Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай ережелері енгізілмек

Риэлтор
Фото: Pexels

Қазақстанда риелторлардың жұмысын реттейтін бірыңғай ережелер әзірленіп жатыр. Жаңа құжатта келісімшарт жасасу талаптары, қызмет құны және комиссиялық сыйақы мөлшері нақты белгіленбек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, министрлік Құрылтай депутаттарымен және кәсіби қауымдастық өкілдерімен бірлесіп риелторлық қызметті реттеу шараларын пысықтауда. Басты мақсат — көрсетілетін қызмет сапасын арттыру, азаматтардың құқығын қорғау және нарықты ашық ету.

Келісімшартта не көрсетілуі тиіс?

Ұсынылып отырған басты бастамалардың бірі — риелторлық қызмет көрсетудің бірыңғай тәртібін бекіту. Енді мамандар мен клиенттер арасындағы келісімшарт мазмұнына ерекше назар аударылады. Құжатта мынадай талаптар нақты жазылуы міндеттеледі:

  • Көрсетілетін қызметтердің тізімі мен нақты құны;

  • Комиссиялық сыйақының мөлшері мен оны төлеу тәртібі;

  • Тараптардың құқықтары мен міндеттері.

Қызметіне жүгінбеген азаматтардан комиссия алуға тыйым салынады

Жаңа ереже аясында риелтордың көмегіне жүгінбеген азаматтардан ақы немесе комиссия талап етуге тыйым салу ұсынылып отыр. Сонымен қатар маман клиентке кімнің мүддесін қорғайтынын (сатушының не сатып алушының) және нақты қандай қызмет үшін ақы алынатынын алдын ала хабарлауға тиіс.

Кәсіби стандарт және біліктілік талаптары

Бұдан бөлек, риелторларға қойылатын біліктілік талаптарын күшейту мәселесі қарастырылуда:

  • Ұлттық және кәсіби стандарт: Қызмет сапасына, кәсіби әдепке және мәмілелерді сүйемелдеуге қатысты талаптар ұлттық стандарт негізінде бекітіледі. Параллель түрде маманның білімі мен дағдысын айқындайтын кәсіби стандарт әзірленіп жатыр.

  • Реттелетін кәсіптер тізімі: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, риелторлық қызметті реттелетін кәсіптер санатына жатқызу мүмкіндігі қаралуда. Бұл мамандарды даярлау талаптарын белгілеуге және олардың біліктілігін растау рәсімін енгізуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде клиенттер риелтордың кәсіби деңгейі туралы ақпаратты алдын ала біле алады.

  • Өзін-өзі реттеу жүйесі: Кәсіби бірлестіктер өз мүшелеріне ортақ талап қойып, әдеп нормаларының сақталуын бақылайды, тұтынушылардың шағымын қарап, ереже бұзған мамандарға шара қолдана алады.

Сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігі депутаттармен бірлесіп, қызметті күштеп таңуға, әділетсіз келісімшарт талаптарына және негізсіз комиссия өндіруге тосқауыл қоятын қосымша заңнамалық тетіктерді талқылап жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін үйін жалға беретін қазақстандықтар салықты қалай төлейтіні туралы жазған едік.

Айнура Дарибаева
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 11:46