Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"60 миллион теңгеден астам ақша жинаған": Алматыда шетелде жүріп, Telegram арқылы уағыз жүргізген ер адам ұсталды

Шетелде жүріп, Telegram арқылы уағыз жүргізген
Фото: polisia.kz

Алматыда шетелде жүріп, жабық Telegram-топтар арқылы діни экстремизмді насихаттады деген күдікке ілінген 44 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу мәліметінше, ол ізбасарларынан 60 миллион теңгеден астам ақша алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құқық қорғау органдары күдіктінің әрекетін біраз уақыт бақылап, оның интернет арқылы не істеп жүргенін анықтаған. Тергеу мәліметінше, ер адам 2024 жылдан бері шетелде тұрып, Қазақстандағы жақтастарымен байланысын үзбеген. Ол жабық Telegram-топтар ашып, сол жерде онлайн дәрістер өткізген.

Күдіктінің діни тақырыптағы аудиодәрістері бұған дейін сотта қаралған. Сот олардың кейбірін терроризмді насихаттау және діни араздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материалдар деп таныған.

Тергеу дерегіне сүйенсек, ер адам шетелдегі діни оқу орындарында білім алған. Ол өзіне сенетін адамдардың ықпалын пайдаланып, 2024–2025 жылдары ізбасарларынан 60 миллион теңгеден астам ақша жинаған.

11 қарашада ер адам Алматыда ұсталды. Осы іске байланысты Алматы мен Жамбыл облысында да тергеу шаралары жүргізілді.

Полиция күдіктінің үйі мен өзге де орындарды тінту кезінде діни кітаптар мен қолжазбаларды тәркіледі. Олардың арасында экстремистік идеология белгілері бар материалдар болған. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр.

Ішкі істер министрлігі күдіктінің әрекетіне қатысы болуы мүмкін басқа адамдарды да анықтап жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін бейтаныс адамдар әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарды қалай арбайтынын хабарлаған едік. Хат алмасуда қыз жігітке алдымен үйленуді ұсынып, кейін Сирияға бару және ондағы "бауырларға көмектесу" туралы жазған. 

Гүлсезім Мұхатай
Сенбі, 14 Қараша, 2026 11:21