Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаражатқа қанша мектеп салынды: Министрлік түсіндірді
Қазақстанда жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылған. Оның 83-і қазірдің өзінде пайдалануға берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасовтың айтуынша, мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы арнайы қор жұмысын бастаған. Жемқорлардан тәркіленген қаражат осы қорға түсіп, кейін білім беру нысандарын салуға және жөндеуге жұмсалады.
“Қорға осы уақытқа дейін шамамен 159 миллиард теңге жиналған. Бұл қаржы есебінен 100 мыңға жуық оқушыға арналған 90 білім беру нысанының құрылысы қаржыландырылған. Оның 83-і пайдалануға берілсе, қалған жетеуінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы, соңғы жеті жылда Қазақстанда 1 миллион оқушыға арналған 1300-ден астам орта білім беру ұйымы салынған”, – деді вице-министр.
Вице-министрдің мәліметінше, соның нәтижесінде үш ауысыммен оқытатын мектептердің саны бес есе азайған.
Соған қарамастан, елде жаңа мектептер салу жалғасады. Оқу-ағарту министрлігі алдағы уақытта бала туу көрсеткіші өсе түседі деп болжап отыр. Сондықтан оқушы орындарының артық болуынан гөрі, қазіргі тапшылықты азайту маңызды.
Бұдан бөлек, апатты жағдайдағы мектептердің саны екі есе қысқарғанымен, Қазақстанда әлі де осындай 27 білім беру мекемесі бар.
Оқу-ағарту министрлігі Инвестициялық саясат және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Айқожа Әбсадықовтың айтуынша, жыл соңына дейін апатты жағдайдағы төрт мектептің мәселесі шешіледі.
“Алдымен арнайы мамандар ғимараттың жағдайын тексереді. Егер мектеп апатты деп танылса, оқушылар басқа ғимаратқа уақытша ауыстырылады. Кейін ескі ғимарат сүріліп, орнына жаңа мектеп салынады”, – деді Айқожа Әбсадықов.
Айта кетейік, бұған дейін Елімізде екпе алмаған балалардың мектеп пен балабақшаға баруына шектеу қойылуы мүмкін екені туралы жазған едік.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
