Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев пен Димаш Құдайберген әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді

Кітап
Фото: themuslim500.com

Иорданияда жыл сайын жарық көретін "Әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылман" кітабының 2027 жылға арналған жаңа басылымы жарияланды. Оған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген де енген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кітапта саясат, дін, ғылым, мәдениет, спорт және басқа да салаларда ықпалы бар 500 мұсылман тұлға туралы мәлімет берілген. Биылғы тізімге Қазақстаннан Қасым-Жомарт Тоқаев пен Димаш Құдайберген еніпті.

Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не жазылған?

Кітаптың 161-бетінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке тоқталған. Оның саясат саласындағы ықпалды тұлғалардың қатарында екені көрсетілген. Басылымда Тоқаевтың 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін Қазақстанның екінші президенті болғаны жазылған. Сондай-ақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елде жүргізілген саяси өзгерістерге де назар аударылған.

Кітап авторлары президенттің "Жаңа Қазақстан" бастамасын, 2022 жылғы конституциялық реформаны және сол жылы өткен кезектен тыс президент сайлауын ерекше атап өткен.

"2022 жылдың басында елде болған жаппай наразылықтар реформалар жүргізу қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Бұған жауап ретінде Тоқаев "Жаңа Қазақстан" бағдарламасын ұсынды. Сол жылдың маусымында өткен референдумда сайлаушылардың шамамен 77%-ы Конституцияға енгізілетін ауқымды өзгерістерді қолдады", – деп жазылған кітапта.

Басылымда бұл өзгерістер аясында президент өкілеттігіне шектеулер енгізіліп, парламенттің рөлі күшейтілгені айтылған. Бұдан бөлек, авторлар 2022 жылғы қарашада өткен президент сайлауына да тоқталып, онда Тоқаев 81,31% дауыс жинап, жеті жылдық бір мерзімге сайланған да атап өткен.

Димаш Құдайберген туралы не жазылған?

Ал Димаш Құдайберген кітаптың 213-бетінде өнер және мәдениет саласындағы ықпалды тұлғалардың қатарында аталған. Авторлар қазақстандық әншіні әлемге танылған орындаушы, ән авторы әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз ретінде сипаттаған. Әсіресе оның алты октаваға жететін ерекше дауыс мүмкіндігіне назар аударылған.

"Димаш Құдайберген – сирек кездесетін алты октавалық дауыс диапазонымен танылған әлемге әйгілі қазақстандық әнші, композитор және бірнеше аспапта ойнайтын музыкант. Шығыс Азияда қысқа уақыт ішінде кеңінен танылған ол Қытай, Ресей және Қазақстанда беделді музыкалық марапаттарға ие болды", – делінген басылымда.

Кітапта Димаштың YouTube арнасындағы бейнежазбалары жарты миллиардтан астам қаралым жинағаны да жазылыпты. Сондай-ақ туған қаласы Ақтөбеде әншіге арналған музей бар екені айтылған. Авторлар Димаштың өнердегі жетістіктерімен қатар қайырымдылық қызметіне де тоқталып өткен. Оның көші-қон мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының ізгі ниет елшісі екені айтылған.

Тhe Muslim 500 қандай кітап және оны кім шығарады?

The Muslim 500 – әлемдегі ықпалды мұсылман тұлғалар туралы жыл сайын жарық көретін халықаралық басылым. Алғашқы саны 2009 жылы шыққан. Биыл оның 18-басылымы жарияланды.

Кітапты Иордания астанасы Амманда орналасқан Корольдік исламдық стратегиялық зерттеулер орталығы  шығарады. Бұл – ислам әлеміне қатысты зерттеулер жүргізетін тәуелсіз ғылыми орталық.

2027 жылғы басылымның редакторы ретінде доктор Тарек әл-Гаухари, ал жауапты редакторы болып Афтаб Ахмед көрсетілген. Кітапты дайындауға зерттеушілер мен редакторлар тобы қатысқаны да жазылған.

Басылым өкілдерінің түсіндіруінше, тізім құрылғанда алдымен адамның мұсылман әлеміндегі ықпалы сараланады екен. Бұл ретте оның діни қызметі ғана емес, саясаттағы, экономикадағы, мәдениеттегі, ғылымдағы және қоғамдық өмірдегі орны да ескеріледі. Басылым жыл сайын бір ай бойы үміткерлер бойынша ұсыныстар қабылдайтыны да жазылған.

Еске салсақ, бұған дейін Димаш Құдайберген Мексиканың Монтеррей қаласында жанкүйерлері жасаған ерекше сыйлықты көрсеткен еді. Әншінің құрметіне қала көшелерінің бірінде оның бейнесі салынған үлкен сурет пайда болған.

Google Evil
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 17:09