Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші курс студенті қаза тапты

Каз НУ
Фото: gov.kz

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пайдалану факультетінде оқыған бірінші курс студенті қайтыс болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Университеттің баспасөз қызметі марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатқанын мәлімдеді.

"Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің мезгілсіз қазасына байланысты ата-анасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады. Қазір құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Университет жағдайдың жан-жақты әрі әділ қаралуына барынша қолдау көрсетеді", – делінген оқу орнының хабарламасында.

Университет басшылығы мен ұжымы марқұмның отбасына көмек көрсетіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ оқу орны көпшілікті қара жамылған отбасының қайғысына құрметпен қарап, ресми расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.

 

Ал Алматы қалалық полиция департаменті студенттің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Аталған дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталды", – деп мәлімдеді полиция департаменті.

Әзірге студенттің қандай жағдайда қаза тапқаны белгісіз. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқитын бірінші курс студентінің қаза тапқаны хабарланған еді. Алматы қалалық полиция департаменті қыздың өліміне қатысты тергеу басталғанын растады. Алайда оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайтынын мәлімдеді.

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 13:06