Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Электр станцияларын жөндеуге 384 миллиард теңге бөлінген: Энергетика министрі Тоқаевқа есеп берді

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовті қабылдады. Тоқаевқа отын-энергетика кешенін дамытудың биылғы он айдағы негізгі нәтижелері, жылыту маусымы және алдағы кезеңге арналған жоспарлар туралы есеп берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президентке жылыту маусымы еліміздің барлық аймағында қалыпты өтіп жатқаны баяндалды.

“Электр станцияларын жөндеуге арналған қаржы 384 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды. Негізгі жабдық пен желілер жөнделді, жылу электр орталықтарының тозу деңгейі төмендеп, сондай-ақ қатерлі "қызыл аймақтағы" станциялардың саны беске дейін қысқарды. Электр энергиясын өндіру 10 айда 2,3%-ға артып, 102,4 миллиард кВт/сағатқа жетті”, – делінген хабарламада. 

Ерлан Ақкенженов мемлекет басшысына мұнай өңдеу көлемі 4,7%-ға өскенін және жанар-жағармайдың жалпы қоры 1,2 миллион тоннаға дейін көбейгенін айтты.

“Отандық битум өндірісі (1,1 миллион тонна) елдің ішкі сұранысын толықтай өтеді. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 12 миллион тоннаға дейін кеңейту және Атырау облысында жаңа мұнай химиясы кешенін салу жобалары қолға алынды. Жыл соңына дейін халықты газбен қамтамасыз ету деңгейі 64,5%-ға жетеді. Нәтижесінде 13,2 миллион азамат көгілдір отынның игілігін көрмек”, – делінген Ақорда хабарламасында. 

Қашағанда және Жаңаөзенде жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүріп жатқаны атап өтілді.

Қарашығанақтағы және Қашағандағы екінші газ өңдеу зауыттарының жобасы бойынша EPC-келісімшарттар жасалған.

“Мемлекет басшысының Жолдауда айқындаған міндеттерін орындау мақсатында министрлік энергияны көп тұтынатын деректерді өңдеу орталықтары мен жасанды интеллект қажеттіліктерін ескере отырып, еліміздің 2035 жылға дейінгі бірыңғай энергетикалық теңгерімін қайта қарауға кірісті. Ал геологиялық барлауды жандандыру үшін 112 кен учаскесі электронды аукционға шығарылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш”, – делінген хабарламада. 

Сонымен қатар президентке отын-энергетика кешені нысандарының цифрлық телнұсқаларын және 1,2 миллион тұтынушыға көмір жеткізу барысына мониторинг жасайтын бірыңғай платформаны енгізу жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу соңында Тоқаев халықты энергиямен және жылумен толық қамтамасыз ету, жанар-жағармай мен көмір нарықтарының тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстау, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдап, мәслихат сайлауына дайындықты талқылағаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 19:48