Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ҚТЖ басшылығы ұсталған тұста компания 9,4 миллиард теңгеге костюм сатып алмақ

ҚТЖ басшылары ұсталған
Фото: ҚТЖ

Ұлттық компания жалпы құны 9,4 миллиард теңгеге жуық костюм сатып алуға тендер жариялаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бірыңғай сатып алу платформасында жарияланған мәліметке сәйкес, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы костюм сатып алуға 9 384 208 816 теңге қарастырған.

Сатып алу ашық тендер арқылы жүргізілген. Тендерге қатысуға өтінімдер 2-13 қараша аралығында қабылданған.

Алайда сатып алынатын киімдердің нақты саны, бір костюмнің бағасы және олардың қандай қызметкерлерге арналғаны туралы мәлімет әзірге нақтыланған жоқ. Сондай-ақ сатып алу қорытындысы туралы ақпарат жарияланбады.

Айта кетейік, бұған дейін Астанадағы "Атлант" тұрғын үй кешенінің жоғарғы қабатынан ақша толы шабадандар лақтырылғаны туралы ақпарат тараған еді. Артынша "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны белгілі болды.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті олардың сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталғанын ресми түрде растады. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

13 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында осы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуы мемлекеттік компаниялар жүйесіндегі жемқорлық мәселесінің ауқымды екенін көрсететінін айтты.
 

Қарлығаш Асқарова
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 10:09