Ақтауда танымал блогер ұсталды: Ол адамдардан тауар үшін ақша алып, оны жеткізбеген
Маңғыстау облысында Instagram арқылы тауар сату кезінде жасалған алаяқтық дерегі тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, сатып алушыларға Қытайдан әкелінген премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан арзанға ұсынған. Алайда ақшасын төлеген адамдарға тапсырыстары жеткізілмеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Lada.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полицияның мәліметінше, блогер Instagram желісінде ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы қоса алғанда, түрлі тауардың жарнамасын жариялаған. Өнімдерді жарнамалау үшін танымал парақшаның иесі де тартылған.
Жарнамалық жазбаларда тауарлардың бар екені, сапасы және Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туралы айтылған.
Тауарға қызыққан сатып алушылар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы сатушымен хабарласып, жеке кәсіпкердің есепшотына ақша аударған. Алайда уәде етілген тауарлар оларға жеткізілмеген.
“Түскен ақша жеке мақсаттарға жұмсалған. Құқық қорғау органдары ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техника үшін ақша аударған бірнеше жәбірленушіні анықтады”, – деп мәлімдеді полиция.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
“Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, алаяқтықтан зардап шеккен басқа да сатып алушылардың бар-жоғын тексеріп жатыр”, – делінген полицияның хабарламасында.
Ведомство әзірге келтірілген шығынның жалпы сомасы мен жәбірленушілердің нақты санын жариялаған жоқ.
Ақтаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев бұл іске Instagram желісіндегі @saltanat.a.e.pzds парақшасын жүргізетін блогер Салтанат Аманқосоваға қатысы бар екенін айтады. Оның мәліметінше, үш жәбірленуші арыз жазған. Сондай-ақ ол ақшаның кейін қайтарылғанын мәлімдеді.
Бұған дейін Алматыда жол ережелерін бұзған видеоларымен танылған блогер Назар Ролланға іздеу жарияланған еді. Блогер туралы ақпарат құқық қорғау органдарының іздеу жарияланған адамдарға арналған порталында пайда болған. Ол "Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдар" бөлімінде орналастырылған.
Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр
