Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейдегі Ozon-ның бірнеше ірі қоймасына шабуыл жасалып, отқа оранды

Озон қоймалары өртенді
Фото: Видеодан скрин

Ресейдің Краснодар және Ставрополь өлкелерінде, Адыгея мен Дағыстанда Ozon компаниясының ірі логистикалық нысандары өртенді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі oboz.info порталына сілтеме жасап хабарлайды.

БАҚ мәліметінше, 24 тамызға қараған түні бірнеше ірі логистикалық нысан дрондар шабуылына ұшыраған.

Краснодарда соққыдан кейін Ozon қоймасында өрт шыққан. Барлық қызметкер эвакуацияланған. Билік мәліметінше, адам шығыны жоқ.

Адыгеяда аумағы 90 мың шаршы метрден асатын Ozon логистикалық орталығы да өртенді. Бұл кешен Краснодар өлкесі мен Солтүстік Кавказ өңірлеріне тауарларды қабылдау, сұрыптау және таратудағы негізгі нысандардың бірі саналады.

Невинномысск қаласындағы логистикалық орталықта да өрт болған.

Сонымен қатар Дағыстанның Тюбе қаласындағы Ozon қоймасы өртенген. Бұл – Солтүстік Кавказдағы ең ірі қоймалардың бірі. Оның аумағы шамамен 130 мың шаршы метрді құрайды.

Таңғы сағат 5 шамасында Махачкаладағы логистикалық орталық дрон шабуылына ұшыраған. Алдын ала мәлімет бойынша, бірнеше адам зардап шеккен.

Ozon компаниясы өз қоймаларына жасалған шабуылдарды растады. Қазір логистикалық нысандарға келтірілген залалдың көлемі мен шығын сомасы нақтыланып жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Ресейдегі Wildberries логистикалық орталықтарына да жаппай шабуыл жасалғаны хабарланған. Компания кейін логистикалық процестерін қайта құрып, тауарларды түрлі нысандар арасында қайта бөле бастағанын мәлімдеді.

Сонымен бірге БАҚ Wildberries Қазақстанда қосымша қойма алаңдарын жалға алу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазды. Кейбір деректер бойынша сөз шамамен 100 мың шаршы метр аумақ туралы болған.

Осы ретте редакцияға оқиға жайлы Ozon логистикалық орталығының әкімшігі жауап берді.

"Бүгін Орынбор облысындағы Ozon логистикалық орталығы БПЛА шабуылына ұшырады. Компанияның мәліметінше, барлық қауіпсіздік жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп, 300-ден астам қызметкер бірнеше минут ішінде эвакуацияланған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында өрт шығып, оны ТЖМ қызметкерлері сөндірді. Қазір жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Қойма қызметкерлері мен олардың жақындары үшін жедел желі іске қосылып, психологтар да жұмылдырылды. Қоймадағы тауарлар уақытша маркетплейстен алынып тасталды. Осы қоймадан жеткізілуі тиіс кейбір тапсырыстар тоқтатылып, клиенттерге қаражат толық қайтарылады. Ал күші жойылмаған тапсырыстар басқа қоймалар арқылы жеткізіледі”, – деп пікір білдірді Ozon логистикалық орталығы.

Сондай-ақ қауіпсіздік мақсатында сатушылардан тауар қабылдау уақытша тоқтатылды. Компания оларға жүктерін басқа қоймаларға жөнелтуді сұрады.

“Зардап шеккен нысанға бағытталған логистикалық маршруттар да уақытша тоқтатылып, басқа орталықтар арасында қайта бөлінеді. Қазір қойма жұмысы тоқтатылғанымен, Ozon-ның жалпы логистикалық желісі қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр", – деп хабарлады компания бізге берген жауабында.

Еске салайық, 18 шілдеге қараған түні Украина дрондары Ресейдің Тамбов және Мәскеу облыстарындағы Wildberries маркетплейсінің екі ірі логистикалық орталығына шабуыл жасады. Ресей билігі шабуыл салдарынан сегіз адам қаза тауып, шамамен 50 адам түрлі жарақат алғанын хабарлаған еді.

Wildberries компаниясының негізін қалаушы Татьяна Ким қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. 

"Бұған дейін айтқанымдай, компаниямыз Электросталь мен Котовск қалаларындағы логистикалық орталықтарға жасалған шабуылдардан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетеді. Қаза тапқандардың отбасына 2 миллион рубль, ал ауыр жағдайда жараланғандарға 1 миллион рубль көлемінде өтемақы төленеді. Марқұмдардың жақындарына қайғыра көңіл айтып, жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін”, – деді Татьяна Ким.

Ол өтемақы төлеу тәртібі, қолдау шаралары және оларды алу жолдары туралы толық ақпарат сатушылар порталында жарияланатынын айтты.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 24 Тамыз, 2026 12:15