Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін": Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың концертіне қатыспайтынын мәлімдеді

Мөлдір ӘуелбековаФото: instagram.com/moldir.auyelbekova

Танымал әнші Мөлдір Әуелбекова КешYou-дың мерейтойлық концертіне қатысудан бас тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесі бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, концерт өзісіз де жоғары деңгейде өтеді. Ол, осылайша, өнер жолындағы үлкен бір тараудың бетін жабатынын жеткізді. 

“Кешьюдің концертіне қатыспау туралы шешім қабылдадым. Менсіз-ақ, алтын құраммен керемет кеш өтетініне сенімдімін. Осылайша, өнер жолымдағы үлкен бір кезеңнің бетін өзім үшін жабамын”, – деп жазды ол.

Биыл әншінің өнер жолына түскеніне 22 жыл толады. Ол осы уақыт аралығында тек сахнада емес, түрлі салада қызмет атқарғанын алға тартты. 

“Дегенмен, осы 22 жыл ішінде мен Мөлдір Әуелбекова деген атты қалыптастырып, түрлі кезеңдерден өттім: сахнада да, әртүрлі лауазымдарда да қызмет атқарып, бизнеспен айналысып, кей сәттерде өнерден алыстап, кейін қайта оралуға да үлгердім”, – деп жазды ол.

Мөлдір Әуелбекова өз есімінің қалыптасуына үлес қосқан барша жанға алғыс айтты.

“Менің өнер жолымның қалыптасуына үлес қосқан барша ұжымдарға, әріптестерге, жанымнан табылған адамдарға және ең әуелі өзімнің адал көрерменіме, халқымa алғысым шексіз”, – деп жазды ол.

Әнші биыл жеке ән кешін ұйымдастыру туралы жоспарын бөлісті.

“Биыл өнерде жүргеніме 22 жыл, бұл аз да көп те емес, сол үшін бір есеп беру концертін беру менің міндетім. Сол үшін де концертімде жолыққанша менің тыңдарманым. Қисынсыз шоу емес, талғам мен сапаға құрылған өнер кешінде кездесейік”, – деп жазды өнер иесі. 

Айта кетейік, бұған дейін Мөлдір Әуелбекова 10 жылдан кейін бұрынғы күйеуін кешіргені хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 20 Сәуір, 2026 15:40