемлекеттік наградамен марапатталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шәкірттері беделді халықаралық жарыста топ жарған ұстаздар мен тәлімгерлер жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президент Жарлығымен білім беру саласындағы аса үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Мейрамгүл Кенжехановаға, Алматы қаласындағы №134 лицей мұғалімі Ирина Нестеренкоға – "Құрмет" ордені табысталды.
"Edlight Academy" әдіскері Жанболат Жолгелдиевке, Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаеваға, "Haileybury Almaty" мектебінің мұғалімі Владимир Жукке, Өскемен қаласы Білім-инновация лицейінің мұғалімі Айгүл Сейітдәулетке – "Ерен еңбегі үшін" медалі берілді.
Қызылорда қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Батыр Жарқын, Талдықорған қаласындағы №24 лицей мұғалімі Меруерт Абаева, Павлодар қаласындағы Білім-инновация лицей-интернатының мұғалімі Олжас Әмзеев, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің мұғалімі Бақыт Мамышев "Шапағат" медалімен марапатталды.
Еске салайық, Тоқаев олимпиадада жүлде алған оқушыларға 6,5 миллион теңгеге дейін сыйақы берген еді.
Президент салтанатты рәсім барысында халықаралық пәндік олимпиадаларда алтын, күміс және қола медаль иеленген оқушылар мен студенттерге тиісінше 6 487 500 теңге, 4 325 000 теңге және 2 162 500 теңге көлемінде ақшалай сыйақыға сертификаттар табыстады.
