Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты мектептер жаңа жұмыс режиміне көшуі мүмкін

Сынып
Фото: istockphoto.com

Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Қазақстанда туу көрсеткіші күрт төмендеген жағдайда жаңа мектептердің жағдайы не болатыны туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер Қазақстандағы туу көрсеткішінің төмендеу қаупі мен урбанизация қарқынына қатысты мәселе көтерді. Олар вице-министрден қазір салынып жатқан мектептердің болашақта оқушысыз қалу ықтималдығы бар-жоғын және бұл бағытта ұзақ мерзімді болжам жасала ма деп сұрады.

Жайық Шарабасовтың айтуынша, министрлік халық санының өсуін және ішкі көші-қон үдерістерін ескере отырып, тұрақты түрде талдау жүргізеді. Оқушы саны артады деп болжанған өңірлерде жаңа мектептер салынып, қолданыстағы білім беру ұйымдары жаңғыртылып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп жатыр.

Вице-министр туу көрсеткіші төмендеген күннің өзінде жаңадан салынған мектептер бос қалмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, қазір еліміздегі мектептердің басым бөлігі екі ауысыммен жұмыс істейді. Ал оқушы саны азайса, олар бір ауысымдық оқыту жүйесіне көшіп, кейін толық күндік мектеп форматына бейімделуі мүмкін.

"Қазір жалпы екі ауысыммен оқыту жүріп жатыр. Егер болашақта туу көрсеткіші төмендесе, бұл мектептер бос қалмайды. Олар бір ауысымдық оқыту режиміне көшеді", – деді Жайық Шарабасов.

Сонымен қатар вице-министр қазір Қазақстанда оқушы орындарының тапшылығы бар екенін жеткізді. Оның мәліметінше, ел мектептерінде 200 мың оқушы орны жетіспейді.

Осыған байланысты министрліктің алдағы жоспарында жаңа мектептер салу және білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын жою мәселесі бар екені атап өтілді. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда бала туу көрсеткіші 2022 жылдан бері төмендеп келе жатқаны туралы жазған едік. Әсіресе отбасылардың екінші және үшінші баланы дүниеге әкелуге деген ықыласы азайған.

Дана Русланқызы
Жұма, 20 Қараша, 2026 19:21