Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жиһаз жасаймын деген алаяқ жұртты 21 миллион теңгеге алдап соқты

алаяқ әлеуметтік желі
Фото: magnific.com

Астанада ер адам Instagram әлеуметтік желісінде хабарландыру жариялап, адамдарды 21 миллион теңгеге алдап соқты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ер адам тартпалы төбе орнату және жиһаз жасау қызметін ұсынған болып, желіде хабарландыру жариялаған. Сөйтіп тапсырыс берушілермен келісім-шарттар жасасып, олардан алдын ала төлемді қолма-қол не банктік онлайн-аударымдар арқылы алып, содан олармен байланысқа шықпай қойған. 

Алаяқтан зардап шеккен жәбірленушілердің саны – 15. Сотталушы олардың 21 миллион теңгесін алып қойған.

“Мемлекеттік айыптаушы сотталғанның кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен оған 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жәбірленушілердің келтірілген материалдық зиянды өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды”, – деп мәлімдеді Бас прокуратура.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Астана қаласының прокуратурасы әлеуметтік желілер арқылы тауарлар мен қызметтерге тапсырыс беру кезінде азаматтарды сақ болуға шақырды. Алдын ала төлемді енгізбес бұрын орындаушы туралы ақпаратты тексеру, пікірлерді зерттеу, нақты байланыс деректерінің бар екеніне көз жеткізу және сатушының немесе орындаушының адалдығы расталмай елеулі сомаларды аудармау керегін ескертті.

Бұған дейін Ақтауда танымал блогер адамдардан тауар үшін ақша алып, оны жеткізбегені үшін қамауға алынғаны туралы жазған едік. Тергеу нұсқасы бойынша, сатып алушыларға Қытайдан әкелінген премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан арзанға ұсынған. Алайда ақшасын төлеген адамдарға тапсырыстары жеткізілмеген.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 03 Қараша, 2026 11:34