Ақтөбе облысында тағы бір тасжол ақылы болды: Жол жүру құны қанша
Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар Ақтөбе – Қандыағаш тасжолының 89 шақырымдық бөлігі ақылы жүйеге қосылды. Жаңа тәртіп 15 қарашадан бастап күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"ҚазАвтоЖолдың" мәліметінше, аталған учаске қолданыстағы Қандыағаш – Мақат ақылы тасжолының құрамына енгізілді. Осылайша жолдың жалпы ұзындығы 469,5 шақырымға жетті.
Жолдың 11-шақырымынан 87,2-шақырымына дейінгі аралықта барлық көлік түрі үшін ақы алынады. Ал тасжолдың қалған бөлігінде тек автобустар мен жүк көліктері ғана жол жүру ақысын төлейді. Жеңіл көліктер үшін бұл учаскелерде жол жүру тегін.
Жеңіл автокөлікпен ақылы бағыттың өзіне арналған бөлігін бір бағытта жүріп өту құны алдын ала төлем жасағанда шамамен 240 теңге, ал сапардан кейін төлегенде 276 теңге болады.
Тасжол бойында көліктердің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде анықтап, жол ақысын есептейтін 10 бақылау аркасы орнатылған.
Ақылы учаскеге жақын орналасқан елді мекендер мен аудандарда тіркелген көлік иелеріне жеңілдік қарастырылған. Жеңіл автокөліктерге арналған жылдық абонемент құны – 1 АЕК, яғни 4 325 теңге. Автобустар мен жүк көліктеріне көлік санатына қарай айлық және жылдық абонементтер ұсынылады.
"ҚазАвтоЖол" жүргізушілерге жолға шықпас бұрын көлік балансын тексеріп, мүмкіндігінше жол ақысын алдын ала төлеуге кеңес берді. Балансты компанияның сайты, банк қосымшалары және басқа да ресми төлем сервистері арқылы толықтыруға болады.
Еске салайық, Қазақстанда 2027-2029 жылдары ақылы жолдармен жүру тарифтері кезең-кезеңімен көтерілуі мүмкін екенін жазған едік.
Көлік министрлігі 2027-2029 жылдарға арналған ақылы автомобиль жолдарымен жүру тарифтерін кезең-кезеңімен өзектендіру жоспарын бекітті. Құжатқа сәйкес, тарифтер жыл сайын көлік құралдарының санаты мен класына қарай сараланып өзгертіледі.
Атап айтқанда, жеңіл көліктер мен салмағы 10 тоннаға дейінгі жүк көліктерін қамтитын 2-5-кластағы көлік құралдары үшін тарифтерді 30%-ға дейін арттыру көзделген. Ал салмағы 10 тоннадан асатын жүк көліктерін қамтитын 6-7-кластағы көліктер үшін жол ақысы 50%-ға дейін көтерілуі мүмкін.
Аспаннан ақша шашылса немесе көшеден ақша тауып алсаңыз, оны бірден иемденуге бола ма
