Алматыда төртінші қабаттан құлап кеткен әйелді дәрігерлер аман алып қалды
Алматыда төртінші қабаттан құлаған әйел ауруханаға ес-түссіз жеткізіліп, дәрігерлердің көмегімен аман қалды. Науқастың жамбас сүйектері бірнеше жерден сынып, кеуде тұсы қатты зақымданған. Дәрігерлер оған күрделі ота жасап, 18 күннен кейін ауруханадан шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген кезде әйелдің жағдайы өте ауыр болған. Тексеру кезінде оның екінші дәрежелі комаға түскені, көп қан жоғалтып, қан қысымы күрт төмендегені анықталған. Оның үстіне жамбас сүйектері бірнеше жерден сынып, кеуде тұсы ауыр жарақаттанған.
Мұндай жағдайда бірден ота жасау қауіпті болғандықтан, дәрігерлер алдымен әйелдің жағдайын тұрақтандырған. Қажетті ем-шаралар жүргізіп, өміріне төнген қауіп азайғаннан кейін ғана науқасты операцияға алған.
" Жағдайы жақсарғаннан кейін ота жасалды. Операция кезінде зақымданған жамбас сүйектері арнайы металл пластиналар мен бұрандалардың көмегімен бекітіліп, олардың тұрақтылығы қалпына келтірілді", – деп мәлімдеді аурухана.
Дәрігерлер отадан кейінгі екінші күннен бастап әйелді біртіндеп қозғалысқа келтіре бастаған. Қазір науқас мамандар рұқсатымен үйіне шықты. Алайда әйелдің төртінші қабаттан неге құлап кеткені туралы әзірге мәлімет жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда сегізінші қабаттан, шамамен 24 метр биіктіктен құлаған 13 жастағы баланы дәрігерлер аман алып қалған еді. Ауыр жарақат алған жасөспірімге төрт рет ота жасалып, бас миы мен ішкі ағзаларының зақымдануына, сүйектерінің сынуына байланысты ем жүргізілген. Кейін баланың жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды, енді ол желтоқсан айында оңалтудан өтеді.
Алматыдағы құны 1,5 миллиард теңгелік крематорийде жарты жылда небәрі 30 адам өртелген: Қызмет қанша тұрады