Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көліктерінен де, ақшасынан да айырылған: Қазақстандықтарды 103 миллион теңгеге алдаған ер адам сотталды

Автокөлік
Фото: istockphoto.com

Астанада автокөліктерді сату және сатып алумен айналысқан ер адамға қатысты алаяқтық ісі бойынша сот үкімі шықты. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 103 миллион теңгеден асқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астана қалалық сотының мәліметінше, алаяқтық әрекеттердің құрбандары Астана мен Қарағанды қаласының тұрғындары болған.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, банк автонесие рәсімдеуге мақұлдау берген клиенттері бар екенін айтқан. Осыған сенген азаматтар өз көліктерін қашықтан аталған адамдардың атына қайта рәсімдеген.

Алайда ер адам көліктерді рәсімдегеннен кейін жәбірленушілермен есеп айырыспаған. Оның орнына алынған ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған.

Жалпы 6 алаяқтық дерегі анықталған. Оның ішінде аса ірі мөлшерде жасалған қылмыс та бар. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 103 миллион теңгеден асқан.

Сотта айыпталушы Қарағанды тұрғындарына қатысты алаяқтық жасағанын мойындамай, бұл эпизодтар бойынша өзін ақтауды сұраған. Ал Астана тұрғындарына қатысты кінәсін ішінара мойындап, алаяқтық жасауға мәжбүр болғанын мәлімдеген.

Сот қылмыстардың сипаты мен ауырлығын, жәбірленушілерге келтірілген ірі көлемдегі шығынның өтелмегенін, сондай-ақ жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, сотталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар оған алты жыл бойы автокөліктерді сатып алу-сату саласында қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Cот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада жиһаз жасаймын деген алаяқ жұртты 21 миллион теңгеге алдап соққаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 18:45