Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оған енді сенбеймін": Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың Астанадағы концертке қатыспайтынын айтты

Баян Алагөзова мен Мөлдір Әуелбекова
Фото: Видеодан скриншот

Продюсер Баян Алагөзова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында КешYou-дың Астанадағы концертіне Мөлдір Әуелбекованы шақырмағанын ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алагөзованың сөзінше, Мөлдір Әуелбекова концертке нақты қатыспайды. Ал Балжан Бидаштың сахнаға шығатын-шықпайтыны әзірге белгісіз.

“Мөлдір Әуелбекова концертте болмайды. Оны анық айта аламын. Ал Балжан Бидаш туралы әзірге ештеңе айтпаймын. Бірақ тосынсыйлар болады”, – деді продюсер.

Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбекованың бұған дейін өзінен кешірім сұрағанын да еске алды. Сол кезде екеуі арадағы ренішті ұмытуға келіскен.

“Бір өзенге екі рет түспейді деп ойлаймын. Мөлдір бір рет келіп, менен кешірім сұрады. Мен “Жарайды, бәрін ұмытайық” дедім. Бірақ екінші рет мұндай қарым-қатынасқа өзім барғым келмейді. Маған енді оның қажеті жоқ. Себебі мен оған сенбеймін. Ол – сену қиын адам”, – деді Алагөзова.

“КешYOU тарихының бір бөлігі болғандардың бәрін шақырыңдар дедім

Продюсер “КешYOU” тобына қатысты деректі жоба түсіргенде бұрынғы қатысушылардың ешқайсысын әдейі шеттетпегенін айтады.

“Мынаны шақырмаңдар, ананы шақырыңдар” дегенім жоқ. Керісінше, осы тарихтың бір бөлігі болғандардың бәрін шақырыңдар дедім. Тек қыздар бір-бірімен кездеспесін және болған жағдайды бүкпесіз айтсын деген талабым болды”, – деді ол.

Оның айтуынша, деректі фильмдер сериясын түсіру концерт алдындағы арнайы стратегияның бір бөлігі болған.

“20 жылда айтар дүние жиналды. Бұл концерт алдындағы стратегиялық қадам еді. Нәтижесінде өте жақсы жұмыс істеді, билеттер толық сатылды”, – деді продюсер.

Баян Алагөзова кезінде бірге жұмыс істеп, кейін арасы алыстаған әріптестері туралы да ойын айтты. Оның сөзінше, уақыт өте келе әркім өз жолымен кетуі – қалыпты құбылыс.

“Бір кезде бірге болдық, кейін жолымыз бөлінді. Дос болдық, кейін араласпай кеттік. Әркім кәсіби тұрғыда өсті. Кейде адамдар бір-бірінен өсіп кетеді. Біз ешқашан ел алдында дауласып, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін дәлелдеуге тырысқан жоқпыз. Тыныш қана екі жаққа кеттік. Қазір өткеннен ешкімді қайтарғым келмейді”, – деді Баян Алагөзова.

Мән-жайы

Еске салайық, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдегені хабарланған еді. Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт өзісіз де жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді.

“Кешьюдың концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.

Ал Баян Алагөзова оның бұл шешімін сатқындық деп бағалады. Продюсер ашуын жасыра алмай, Мөлдір Әуелбекованың бұл қылығына мүлде таңғалмағанын айтты.

“Мөлдір Әуелбековадан мен дәл осыны 100 пайыз күттім. Ол мені жолдың ортасында тастап кетті. Ол кезде мен барлық процесті бастап қойған едім. Кемінде 200 мың доллар жұмсап қойған едік”, – деді продюсер.

Баян Алагөзованы ең қатты Мөлдір Әуелбекованың концерт процесі жүріп жатқан кезде біржақты шешім қабылдап, алдын ала жеке хабарлама жазбай, көпшілік алдында концертке қатыспайтынын жариялағаны ренжіткен.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 07 Қыркүйек, 2026 09:48