Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Пасханы да, Ораза айтты да тойлаймыз": Екі түрлі дінді ұстанатын отбасы діни сыйластық туралы айтты

Мадина Андрей
Фото: Жеке архиві

Қазақстан – түрлі дін өкілдері өзара сыйластық пен түсіністік жағдайында өмір сүріп келе жатқан ел. Елдегі конфессияаралық келісім мен діни татулық қоғам тұрақтылығының маңызды негіздерінің бірі. Әртүрлі дінді ұстанатын адамдардың бір-бірінің сенімі мен дәстүріне құрметпен қарауы осы құндылықтардың күнделікті өмірдегі нақты көрінісі. Соның бір мысалы Мадина мен Андрейдің отбасы. Бала кезінен бірге өскен жұп бүгінде екі түрлі дінді ұстанса да, бір шаңырақта тату-тәтті өмір сүріп келеді. Мадина мен Андрейдің отбасында Пасха да, Ораза айт та бірге аталып өтеді. Екі түрлі дінді ұстанатын ерлі-зайыптылардың ортақ өмірінде сенім мен дәстүрлер қалай тоғысатынын Stan.kz тілшісі Мадинаның өзінен сұрап білді.

27 жастағы Мадина мен оның жұбайы 28 жастағы Андрей бір-бірімен бала кезден таныс болған. 12 жылдық қарым-қатынастан соң шаңырақ құрған. 

“Біз шамамен 10 жасымыздан бастап таныспыз. Балалық шағымыз бірге өтті. Біз бірге қуаласпақ және жасырынбақ ойнайтынбыз, мектептегі дискотекаларға баратынбыз. Андрей маған кішкентай аю ойыншықтар мен шоколадтар сыйлайтын. Біз бірге өстік және іс жүзінде үнемі бірге жүрдік. Кейін есейіп, мектепті бітірдік, жоғары оқу орнына түстім, Андрей әскерге де барып келді. Содан кейін шаңырақ көтеруді шештік. Мен қазақпын, мұсылманмын, ал жолдасым – орыс, христиан дінін ұстанады. Анамның алғашында бұған аса қуана қоймағаны есімде. Бірақ Андреймен жақынырақ танысқаннан кейін оны жақсы көріп кетті. Ал жолдасымның ата-анасы біздің қарым-қатынасымызға қарсы болмады”, – деп Мадина қарым-қатынастарының қалай басталғанын баяндады. 

Мадина осы тұста жұбайы екеуі бір-бірінің мәдениетін, дінін, салт-дәстүрін құрметтейтінін алға тартты. Бүгінде екі жасар қызын екі мәдениетпен де таныстырып тәрбиелеп отыр.

Мадина Андрей
Фото: Жеке архиві
“Біз түрлі мерекелерді атап өтеміз. Пасханы да, Ораза айт мерекесін де, сондай-ақ отбасымыз үшін маңызды басқа да күндерді атап өтеміз. Біз үшін бұл соншалықты діни мәселе емес. Керісінше бұл дәстүрлерді сақтау, бірге уақыт өткізу және балаға екі жақтың да мәдениетін жеткізу мүмкіндігі. Бәлкім, бұл Қазақстанның көпұлтты ел екендігімен байланысты шығар. Біз бала кезімізден түрлі ұлт өкілдерінің арасында өсіп, араластық, бірге оқыдық және әртүрлі дәстүрлермен таныстық. Ұлттарымыз әртүрлі болғанымен көзқарасымыз, жақындарға қамқорлық жасау, қонақжайлық және отбасылық құндылықтарымыздың бәрі ортақ”, – деп Мадина отбасындағы түрлі мәдениеттердің қалай тоғысқанын айтып берді. 

Мадина сонымен қатар отбасы ішінде дінге қатысты өзара түсіністік пен құрметтің маңызды екенін айтып, екі жақтың ата-аналарының да бір-бірінің әдет-ғұрыптарына сыйластықпен қарайтынын тілге тиек етті.

“Біз Андрей екеуміз ешқашан бір-бірімізге өз көзқарасымызды таңған емеспіз. Әрқайсымыз өз дінімізді ұстанамыз, сонымен қатар бір-біріміздің дініміз бен дәстүрлерімізді құрметтейміз. Меніңше, отбасындағы татулықтың негізі деосы – өзара сыйластық пен түсіністік. Бұл ұстаным ата-аналарымыздың қарым-қатынасынан да байқалады. Екі жақ та бір-бірінің салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына құрметпен қарайды. Біз үшін ең маңыздысы да осы. Сонымен қатар Андрей қазақ тіліне және біздің мәдениетімізге өте жақсы қарайды. Ал біздің отбасымыздың негізі – ең алдымен сенім, құрмет, махаббат және адалдық”, – деп Мадина отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластықтың маңызын атап өтті.

 

Мадина мен Андрейдің отбасы бүгінде өмірлерін желіде белсенді бөлісіп, көпшілікке үйлесімді, өзара сыйластыққа негізделген отбасының жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – зайырлылық қағидаттарын сақтау және діни татулықты нығайту. Мемлекет әр азаматтың діни сенім бостандығын қорғайды және түрлі дін өкілдерінің өзара құрмет пен келісім жағдайында өмір сүруіне мүмкіндік береді. Бұл ұстаным "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңда да бекітілген. Заңда конфессиялар арасындағы бейбітшілік пен келісімді сақтау, сондай-ақ діни толеранттылықты қалыптастыру маңызды міндеттердің бірі ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар мемлекет дінді теріс мақсатта пайдаланудың алдын алуға, діни радикализм мен экстремизмге қарсы тұруға және халықтың діни сауатын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізеді. 2025 жылы бекітілген Қазақстанның ішкі саясатының негізгі қағидаттарында да конфессияаралық келісім мен дінаралық толеранттылықты нығайту маңызды бағыттардың бірі ретінде көрсетілген. Сондай-ақ азаматтарды қандай да бір діни нанымды ұстануға мәжбүрлеуге жол бермеу және цифрлық кеңістіктегі деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы тұру міндеттері белгіленген.

Жалпы, Қазақстанның дін саласындағы саясаты бір дінді өзгелерден жоғары қоюға емес, зайырлы мемлекет қағидаттарын сақтауға негізделеді. Сонымен бірге азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарау, түрлі конфессия өкілдері арасындағы татулық пен өзара түсіністікті сақтау басты назарда.

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 10:00