Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бала туу көрсеткіші азайды: Демографияға не қауіп төндіреді

нәресте
Фото: pexels.com

Қазақстанда бала туу көрсеткіші 2022 жылдан бері төмендеп келеді. Әсіресе отбасылардың екінші және үшінші баланы дүниеге әкелуге деген ықыласы азайған. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап табысы жоғары отбасыларға жүктілік пен босануға байланысты мемлекеттік төлемдер тоқтатылуы мүмкін. Мамандар бұл өзгеріс демографиялық жағдайға әсер етуі мүмкін екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

 

Демографиялық құлдырау қаупі

Қаржыгер Расул Рысмамбетов Қазақстанның демографиялық әлеуеті тым жылдам әлсіреп бара жатқанына алаңдайды. Ол статистикалық мәліметтерге сүйеніп, елде дүниеге келетін балалар саны айтарлықтай азайғанын айтты.

“2021 жылы пандемиядан кейін бала туу көрсеткіші күрт өсіп, Қазақстанда 445 875 бала дүниеге келді. Бұл ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал 2025 жылы 335 005 бала туды. Демек көрсеткіш шамамен 25% төмендеді. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында 176 424 бала дүниеге келді. Былтыр осы кезеңде 191 966 сәби туған еді. Қазіргі төмендеуді тек 1990 жылдардағы демографиялық құлдыраумен түсіндіруге болмайды. Рас, қазір бала туу жасындағы әйелдердің қатарын 1990 жылдардың соңында дүниеге келген саны аз буын толықтырып жатыр. Бірақ сонымен бірге әр әйелге шаққандағы бала саны да азайып келеді”, — дейді сарапшы.

Оның айтуынша, 2021 жылы бір әйелге шаққандағы бала туу коэффициенті 3,32 болса, 2025 жылы 2,57-ге дейін төмендеген. Ал халықтың әр мың адамына шаққандағы туу көрсеткіші осы кезеңде 23,47-ден 16,43-ке түскен.

Демек екі үрдіс қатар жүріп жатыр: 

  • біріншіден, бала туу жасындағы әйелдер саны азайып келеді;
  • екіншіден, әр әйел орта есеппен бұрынғыдан аз бала дүниеге әкеледі.

2021–2025 жылдары Қазақстанның 20 өңірінің бәрінде туу көрсеткіші төмендеген. Ең аз төмендеу Астана мен Алматыда байқалса, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында көрсеткіш шамамен үштен бірге азайған.

Сарапшылардың болжамынша, 2050 жылға қарай Қазақстан халқының саны 30–31 миллионға жетуі мүмкін.

“Егер бала туу көрсеткіші осылай төмендей берсе, халық санының өсу қарқыны ең пессимистік болжамдардан да жылдам баяулауы мүмкін”, — дейді Расул Рысмамбетов.

көрсеткіш
Фото: Инфографика Владимир Кадырбаев

Балаға инвестициялық жоба ретінде қарамау керек

Қаржыгер елде ірі экономикалық жобалар жоспарланып жатқандықтан бұл мәселеге назар аударған. Қазақстанда жаңа зауыттар салу, автомобиль жолдарын дамыту, орта дәлізді өркендету және төртінші мұнай өңдеу зауытын салу сияқты жоспарлар бар. Алайда болашақта бұл жобаларды жүзеге асыруға адам күші жетпеуі мүмкін.

"Мектептер, жоғары оқу орындары және болашақ экономика демографиялық жағдайға тікелей тәуелді. Сондықтан кез келген экономикалық болжам халық саны мен оның құрылымын ескеруден басталуы керек”, — дейді сарапшы.

Оның пікірінше, адамдардың отбасын құрып, бала сүюіне не ықпал ететінін түсіну қажет. Статистиканы зерттей келе, ол мынадай болжам жасаған:  отбасылардың бірінші балалы болуы көбіне өмір сүру жағдайына байланысты болса, екінші және үшінші баланың дүниеге келуіне жалақы мен баспана бағасының арақатынасы көбірек әсер етеді.

Демек отбасыға қосымша бала өсіруге қолайлы жағдай жасалған өңірлерде халық санының өсу мүмкіндігі де жоғары болады.

Бала тәрбиесіне кететін шығын да маңызды факторлардың бірі.

“Оңтүстік Кореядағы жағдайға ұқсас үрдісті байқап отырмыз. Онда бірінші баланың шығыны отбасының бар ресурсын сарқып, бала тәрбиесі инвестициялық жобаға айналғандай. Мектеп, қосымша сабақтар және басқа да шығындар ата-аналарға үлкен салмақ түсіреді. Қазіргі үрдіс жалғаса берсе, Қазақстан халқының саны 26 миллионға да жетпей, кейін азая бастауы мүмкін”, — дейді қаржыгер.

Ол жоғары технологиялық экономикасы дамыған Оңтүстік Кореяның өзі халық санының азаю мәселесіне тап болғанын еске салды. Бұл елде машина жасау, кеме өндірісі және мұнай-химия салалары жақсы дамыған.

“Ал Қазақстан экономикасы әлі де шикізатқа тәуелді. Мұнай қорының сарқылу қаупі бар, ал шикізатты толық өңдеп, дайын өнім шығару деңгейіне әлі жеткен жоқпыз”, — дейді сарапшы.

Осыған байланысты ол бірнеше мәселені көтереді: ел экономикасын дамытуға адам күші жете ме? Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін толық қамтамасыз ете ала ма? Алдағы 20 жылда жұмыс пен өмір сүруге қолайлы жағдайдың жоқтығынан өңірлер босап, халық төрт-бес ірі қалаға шоғырланып кетпей ме?

Мұндай қауіптің алдын алу үшін Расул Рысмамбетов бала тәрбиесіне кететін нақты шығынды бағалайтын арнайы көрсеткіш — "бала шығыны индексін" енгізуді ұсынады. Оның көмегімен баланы өсіру отбасы бюджетіне қаншалықты салмақ түсіретінін анықтауға болады.

Жастар неге бала сүюге асықпайды?

Демограф Шынар Төлешованың айтуынша, Қазақстанның алдында бірнеше маңызды демографиялық мәселе тұр. Олардың қатарында бала туу көрсеткішінің төмендеуі, жастардың отбасын құруға және бала сүюге деген көзқарасының өзгеруі, урбанизацияның күшеюі және халықтың қартаюы бар.

Халықтың қартаюы зейнетақы жүйесі мен әлеуметтік қорғау саласын қайта қарауды қажет етуі мүмкін.

“1990 жылдары дүниеге келген жастар отбасын құруға асықпайды. Некеге тұру жасы мен алғашқы баланы дүниеге әкелетін әйелдердің жасы ұлғайып келеді. Қазір әйелдер тұңғышын орта есеппен 25 жас шамасында босанады. Өңірлер арасында да айырмашылық бар. Алматы мен Астана сияқты ірі қалаларда және солтүстік өңірлерде алғашқы баланы дүниеге әкелетін әйелдердің жасы жоғарырақ. Ал оңтүстік өңірлерде ертерек отбасын құру, ажырасудың аз болуы және көпбалалы отбасылардың жиі кездесуі сияқты дәстүрлі ерекшеліктер сақталған”, — дейді демограф.

Оның айтуынша, урбанизация да бала санына әсер етеді. Жастардың Алматы мен Астанаға көптеп қоныс аударуы баспана бағасының қымбат болуы және мансап құруға басымдық беру сияқты факторларды алға шығарады. Мұның бәрі отбасындағы бала санына ықпал етеді.

Демограф бұл үрдістердің салдарын Оңтүстік Корея мысалынан көруге болатынын айтады. Сеул сияқты ірі қалаға халықтың шамадан тыс шоғырлануы аясында елдегі бала туу коэффициенті өте төмен деңгейге — бір әйелге шаққанда шамамен 0,75 балаға дейін түскен.

Стресс пен психологиялық дайындық та әсер етеді

Психолог әрі денеге бағытталған терапия маманы Үмітжан Сасанованың пікірінше, жастардың бала сүюді кейінге қалдыруына психологиялық себептер де ықпал етеді.

“Менің ойымша, 23–25 жастағы жастардың бала сүюді кейінге қалдыруының бір себебі — ересек өмірдің жауапкершілігіне психологиялық тұрғыдан дайын болмауы. Мұны белгілі бір деңгейде инфантилизм деп атауға болады. Демек адам үйреншікті жайлы өмірін, еркіндігі мен тәуелсіздігін жоғалтқысы келмейді. Бұған бала сүюден саналы түрде бас тартуды білдіретін чайлдфри үрдісі де әсер етуі мүмкін. Бірақ мұны бүкіл ұрпаққа тән құбылыс деп қарастыруға болмайды”, — дейді маман.

Оның сөзінше, 23–27 жас аралығындағы жастар өмірлік дағдарыстарға байланысты күйзеліске жиі ұшырайды. Әлеуметтік желіде өзін өзгелермен салыстыру да оларға қысым түсіреді. Кейбірі отбасын құру үшін алдымен үйі, көлігі және тұрақты табысы болуы керек деп санайды.

Әлеуметтік желідегі қарым-қатынас жастардың бетпе-бет сөйлесу, танысу және жақын байланыс орнату дағдыларын әлсіретуі мүмкін.

“Қазіргі қоғамда жыныстық қатынас тек ұрпақ жалғастыру мақсатымен шектелмейді. Адамдар жақын қарым-қатынас орнатқанымен, жүктілікті жақын арадағы мақсат ретінде қарастырмауы мүмкін. Тағы бір маңызды фактор — серіктестер арасындағы қарым-қатынастың сапасы. Бала сүю үшін бір-біріне ғашық болу жеткіліксіз. Өзара сенім, эмоционалдық тұрғыдан жетілу және ортақ жауапкершілікті бөлісуге дайын болу қажет. Мұндай негіз болмаса, адамдар бала сүю туралы шешімді кейінге қалдырады”, — дейді психолог.

Маман пандемия мен COVID-19 инфекциясының салдарын да атап өтті. Оның сөзінше, дәрігерлер кей адамдардың денсаулығы нашарлап, ерлердегі тестостерон деңгейі төмендегенін айтқан.

Соған қарамастан, Үмітжан Сасанова болашаққа оптимистік көзқараспен қарайды. Оның пікірінше, адамдар арасында сүйіспеншілік пен жақындық бар кезде жаңа отбасылар құрылып, балалар дүниеге келе береді.

Демографиялық жағдайды жақсарту үшін не істеу керек?

Расул Рысмамбетовтің пікірінше, бала туу көрсеткішін арттыру үшін тек ақшалай жәрдемақы төлеу жеткіліксіз. Мемлекет отбасылардың бала өсіруге жұмсайтын шығынын азайтуға басымдық беруі керек.

Ол балабақша, мектеп және орта арнаулы білім беру салаларындағы шығындарды төмендетіп, өңірлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасауды ұсынады. Оның ойынша, халықты бірнеше ірі қалаға шоғырландырмай, өңірлерде де жұмыс орындарын көбейтіп, инфрақұрылымды дамыту қажет.

“Мемлекеттің негізгі міндеті — бала тәрбиелеудің құнын төмендетіп, отбасыларға кедергі келтіретін инфрақұрылымдық мәселелерді шешу. Бұл әсіресе екінші және үшінші балаға қатысты маңызды. Себебі отбасына қосымша бөлме, бала күтіміне көбірек уақыт, кепілді балабақша орны қажет болады. Сонымен қатар ата-ананың бірі бала тәрбиесі үшін мансабынан бас тартуға мәжбүр болмауы керек. Сондықтан алдағы демографиялық жағдай мемлекеттің әлеуметтік саясатына тікелей байланысты”, — деді қаржыгер.

Айта кетейік, бұған дейін Сарапшы Қазақстанда бала туу көрсеткішін арттыру үшін ана капиталы жүйесін енгізуді ұсынғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 22 Қазан, 2026 14:25