Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Уақыт көрсетер": Олжас Абайдың бұрынғы әйелі балаларымен жалдамалы пәтерде тұрып жатқанын айтты

Олжас Абай, Аймира Аман
Фото: Instagram.com / aiora_singer / ochooou_o

Танымал актер Олжас Абайдың бұрынғы жұбайы әрі әнші Аймира Аман экс-күйеуінің балаларына баспана алып беру туралы уәдесіне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әзірге бұл мәселе шешілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Аймира Аман Qoslike бағдарламасына қатысып, ажырасқаннан кейінгі өмірі мен балаларының жағдайы туралы айтты.

Бағдарлама жүргізушісі Анна Данченко одан актердің балаларына жеке баспана алып берген-бермегенін сұрады. Аймира бұрынғы күйеуінің бұл уәдесі әзірге орындалмағанын жеткізді.

“Қазір де сол пәтерде тұрамыз. Әкесі оны қай уақытта алып беріп, қаншалықты сөзінде тұратынын уақыт көрсетер. Мен үшін емес, балалар үшін барын салып, көмектеседі деп ойлаймын. Күндердің күнінде”, – деді Аймира Аман.

Ол бұрынғы жұбайынан өзі үшін емес, балаларының болашағы үшін қолдау күтетінін айтты. Дегенмен актердің қашан баспана алып беретінін нақты білмейтінін жеткізді.

Еске салайық, былтыр қарашада Аймира Аман “Менің өмірім” бағдарламасына берген сұхбатында Олжас Абаймен жеті жыл бұрын ажырасқанын айтқан еді. Ол актердің балаларымен жиі араласпайтынын, ал кейінгі бір жарым-екі жылда әкесі мен ұлдарының қарым-қатынасы сирегенін жеткізген.

Сол кезде Аймира екі ұлымен және анасымен бірге жалдамалы пәтерде тұратынын мәлімдеген. Оның айтуынша, пәтерақысын өзі төлейді, ал бұрынғы күйеуі ай сайын алимент аударып отырады.

“Әзірге жеке баспанамыз жоқ, пәтер жалдап тұрамын. Олжастың тарапынан биыл балаларына баспана алып беремін деген уәде болды, соны күтіп отырмын. Мен өзім мейлінше сабыр сақтағанды жақсы көремін, сондықтан мазасын алмаймын”, – деген еді Аймира.

Алайда көп ұзамай Олжас Абай бұрынғы жұбайының мәлімдемесіне әлеуметтік желі арқылы жауап берді. Актер балаларын қаржылай қамтамасыз етіп отырғанын айтып, оларға арналған екі бөлмелі пәтер дайын екенін жеткізген еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 19:30