Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Екібастұз маңынан Қызыл кітапқа енген жаралы бүркіт табылды

Бүркіт жаралы орманшылар
Фото: Видеодан скрин

Павлодар облысында орманшылар жаралы дала қыранын құтқарды. Қызыл кітапқа енген құсты Екібастұз қаласынан Майқайың кентіне қарай 20 шақырым жерде байқаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құсты құтқару сәті видеоға түсіп қалған.

Жаралы құс туралы Екібастұз қаласының тұрғыны хабарлаған. Оқиға орнына Павлодар орманшылығының қызметкерлері барып, олар құсты ұстап, тасымалдау үшін уақытша торға орналастырған. Енді бүркітті ветеринарлар тексеруі керек.

Павлодар облысының орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, орманшылар құсты матамен жауып ұстап алған.

"Бүркітті матамен жауып ұстадық. Ветеринар дәрігерлер тексергеннен кейін оны уақытша Павлодарское ауылына орналастырамыз", – деді Аждар Жүсіпов.

Құстың нақты неден жарақат алғаны және жарақатының қаншалықты ауыр екені әзірге белгісіз.

Дала қыраны туралы не белеміз?

Дала қыраны – қанатының құлашы екі метрден асатын ірі жыртқыш құс. Ол Қазақстанның далалы, шөлейт және шөлді аймақтарында, соның ішінде Павлодар облысында да кездеседі. Негізгі қорегі – саршұнақтар мен басқа да ұсақ кеміргіштер.

Бұл құстар жыл құстарына жатады. Күзде Африка мен Оңтүстік Азияға қыстауға ұшып кетіп, көктемде Қазақстанға қайта оралады.

Бұған дейін Қарағандыда құсбегілік федерациясының мүшесі Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құсты заңсыз асырағаны туралы жазған едік. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері "Құсбегілік" федерациясы мен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған. Соған қарамастан Қарағандыдағы үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.

“Аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбына арналған Instagram парақшасы арқылы ол табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек жыртқыш құстарды жеткізіп беретін адамдармен байланыс орнатқан. Тінту барысында оның тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс анықталып, тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Аталған құстар Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатады”, – делінген хабарламада.

Күдікті қамауға алынды. Қазір ер адамды сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Қараша, 2026 08:35