Қазақстанда мобильді операторды ауыстыру тәртібі өзгереді
24 қарашадан бастап Қазақстанда мобильді операторды ауыстыру тәртібі өзгереді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің жаңа бұйрығына сәйкес, енді телефон нөмірін сақтап, басқа байланыс желісіне ауысқысы келетін абоненттердің өтінімін тексеру уақыты 35 минуттан 10 минутқа дейін қысқарады.
Дегенмен бұл өзгеріс нөмірді көшірудің жалпы мерзіміне әсер етпейді. Жеке тұлғалар үшін оператор ауыстыру уақыты бұрынғыдай 45 минутқа дейін созылады. Ал заңды тұлғаларға қатысты жалпы мерзім төрт жұмыс сағаты болып қала береді.
Жаңа нөмірді көшіру үшін 14 күн күту керек
Жаңа тәртіп бойынша SIM-картаны алғаш рет белсендірген абонент нөмірін басқа операторға бірден ауыстыра алмайды. Алғашқы белсендіруден кейін кемінде 14 күнтізбелік күн өтуі керек.
Мысалы, адам жаңа SIM-карта сатып алып, бірнеше күннен кейін басқа оператордың тарифі тиімді екенін немесе желі сапасы жақсы екенін байқаса, бұрынғы нөмірін сақтап ауысу үшін екі апта күтуіне тура келеді.
Бұл шектеу SIM-картаны пайдалануға немесе өз операторының ішінде тарифті өзгертуге қатысты емес. Тек нөмірді басқа байланыс желісіне көшіруге қолданылады.
Айта кетейік, бұған дейін ұсынылған түзетулер жобасында күту мерзімін 60 күнге дейін ұзарту қарастырылған. Алайда соңғы нұсқада бұл уақыт 14 күн болып бекітілді.
Ал бұрыннан қолданыстағы нөмірлер үшін операторды ауыстыруға қатысты 60 күндік шектеу сақталады. Яғни абонент нөмірін басқа операторға 60 күнде бір рет қана көшіре алады.
Қандай жағдайда өтінім қабылданбауы мүмкін?
Операторды ауыстыру үшін абонент жаңа байланыс компаниясына өтінім беруі керек. Бұл қызмет көрсету орталығында немесе оператор ұсынған жағдайда автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады.
Өтінім қаралған кезде нөмір иесінің жеке деректері тексеріледі. Қазақстан азаматтары үшін телефон нөмірі мен ЖСН, ал ЖСН-ы жоқ шетелдіктер үшін жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен жарамдылық мерзімі ескеріледі.
Егер нөмір басқа адамның атына тіркелсе, өтінімдегі мәліметтер келісімшарттағы деректермен сәйкес келмесе немесе міндетті талаптар орындалмаса, оператор ауыстырудан бас тартуы мүмкін.
Сондай-ақ алдыңғы ауысудан кейін 60 күн өтпей қайта өтінім беру, сол нөмірге қатысты басқа өтінімнің болуы және байланыс қызметтері бойынша белгілі бір берешектердің болуы да кедергі келтіруі ықтимал.
Өтінім қабылданбаған жағдайда абонентке бас тарту себебі хабарлануы тиіс. Кедергілер жойылғаннан кейін қайта өтініш беруге болады.
Нөмірді көшіру тегін жүзеге асырылады
Телефон нөмірін сақтап, басқа операторға ауысу қызметі бұрынғыдай тегін қалады. "Байланыс туралы" заңға сәйкес, компаниялар нөмірді көшірудің өзі үшін абоненттен ақы алмауы керек.
Сонымен қатар абонент оператор ауысатын күнді алдын ала белгілей алады. Бұл мерзімді ең көбі 30 күнтізбелік күнге кейінге шегеруге рұқсат етіледі. Егер таңдалған күн демалыс немесе мерекеге сәйкес келсе, рәсім келесі жұмыс күні орындалады.
Қате көшірілген нөмірді қайтару тәртібі нақтыланды
Жаңа бұйрық нөмір иесінің келісімінсіз басқа операторға көшірілген жағдайларды реттеуді де көздейді.
Мұндай кезде нөмірді қайтару туралы хабарлама алған оператор сұрауды 30 минут ішінде тексеруі тиіс. Бұдан кейін байланыс компаниялары қоңыраулардың дұрыс бағытталуын қалпына келтіріп, қажетті техникалық жұмыстарды аяқтайды.
Жаңа талаптар қарапайым SIM-карталарға да, eSIM нөмірлеріне де қолданылады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда енді мобильді операторлар тарифтерді аяқ астынан қымбаттата алмайтыны туралы жазған едік.
