Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Турист Үлкен Алматы көлінің маңында қоқыс үйіліп жатқанына шағымданды

табиғат
Фото: Threads ayanilyuna

Үлкен Алматы көліне барған турист айналадағы қоқыстың көптігіне наразылық білдірді. Жазбаға Іле-Алатауы ұлттық паркінің өкілдері пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Threads әлеуметтік желісіндегі ayanilyuna есімді қолданушы Үлкен Алматы көліне жақында барғанын жазған. Оның айтуынша, жұмыс күні болса да, демалушылар көп болған. Бір жағынан, адамдардың үйде отырмай, табиғат аясына шыққанына қуанса, екінші жағынан, айналадағы қоқыс пен кейбір азаматтардың әрекетіне көңілі қалған.

“Бұл масқара ғой! Қоқыс деген сұмдық көп! Біздің алдымызда тас үстінде шамамен 18 жастағы жігіттер отырды. Жандарында қоқыс жатты. Олар орнынан тұрып, артынан ештеңе жинамастан кете барды. Біреулердің қоқысын осылай тастап кете салатынына таңғалдым. Оларға ескерту жасап үлгермедік. Өздері алып келген заттың қалдығын өзімен бірге ала кету қиын емес қой”, – деп жазды ол.

Жазбаға Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің өкілдері пікір білдірді. Олар Үлкен Алматы көлі маңындағы аумақ күн сайын тазартылатынын хабарлады. Оның ішінде туристердің негізгі легі келмей тұрып та тазалық жұмыстары жүргізіледі.

“Бұл аумаққа келушілер көп. Өкінішке қарай, кей демалушылар ерекше қорғалатын табиғи аумақта жүру ережелерін сақтамай, қоқыстарын қалдырып кетеді. Туристер ағыны үзілмейтіндіктен, тазалық жұмыстары жүргізілген соң да аумақ қайта ластанады”, – деді ұлттық парк өкілдері.

Ұлттық парк әкімшілігі келушілерден табиғатты қорғау талаптарын сақтауды, қоқыстарын өзімен бірге алып кетуді және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды сұрады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда қоқысты белгіленбеген жерге тастағандарға 86 500 теңгеге дейін айыппұл салынатыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 24 Қазан, 2026 19:17