Түркістан облысында жігітін өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген оқушы қызға қатысты сот үкімі шықты
Түркістан облысында жігітін өлтіріп, кейін өртеп жіберген оқушы қыз сотталды. Небәрі 15 жастағы жеткіншек жантүршігерлік қылмысқа қыр-соңынан қалмаған жігіттен құтылу үшін барған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қанды оқиға биыл көктемде Леңгір қаласында болған еді. 25 мамыр күні Леңгір қаласындағы ескі зауыт маңынан 20 жастағы жігіттің мәйіті табылды. Оны өлтірді деген күдікпен 9-сыныпты енді аяқтаған оқушы қыз ұсталды.
Тергеу мәліметінше қыз былтыр басталған қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдаған. Бірақ жігіт бұған көнбеген. Ақыры сотталушы қыз Шымкент қаласында тұратын жігітті алдап Леңгірге шақырып, арнайы сатып алған пышағымен 6 рет соққы жасаған. Жүрегі мен өкпесі ауыр жараланған жәбірленуші сол жерде көз жұмған.
"Әңгіме барысында 1 күн бұрын сатып алған пышақпен жәбірленушінің кеуде тұсына бірнеше рет соққы жасаған. Айтуынша суық қаруды әуелі бір рет салып, жігіт құлаған соң қайтадан қылмысын жалғастырған. Марқұмның кеудесіне 6 рет кірген пышақтан жүрегі пен өкпесі ауыр жараланып бірден көз жұмыпты. Сөйтіп, қайтыс болғанына көзі жеткен соң жансыз денесі сол жерде қалдырып кеткен. Кейін құрылыс заттарын сататын дүкеннен барып жанатын сұйық заттар алып, қайтадан оқиға болған жерге барған. Қылмысын жасыру мақсатында , жәбірленушінің денесін өртеп жіберген", – деді Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиев.
Онсыз да сау-тамтығы қалмаған дененің 30%-ы өртеніп кеткені анықталды. Сөйтіп, қолы қанға боялған бойжеткен сыра алып ішкен. Кейін бар сұмдықты анасы мен достарына хабарлаған дейді судья.
Қылмысына сол күйі өкініш білдірмеген 15 жастағы 9-сынып оқушысы 8 жылға бас бостандығынан айрылды.
"Жәбірленуші тараптан қыздың ата-анасы өкінішпен кешірім сұрады. Олар кешірім берген. Бірақ қыз қолымен жасаған қылмысты сол күйі түсінбеген сияқты. Менің пікірімше ол әлі жағдайдың байбына әлі толық барған жоқ. Сот барысында заңды қорғаушылары қыздың бұл қадамға қорғану үшін барғандарын айтып, сол пікірді алға тартты. Алайда, бұл жауапкершіліктен құтылуға алып келген жоқ. Өйткені сот медициналық сараптамасы қыздың денесінен ешқандай де жарақат, не көгеру, сырылу белгілері анықтамады. Яғни, марқұм қызға зорлық жасауға ұмтылмаған деген шешім шығарды", – дейді
Соттан кейін жәбірленуші тарап та, сотталушының жақындары да ешқандай пікір білдірмеген. 20 жастағы марқұмның анасы сот залынан көз жасын тыя алмай шығып кетті.
Еске салсақ, 2026 жылдың мамырында Түркістан облысының Леңгір қаласында қараусыз ғимараттан ер адамның мәйіті табылғаны туралы жазған едік. Оны өлтірді деген күдікпен 9-сыныпта оқитын қыз ұсталды.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
