Мақпал Жүнісова анасының 90 жасында ерекше тосынсый жасады
Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова 90 жасқа толған анасының мерейтойын атап өтті. Әнші мерекені не себепті дүркіретіп өткізбегенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі анасының мерейлі жасын ағайын-туысы мен жақындарының ортасында атап өтті.
Әншінің айтуынша, бастапқыда үлкен той ұйымдастыру жоспарланған. Алайда анасы балаларына артық шығындалмауды ескертіп, салтанатты шара өткізуге қарсы болған.
“Анамыздан қорыққаннан бәрін қалдырдық бір ай қалғанда”, – деді Мақпал Жүнісова.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалардан мерейтойдың қарапайым әрі көңілді өткенін байқауға болады. Дастар[ан басына отбасы мүшелері мен туған-туыстары жиналған. Ал мерейтой иесінің немере-жиендері ән айтып, өнер көрсетіп, әжелеріне ерекше тарту жасаған.

Желіде тараған тағы бір видеода әншінің бауыры анасының жанында билеп, еркелеп жүргені көрінеді. Оның бұл әрекеті дастарқан басындағы жақындарын күлкіге қарық қылған.
Мақпал Жүнісова Instagram парақшасында анасына жүрекжарды тілегін арнап, оның орталарына аман-есен жүргеніне шүкіршілік етті.
“15 қараша – біздің анамыздың туған күні. Арамызда болғаныңызға Аллаға мың шүкірлер! Ғасыр тойыңызды көрсек, арман жоқ. Алла қолдасын, анашым!” – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары да өнер иесінің анасына ұзақ ғұмыр тілеп, ақжарма құттықтауларын жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Мақпал Жүнісова 55 миллион теңге жұмсаған жөндеу жұмысына наразыболып, "Жесір әйел деп басынғаны ма?" деп ашынғаны хабарланған еді. Әнші жариялаған видеодан үйдің кей бөліктеріндегі сылақ пен қаптаманың бүлініп, құрылыс жұмыстарының іздері сыр бере бастағанын көруге болады. Өнер иесі құрылыс бригадасының жетекшісін танитынын, алайда мәселені сот арқылы шешуге уақыт жұмсағысы келмейтінін айтты. Сондықтан болған жағдайды көпшілікке көрсетуді жөн көрген.