Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тергеуге көмектесуге дайынбыз": Қазақстан темір жолы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді

ҚТЖ басшыларының ұсталуына орай пікір
Фото: Самұрық қазына ресми сайтынан

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Елжас Отыншиев пен "Самұрық-Қазына" қорының басшысы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты пікір білдірді. Компания құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге және тергеуге қажетті ақпаратты ұсынуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ҚТЖ Telegram-арнасында хабарлағандай, компания 12 қарашада екі ұлттық компания басшысының сотқа дейінгі тергеу аясында ұсталғаны туралы жарияланған ақпаратты назарға алған.

"ҚТЖ" ҰК" АҚ Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді, сондай-ақ сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынады", – делінген хабарламада.

Сонымен қатар компания өкілдері бұған дейін көпшілікке жарияланған мәліметтерден басқа, істің мән-жайы туралы қосымша ақпараттары жоқ екенін атап өтті.

Қазақстан Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабында көзделген шектеулерге байланысты сотқа дейінгі тергеу деректерін жариялауға болмайды. Сондықтан компания бұл кезеңде қосымша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді.

ҚТЖ ұлттық компаниясы мен оның тобына кіретін кәсіпорындар әдеттегі жұмыс режимінде қызметін жалғастырып жатқанын да мәлімдеді. Сондай-ақ инвесторлар, кредиторлар, халықаралық қаржы институттары мен іскер серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер бұрынғыдай күшінде екенін және қолданыстағы келісімдерге сәйкес орындалып жатқанын хабарлады.

Еске салсақ, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Самұрық-Қазына" басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповты, "Қазақстан темір жолы" басшысы Елжас Отаншиевті және басқа да тұлғаларды ұстағанын растады. ҰҚК мәліметінше, олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. 

Тоқаев "Самұрық-Қазына" мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдіріп, жағдайды "ауқымды жемқорлықтың белгісі" деп атады.

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 16:24