"Алдымен үйленейік, кейін Сирияға барайық": Бейтаныс адамдар әлеуметтік желі арқылы қазақстандықтарды қалай арбайды
Әлеуметтік желі арқылы бейтаныс жандардың азаматтарды Сирияға үгіттеп, діни және эмоционалды сезімдерді өз мүддесіне пайдалану дерегі жиілеп кетті. Хат алмасуда қыз жігітке алдымен үйленуді ұсынып, кейін Сирияға бару және ондағы "бауырларға көмектесу" туралы жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жазба астындағы пікірлерден суреттегі қыздың да басқа біреу екені белгілі болды. Басқа желі қолданушысы ол суретті одан ұрлап алғанын жазды. Демек, мұндай хат алмасудың артында романтикалық кеш емес, керісінше, үлкен азап жатқаны анық. Тіпті желі қолданушысының әйел емес, ер адаммен сөйлесіп отырған болуы да әбден мүмкін.
Хаттағы осындай сөздер желідегі таныстық адамдарды белгілі бір идеологияға тартудың әдісі болуы мүмкін деген күдік тудырады. Мұндай әрекеттердің діни тұрғыдан негізі бар ма, интернет арқылы экстремизм қандай тәсілдермен жүргізілуі мүмкін. Бұл туралы редакциямызға теолог Алмаз Айбарұлы жауап берді. Оның сөзінше, экстремистер қиын жағдайда тұрған адамдарға жылы сөйлеп, көмектесіп, сеніміне кіреді. Соларға тап болатындар көбіне дінді енді ұстанып жүрген адамдар.
"Сирияға шақырып жатса, адам өзіне: “Мен не үшін бара жатырмын?” деген сұрақ қоюы керек. Бізде “Жусан” операциясы бар. Ол жерде басқа ағымға еріп, Сирияға барып келген әйелдермен жұмыс істейтін мамандар бар. Олардан “Не үшін бардыңыз?” деп сұрасаң, көбі неге кеткенін білмейді", – деп жауап берді Алмаз Айбарұлы.
Сондай-ақ теолог Сирияға кеткен қазақстандықтардың қалай өмір сүретінін, ол жаққа барған ер адамдар мен әйел адамдардың күн көрісі қалай өзгеретінін де түсіндірді.

"Ол жақта адамдар бір орында тұрақтамайды, үнемі көшіп-қонып жүреді, әрі азық-түлік тапшы. Өздеріңіз білесіздер, ол – соғыс аймағы. Сол қақтығыста күйеуі мерт болған әйелдерді басқа ұлт өкіліне немесе жергілікті содырларға тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді. Ол жақта бұл мәселеде қысым өте күшті. Ал ата-анасы екеуі де қаза тауып, елге оралған балалардың жағдайына келсек, олардың көбінде психикалық ауытқу байқалады”, – деді теолог Алмаз Айбарұлы.
Сондай-ақ Қазақстанның белгілі бір өңірлерінде ғана діни экстремистер көп деп дөп басып айта алмайтынын мәлімдеді.
“2000 жылдардың басында көптеген діни ұйымдарға тыйым салынған. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 2026 жылғы көктем айларындағы мәліметінде, Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе облыстарында экстремистік ұйымдарды құрықтағаны туралы мәлімдеді”, – деді маман.
Сөз соңында теолог Алмаз Айбарұлы экстремистер адамдарды өздерінің қатарына қалай қосып алатынын тілге тиек етті. Сөзінше, оларды бір көргеннен бірден байқай бермейсің.
"Мысалы, бір адам қиын жағдайға тап болды делік. Экстремистер сондай кезде келіп, көмектесуге дайын екенін айтады. Бұл жерде олар адамның тек діни қажеттілігін ғана емес, эмоционалдық әлсіздігін де өз мүддесіне пайдаланады. Екіншіден, олар жабық жиындар ұйымдастырады. Мысалы, адам діни білім алғысы келеді. Бастапқыда онда Құран оқылып, жылы сөздер айтылады. Оны көрген адам бәрі дұрыс деп ойлайды ғой. Бірақ уақыт өте келе келесі сатыға көшеді де: “Тек біз ғана дінді дұрыс түсінеміз” деген идеяны сіңіре бастайды. Намаз оқымайтындарды кәпір санап, адамды ата-анасынан, дос-жарандарынан қол үзуге мәжбүрлейді. Үшінші әдіс – адамның сеніміне тікелей жол табу. Яғни, үйіне азық-түлік тасып, қарызын төлеп береді. Ұйымға белсенді мүше болсаң, көлік немесе үй әпереміз деп уәде беруі мүмкін. Ал төртіншісі – адамның діни сауатсыздығын ашық пайдалану", – деп жауап берді теолог Алмаз Айбарұлы.
Теологтың айтуынша, өмірде қиындыққа тап болған адамдар мәселенің шешімін іздеп интернеттегі бейтаныс біреулерге жүгінбей, кәсіби психологтарға, мешіт имамдарына немесе білікті теологтарға барып ақыл-кеңес алғаны дұрыс.

