Nvidia компаниясының бұрынғы басшысы АҚШ Сенатында жауап беруге келісті
Nvidia компаниясының бұрынғы бас директоры Дженсен Хуанг АҚШ Сенатының банк комитетінде жауап беруге келісті. Оған кәсіпкер Элис Хуангпен қарым-қатынасы туралы сұрақтар қойылмақ. Кәсіпкер әйел Қытайдың арнайы қызметтерімен байланысы болуы мүмкін деген күдікке ілінген. Сонымен қатар Сенатта америкалық чиптердің Қытайға заңсыз жеткізілуіне қатысты мәселе де қаралады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Investing басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Конгрестегі тергеуге Дженсен Хуангтың Элис Хуангпен жеке қарым-қатынасы себеп болған. Ол бұған дейін Сингапурдағы Megaspeed компаниясында басшылық қызмет атқарған. Қазір АҚШ Сауда министрлігі мен Сингапур билігі бұл компанияның санкцияға іліккен Nvidia чиптерін Қытайға заңсыз жеткізуге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Америкалық заң шығарушылар кәсіпкердің Қытайдың арнайы қызметтерімен байланысы болуы мүмкін екенін де зерттеп жатыр. Олар мұндай қарым-қатынас АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірген-төндірмегенін анықтамақ. Ал Megaspeed компаниясы өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып отыр.
Дженсен Хуанг Сенаттағы ашық тыңдауға қатысуға келіскен. Алайда оның нақты күні әзірге белгіленбеген. Бұдан бөлек, ол 1 желтоқсанда АҚШ Өкілдер палатасының үш комитетіне жабық есік жағдайында жауап береді. Ал 2 желтоқсанда заң шығарушылар Nvidia компаниясының бас заңгері Тим Тетерді тыңдамақ.
Дженсен Хуанг төңірегіндегі жанжал қалай басталды?
Еске салайық, қазан айының соңында 63 жастағы Дженсен Хуангтың кәсіпкер Элис Хуангпен жақын қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тараған еді. Америкалық арнайы қызметтер кәсіпкер әйелдің Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Осы ақпараттан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тексеру бастаған. Ал 8 қарашада Дженсен Хуанг қызметкерлеріне хат жолдап, жұбайына опасыздық жасағанын мойындап, кешірім сұраған. Алайда ол хатында кәсіпкер әйелдің есімін атамаған.
Кейін БАҚ-та Хуангтың Nvidia компаниясының денсаулық сақтау бағыты бойынша вице-президенті Кимберли Пауэллмен де көңіл жарастырғаны туралы ақпарат жарияланды. Ол кезде Пауэлл Хуангқа тікелей бағынышты қызметкер болған.
Жанжалдан кейін 12 қарашада Дженсен Хуанг бас директор қызметінен кететінін және директорлар кеңесінің құрамынан шығатынын мәлімдеген.
The Quint басылымының жазуынша, қызметтен кетуіне байланысты ол құны шамамен 108 миллион доллар болатын акциялар пакетінен айырылуы мүмкін. Бұл қазіргі бағаммен 48 миллиард теңгеден асады.
Бұған дейін АҚШ Сенатының банк комитетінің төрағасы Тим Скотт Хуангты тыңдауға шақырған еді. Егер ол өз еркімен келуге келіспесе, сенатор мәжбүрлі түрде шақыру қағазын жіберетінін ескерткен.
Сонымен қатар кейінгі уақытта БАҚ-та Хуангтың некеден тыс үшінші қарым-қатынасы болуы мүмкін екені туралы да ақпарат тарады.
Nvidia деген қандай компания?
Nvidia – 1993 жылы құрылған америкалық технологиялық компания. Ол графикалық процессорлар (GPU) мен жасанды интеллект жүйелеріне арналған есептеу чиптерін өндіруден әлемдегі жетекші компаниялардың бірі саналады.
Алғашында компания компьютерлік ойындарға арналған GeForce видеокарталарымен танылды. Кейін графикалық процессорларды күрделі есептеулерге пайдалануға мүмкіндік беретін CUDA технологиясын дамытты.
Қазір Nvidia өнімдері жасанды интеллект жүйелерін оқытуда, нейрожелілер мен деректер орталықтарының жұмысында кеңінен қолданылады. Компания робототехника, автономды көлік және суперкомпьютер салаларында да жұмыс істейді. Соңғы жылдары жасанды интеллект технологияларына сұраныстың артуы Nvidia компаниясының нарықтық құнын күрт өсірді.
Еске салайық, бұған дейін Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін Элис Хуанг есімді кәсіпкер әйелмен көңілдес болғаны туралы ақпарат тарағаны хабарланған еді. The New York Times басылымының мәліметінше, АҚШ арнайы қызметтері әйелді бір жылдан астам уақыт бақылап, оның Қытай билігіне ақпарат жеткізген болуы мүмкін деген күдікке келген. Кейін Дженсен Хуанг әйеліне опасыздық жасағанын мойындап, отбасынан кешірім сұрады. Осы жағдайдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастады. Алайда компания әзірге құпия деректердің сыртқа тарағанын растайтын дәлел жоқ екенін мәлімдеді.
"Балалардың қызуы 40°C-қа дейін көтеріліп, ауруханаға түсіп жатыр": Алматыда қандай инфекциялар таралып жатқаны белгілі болды
