Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Моңғолиядағы қазақ-моңғол дауы неден шықты: Баян-Өлгей аймағында не болып жатыр

Соңғы уақытта әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде Моңғолиядағы жергілікті қазақтар мен моңғол ұлты арасындағы тіл, дін, дәстүрге қатысты қатысты кикілжіңдер орын алды.Тіпті бұл мәселе екі елдің дипломатиялық және мемлекеттік деңгейінде қаралатын өзекті тақырыпқа айналды. Депутаттар бастап, блогерлер қоштап ел шулады. Ғасырлар бойы тату-тәтті өмір сүрген, мәдениеті мен тұрмысы ұқсас екі халық арасындағы бұл кикілжің неден шықты? Арандатушылықтың артында кімдер тұр? Stan.kz тілшісі даудың қалай басталғанын және оның негізгі себептерін сарапшымен  егжей-тегжейлі талдады. 


Мәселе қалай басталды?

Мәселенің басы әлеуметтік желідегі үлкен даудан басталды. Жұрттың шамына тиген мәлімдемені Моңғолия парламентінің депутаты Мөнхтөрийн Нарантуяа жасады.

Фото: әлеуметтік желіден алынды

Оның айтуынша Баян-өлкей аумағанда тұратын қазақтар мемлекеттік тілді білмейді, акцентпен сөйлейді деп сөз етіп жергілікті тұрғындарды мемлекетке адалдығына күмән келтірді.

“Моңғолияның болашағы мен тәуелсіздігін ойласақ, қазақтарға барлық мүмкіндік берілген. Тіпті олардың мемлекеттік саясатқа араласуына да жол ашылған. Бұрынғы саяси тәжірибемізді ескерсек, қазақтардың парламентте өкілдері бола берсін, бірақ мемлекеттік саясатты айқындайтын маңызды министрліктерді қазақтарға басқартып қоймағанымыз дұрыс. Бұл қазақтарды мемлекеттік қызметтен түгел шеттету керек деген сөз емес. Мен ешқашан қазақтардың жақсы-жаманын зерттеп, арнайы барған емеспін. Егер сондай мақсатым болса, 2022 жылы Баян-Өлгийге барғанымда-ақ бәрін зерттеп, шу шығарып, тікелей эфирге шығып жүрер едім. Мен ол жаққа жай ғана барып, “Қызық екен, шетел сияқты ғой. Адамдары моңғолша сөйлемейді екен” деп қайттым”, – дейді депутат Мөнхтөрийн Нарантуяа. 

Ал Монғолия депутаты, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әбубәкір Тілеуханұлы Баян-Өлгейдегі қазақтардың моңғол тілін білмейді дегенге сенбеймін, бұл бұрмалау деді. 

“Моңғол тілі мәселесіне келсек, ол жақта тұратын қазақ азаматтарының бәрі моңғол тілін білмейді дегенге сенбеймін. Тауда туып, мал бағып, өмірі сонда өткен аздаған адамдар бар шығар, акцентпен басқаша сөйлеуі мүмкін, мысалы мен сіздерден басқаша сөйлейтін шығармын. Бірақ осының бәрін бөліп алып, бұрмалап сөйлейді деп бөлектеу - ұят нәрсе”, – деді Монғолияның еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Әбубәкір Тілеуханұлы. 

Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған саясаттанушы Асылбек Баяжұманың айтуынша, депутат көтерген мәселенің негізі жоқ. Ол Баян-Өлгейдегі қазақтардың моңғол тілін еркін меңгергенін айтып, депутат бұл мәселені саясиландыруға тырысып отыр деп есептейді. Саясаттанушының пікірінше, депутатты шын мәнінде тіл мәселесінен гөрі билік құрылымдарында қызмет атқаратын қазақтардың көптігі алаңдатады. 

“Моңғолия парламентінің мүшесі, депутат Мөнхтөрийн Нарантуяа-Нара қазақ халқына, оның ішінде Баян-Өлгейде тұратын қазақтарға қарсы көп жағымсыз пікір айтты. Негізсіз, жалған айыптарды парламент мінберінен де жариялады. Кейін бұл пікірлер әлеуметтік желіде де кеңінен тарады. Бұған Моңғолиядағы басқа азаматтар да қосылып, мәселе үлкен ауқымға жайылды. Әрине, Баян-Өлгейдегі қазақтар да қарап қалған жоқ, олар да өз уәждерін әлеуметтік желіде білдірді. Маусым айынан бері жалғасып келе жатқан бұл дау үлкен ұлтаралық әңгімеге айналды”,- дейді Моңғолиядан көшіп келген саясаттанушы Асылбек Баяжұма. 

Консулдық ашу мәселесі бүкіл дауға түрткі болды

Тағы бір мәлімдемесінде депутат Мөнхтөрийн Нарантуяа-Нара Қазақстанда елшілікті ашуға қарсылығын білдірген еді. Ол бұл өңірдің биліктен бөлініп шығады деп қауіптенді.

“Консулдық ашу Баянөлгей аумағында арнайы артықшылығы бар автономиялық сипаты бар жағдайды қалыптастырады деп күдіктенемін. Сондықтан консулдық ашуға қарсымын. Егер Баянөлгейліктер шынымен Моңғол азаматы болса, өзгелер секілді кез келген мәселені Ұлан-баторға барып реттеуі керек”,- деді депутат Моңғолия парламентінің мүшесі, депутат Мөнхтөрийн Нарантуяа-Нара.

Ал саясаттанушы Асылбек Баяжұманың айтуынша, Баян-Өлгейді Қазақстанға қосып жібермек деген негізсіз қауесеттің кесірінен дау болды дейді. 

Консулдық дегеніміз – Қазақстанға көшіп келетін азаматтардың құжаттарына көмектесетін шағын мекеме ғана. Алайда қазақтан шыққан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тілеухан Әубәкір парламентте: "Моңғолия қазақтарын Қазақстан қазақтарымен үйлендіруіміз керек, яғни қан араластыру қажет. Себебі Баян-Өлгейдегі 100 мыңға жуық қазақ өзара үйлене берсе, ұрпағымыз нашарлайды. Сондықтан қыздарымызды Қазақстан қазақтарына беріп, олардың қыздарын өзіміз алуымыз керек" деген сияқты бас-аяғы жоқ мәлімдеме жасады. Осы мәлімдемені моңғолдар мүлде басқаша қабылдады. Консулдық ашу және "халықты өзара үйлендіріп, қанын тазарту" туралы әңгімелер "қазақтар болашақта Баян-Өлгейді Қазақстанға қосып жібермек" деген сияқты негізсіз, дәлелсіз қауесетке ұласып кетті, дейді саясаттанушы Асылбек Баяжұма

Зират мәселесі де талқыланды 

Моңғолия қоғамында Баян-Өлгей аймағындағы қазақ қорымдарының сәулетіне қатысты үлкен пікірталас туындады. Даудың өршуіне жергілікті қазақ халқының зәулім, күмбезді мазарлар тұрғызу дәстүрі мен көшпелі моңғол мәдениетіндегі қарапайым жерлеу салтының арасындағы айырмашылықтар себеп болды. Кейбір әлеуметтік желі белсенділері мұндай ауқымды зираттардың тым көп жерді алып жатқанын және аймақтың заңнамалық тәртібін сынаса, жергілікті тұрғындар бұл сындарды ата-баба дәстүрі мен діни наным-сенім бостандығына нұқсан келтіру деп қабылдады. Моңғол тіліндегі әлеуметтік желіде қазақтарға бағытталған жеккөрініш тілдегі  жазба көп жарияланып, халықтың пікірі екіге бөлінді. 

Фото: әлеуметтік желіден алынды

Бұл мәселе тіл және білім беру саласындағы өзге де талқылаулармен ұласып, ұлтаралық сипат ала бастаған соң, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх Баян-Өлгей аймағына арнайы барып, халықпен жолықты.

Фото: видеодан

Оның айтуынша ел ішінде арнадатушылық тудырғандар жазаланады деді.Сонымен қатар мемлекет басшысы елдегі барлық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрі Конституциямен қорғалатынын, алайда кез келген жер бөлінісі мен құрылыс жұмыстары (соның ішінде қорымдар салу) алдағы уақытта бірыңғай мемлекеттік заңдар мен экологиялық нормалар аясында қатаң реттелуі тиіс екенін мәлімдеді. Биліктің араласуы мен түсіндіру жұмыстарынан кейін тараптар арасындағы түсініспеушілік бәсеңдеп, мәселе заңдық шеңберге көшірілді.

Осы дау басталғаннан бері Баян-Өлгей аймағын бір жылдан астам басқарып келген Заңғар Есентай әкімдіктен босатылды. Қазіргі уақытта Баян-Өлгейде әкім жоқ. Дәл қазірге дейін тек Заңғарға қатысты осындай қысым болды, қалғандарына әзірге қысым жасалып жатқан жоқ. Осы мәселеге байланысты Моңғолия президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесін өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Әлеуметтік желіде дәлелсіз, дәйексіз көп нәрсе жазылады. Соның салдарынан осы уақытқа дейін татулықта өмір сүріп келген екі халықтың арасында бірін-бірі жамандайтын, бірін-бірі қаралайтын жеккөрініш тарап барады – бұл өте өкінішті жағдай. Сондықтан алдағы уақытта Баян-Өлгейге кім әкім болып, аймақты қалай басқаратынына көп нәрсе байланысты деп ойлаймын,- дейді Моңғолиядан көшіп келген саясаттанушы Асылбек Баяжұма
 

Ал Монголияда қазақтар қалай тұрып жатыр, өздерінен сұрап білдік.

Бұл – Нұргүл Сахипжамал. Ол Моңғолияның Баян-Өлгей аймағының тумасы. Ата-анасы мен жақындары әлі де сол жақта тұрады. Соңғы оқиға олардың отбасын алаңдатқан екен. Алайда Нұргүл ешқандай қысым көрмегенін айтты. 

Әркімге өз туған жері ыстық қой. Мен қазақ болсам да, Моңғолияда өсіп-өндім. Ол жақтың адамдары өте жайлы. Соңғы кездегі дау мені алаңдатқаны рас. Дегенмен, қазір бәрі жақсы. Бүгінде өңірдегі жер-су атауларын қазақ тілінде атауға тыйым салынды. Бірақ мұны орынды деп ойлаймын. Әр ел өз тілін басымдыққа қояды ғой. Моңғолияда мені қазақ болғаным үшін ешкім кемсіткен емес. Ата-анам да ол жақта еркін өмір сүріп жатыр", – дейді Нұргүл.

Моңғолия 20 ғасырдың басында цин империясынан тәуелсіздік алып, мемлекет болып құрылған. Осы кезде Баянөлке аумағы қазақтар тығыз орналасқандықтан бір тұтас әкімшілік бірлік болды. Олардың ана тілінде білім алуына, мәдениеті мен дәстүрін сақтауға жағдай жасалды. Бүгінде Баянөлке аумағында 100 мыңнан аса қазақ тұрады.

Толығырақ YouTube арнамыздан көріңіз.

 

Гүлнара Мәлік
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 16:15