Қазақстанда бала туу қанша тұрады: Жүктілік пен сәбидің алғашқы айларына дейін қанша қаржы керек
Бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақы алғашқы шығындардың орнын қаншалықты толтырады? 2026 жылы Қазақстанда бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде мемлекет 164 350 теңге төлейді. Алайда жүктілік кезіндегі тексерулерден бастап, перзентхана сөмкесін жинау, босану және сәбидің алғашқы айларындағы күтімге дейінгі шығындар бұл сомадан қымбатқа түседі. Stan.kz екі ананың тәжірибесіне сүйене отырып, балалы болу қанша тұратынын және отбасылар қандай шығындарға дайын болуы керегін есептеп көрді.
Қазақстанда бала туу тегін медициналық көмек аясында жүзеге асқанымен, жүктілік пен босануға дайындық, нәрестенің күтімі және қосымша қызметтер отбасылық бюджетке салмақ түсіруі мүмкін. Мұны мемлекеттік перзентханада босанған бір баланың анасы Камила мен жеке клиникада босанған Дариғаның тәжірибесінен көруге болады.

Камила жүктілігі кезінде мемлекеттік емханада бақылауда болған. Алайда жүктілік пен босануға дайындыққа, сондай-ақ нәрестенің алғашқы айларындағы күтіміне бірқатар шығын шыққан.
-
Жүктілік кезінде үш скринингтен ақылы өтіп, оған 45 мың теңге төлеген.
-
Босану кезінде белгілі бір акушермен келісуге 150 мың теңге жұмсаған. Ал перзентханадағы екі адамға арналған палата тегін болған.
-
Перзентхана сөмкесі мен нәрестеге қажетті заттарға 50 мың теңге жұмсаған.
-
Баласының алғашқы алты айында үлкен баласының киімдерін пайдаланғандықтан, кейін киім алуға шамамен 50 мың теңге жұмсаған.
- Босанғаннан кейін баласының сарғаюына байланысты фотолампаны 14 күнге жалға алған. Оның бір күндік ақысы 5 мың теңге болғандықтан, бұл қызметке тағы 70 мың теңге төлеген.
Осылайша, Камила жүктілік пен босануға дайындыққа, акушер қызметіне, перзентхана сөмкесіне, фотолампаны жалға алуға және баланың киіміне кемінде 365 мың теңге жұмсаған. Бұған қоса, дәрі-дәрмек пен ақылы дәрігерлерге кеткен шығындар бар.
Камила жүктілік кезінде арнайы курстарға қатыспай, ғаламтор арқылы дайындалған.
"Бала дүниеге келгенде күтпеген шығындарға да дайын болу керек", — дейді ол.
Дариға алғашқы баласына жүкті кезінде ақылы клиникада бақылауда болып, жүктілікті жүргізу қызметіне 200 мың теңге төлеген.
- Босану пакеті 300 мың теңге, жеке палата 100 мың теңге болған.
- Перзентхана сөмкесі мен нәрестенің алғашқы қажеттіліктерін дайындауға 150 мың теңге жұмсаған. Оның айтуынша, отбасындағы тұңғыш бала болғандықтан, барлық затты жаңадан сатып алған.
- Бұдан бөлек, жүктілік кезінде тоғыз ай бойы жүзу сабақтарына қатысып, оған 230 мың теңге төлеген.
- Босанғаннан кейін қалжа орталығында күтім қабылдап, оған 350 мың теңге жұмсаған.
Осылайша, Дариғаның жүктілікті бақылау, босану, жеке палата, перзентхана сөмкесі, жүзу сабақтары және босанғаннан кейінгі күтімге кеткен шығындарын қосқанда, жалпы сомасы 1 миллион 330 мың теңгеге жеткен. Бұл есепке баланың кейінгі күнделікті қажеттіліктері кірмейді. Қазір Дариға баласына үйде киетін киімдерге шамамен 20 мың теңге жұмсайды, ал басқа киімдерді туыстары мен жақындары жиі сыйға тартады. Ол доула қызметін пайдаланбағанымен, танысының босану кезінде доула жалдап, оған шамамен 200 мың теңге төлегенін айтты. Бұл сома Дариғаның жеке шығынына кірмейді.
Жүктілік кезіндегі шығындар: қандай қызметтер тегін, қайсысы ақылы?
Қазақстанда жүкті әйелдер тіркелген емханасында медициналық бақылаудан өтіп, медициналық көрсетілімдер мен қолданыстағы медициналық көмек тәртібіне сәйкес бірқатар тексеруден тегін өте алады. Олардың қатарына акушер-гинекологтың бақылауы, қан мен зәр талдаулары, қажетті инфекцияларға тексеру және жүктілік кезіндегі жоспарлы ультрадыбыстық зерттеулер кіреді. Алайда барлық қызмет пен дәрі-дәрмек тегін емес. Қосымша тексерулерден өтуге немесе жүктілікті жеке медициналық орталықта бақылау ақылы негізде жүзеге асады.
Жүктілікті жеке клиникада немесе ақылы бағдарлама бойынша бақылауды таңдаған болашақ ананың шығыны медициналық ұйымға және пакетке кіретін қызметтерге байланысты. Алматыдағы қалалық емханалардың бірінде 2026 жылғы баға тізімінде жүктілікті жүргізуге арналған "Стандарт" пакетінің құны 272 500 теңге деп көрсетілген. Мегаполисте жүктілікті бақылау қызметтерінің орташа бағасы шамамен 212 100 теңге. Платформадағы ұсыныстар 74 000 теңгеден басталып, 376 700 теңгеге дейін жетеді. Осы деректерге сүйенсек, жүктілікті ақылы бақылауға шамамен 210–275 мың теңге жоспарлауға болады.

Егер әйел үш ультра дыбыстық зерттеу мен үш дәрігер қабылдауынан жеке-жеке ақылы түрде өтсе, осы қызметтерге 34 500 теңге жұмсалады. Бұған екі биохимиялық скринингті қосқанда, жалпы сома шамамен 55 000 теңгеге жетеді.
Дәрі-дәрмек пен дәрумендерге кететін шығын
Жүктілік кезіндегі шығын тек медициналық тексерулермен шектелмейді. Дәрігер кей әйелдерге темір препараттарын, дәрумендерді немесе басқа дәрілерді тағайындауы мүмкін. Дәрі-дәрмекке кететін шығын әр әйелдің денсаулығына және дәрігердің тағайындауына қарай өзгереді. Алдын ала есеп бойынша, жүктілік кезінде қолданылатын базалық дәрумендерге тоғыз айда шамамен 73 мың теңге жұмсалады. Бұл есепте бірінші триместрге шамамен 21 000 теңге, екінші триместрге 26 000 теңге және үшінші триместрге тағы 26 000 теңге қарастырылған.
Босану қанша тұрады?
Жүктілік кезіндегі шығындардан кейінгі ірі кезеңнің бірі – босану. Бұл ретте де отбасы мемлекеттік медициналық көмек аясында көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады немесе қосымша ақылы қызметтерді таңдайды. Босанудың құны медициналық ұйымға, босану тәсіліне және таңдалған қызметтерге байланысты өзгереді.
Мемлекеттік перзентханада босану тегін бе?
Қазақстанда босану кезінде медициналық көмек мемлекеттік кепілдіктер шеңберінде көрсетіледі. Тиісті талаптарға сай әйелдер тегін босана алады. Алайда кейбір отбасылар босану кезінде нақты бір дәрігердің қатысуын немесе жеке палата сияқты қосымша қызметтерді таңдағысы келсе, қосымша ақы төлейді.
Ақылы босанудың бағасы қанша?
Алматы қалалық перинаталдық орталығының ресми баға тізімінде босануға арналған бірнеше ақылы пакет көрсетілген. Мәселен, стандартты "Босану" пакетінің құны – 275 200 теңге. Бірінші күрделілік санатындағы босану пакеті 332 200 теңге, екінші санаттағысы 352 200 теңге, ал үшінші санаттағысы 372 200 теңге тұрады.
Кесарь тілігі арқылы босану пакеттері қымбатырақ. Орталықтың прейскуранты бойынша, стандартты пакеттің бағасы 403 000 теңге. Бірінші күрделілік санатындағы пакет – 459 200 теңге, екіншісі – 487 200 теңге, үшіншісі – 517 200 теңге.
Осылайша, Алматыдағы перинаталдық орталықтың ақылы прейскуранты бойынша босану пакеттерінің бағасы 275 200 теңгеден басталып, кесарь тілігі арқылы босанудың жоғары күрделілік санатында 517 200 теңгеге дейін жетеді.
Орталықтың мәліметінше, кейбір зертханалық қызметтер, анестезия және жеке тағайындалатын қымбат дәрілер үшін қосымша ақы төлеу қажет.
Дәрігерді немесе акушерді жеке таңдау қанша тұрады?
Босануға дайындалған кейбір әйелдер нақты бір дәрігердің немесе акушердің қатысқанын қалайды. Мұндай қызмет те қосымша шығынды қажет етеді. Алматы қалалық перинаталдық орталығында көрсетілген баға бойынша дәрігер-акушер-гинекологты жеке таңдау құны оның біліктілік санатына қарай 150–180 мың теңге, ал акушерді жеке таңдау құны 110–130 мың теңге аралығында көрсетілген. Жалпы, босануға кететін шығын отбасының таңдауы мен медициналық жағдайына байланысты екенін еске саламыз.
Нәрестенің алғашқы айындағы шығындар
Босану шығындарынан кейін отбасының алдында тағы бір міндет тұрады: нәрестенің күнделікті күтіміне қажетті заттарды сатып алу. Алғашқы айда жөргек, киім-кешек пен гигиеналық құралдар қажет болады. Егер бала сүт қоспасымен қоректенсе немесе қосымша медициналық көмекке мұқтаж болса, отбасының шығыны одан әрі артуы мүмкін.
Жөргек пен гигиеналық құралдар қанша тұрады?
Нәрестенің алғашқы айларындағы тұрақты шығындардың бірі – жөргек. Оның бағасы брендке, өлшеміне және қаптамадағы санына қарай өзгереді. Мәселен, Қазақстандағы дүкендерде жаңа туған нәрестелерге арналған жөргектің 34 даналық қаптамасы шамамен 3 399 теңгеден, ал 84 даналық қаптамасы жеңілдікпен 6 299 теңгеден ұсынылған. Жаңа туған нәрестеге тәулігіне орта есеппен 8–12 жөргек қажет болуы мүмкін. Бұл бір айда шамамен 240–360 дана жөргек жұмсалатынын білдіреді. Осындай тұтыну көлемін ескергенде, жөргекке айына шамамен 20–40 мың теңге қарастыруға болады. Нақты шығын таңдалған өнімнің бағасына және қаптамадағы санына байланысты. Бұған қоса, ата-аналарға дымқыл майлық, мақта, жөргек астына жағатын крем және басқа да гигиеналық құралдар қажет болуы мүмкін. Оларға кететін қаражат та өнімнің түрі мен пайдалану жиілігіне қарай өзгереді.
Баланы тамақтандыруға қанша қаражат кетеді?
Нәрестені тамақтандыруға жұмсалатын қаражат та әр отбасында әртүрлі. Егер сәби ана сүтімен қоректенсе, сүт қоспасын сатып алуға қажеттілік болмауы мүмкін. Ал балаға сүт қоспасы қажет болса, ол отбасының тұрақты шығындарының біріне айналады. Қазақстанда салмағы 800 грамм болатын құрғақ сүт қоспаларының бағасы 11 400–24 400 теңге аралығында. Бір айда қанша қаптама қажет болатыны баланың жасына, тұтыну мөлшеріне және тамақтандыру тәртібіне байланысты. Сондықтан сүт қоспасына кететін айлық шығынды есептегенде оның бір қаптамасының бағасымен шектелмей, қажетті мөлшерін де ескеру керек. Бұл ретте сүт қоспасын таңдау баланың қажеттілігіне сай болуы маңызды. Егер қоспа қажет болса, оның түрін педиатрдың кеңесімен таңдаған жөн.
Киім-кешек пен алғашқы қажетті заттар
Нәрестеге алғашқы айларда бірнеше ауыстыратын киім қажет. Олардың қатарына боди, слип, жаялық, бас киім, шұлық және маусымға қарай жылы киімдер кіреді. Киімнің жалпы құны таңдалған жиынтыққа, матаның сапасына және бала туатын маусымға байланысты өзгереді.
- Бюджеттік нұсқа: шамамен 20 000–25 000 теңге. Бұл сомаға маркетплейстерден дайын киім жиынтығын немесе бірнеше негізгі киімді сатып алуға болады. Алайда жиынтықтың құрамын тексерген жөн: кейбірінде қажетті киімнің бәрі болмауы мүмкін.
- Орташа санат: шамамен 35 000–48 000 теңге. Бұл қаражатқа сапалы мақтадан тігілген бірнеше боди мен слип, бас киім, шұлық және қосымша ауыстыратын киімдер алуға болады. Егер нәресте суық мезгілде дүниеге келсе, жылы комбинезонға да қаражат бөлу қажет.
Ескеретін жайт: Нәрестеге алғашқы айларда тез өсетінін ескеріп, киімді шамадан тыс көп сатып алмаған дұрыс.
Бұған қоса, сәбиді шомылдыруға арналған ванна қажет болуы мүмкін. Балалар ваннасының бағасы шамамен 9 990 теңгеден басталып, жиналмалы үлгілері 14 790 теңгеге дейін жетеді.
Ал баланы серуендетуге арналған арбаның бағасы өндірушісіне, үлгісіне және қосымша мүмкіндіктеріне қарай айтарлықтай өзгереді. Сондықтан арбаға кететін шығынды нақты көрсету қиын: бюджеттік үлгілер мен қымбат модельдердің бағасы арасында үлкен айырмашылық болуы мүмкін.
Осылайша, нәрестеге арналған бастапқы киім жиынтығына 20–25 мың теңге, ал шомылдыруға арналған ваннаға 10–15 мың теңге қажет болуы мүмкін. Бұған төсек-орын, сүлгі және басқа да күтім заттарының құны қосылады. Ал балалар арбасы мен нәресте төсегі сияқты ірі заттарға жұмсалатын қаражат олардың үлгісі мен сапасына байланысты өзгеріп, жалпы шығынды арттыруы мүмкін.
Дегенмен барлық затты жаңадан сатып алу міндетті емес. Үйде бұрыннан бар бұйымдарды пайдалану немесе жарамды заттарды жақындарынан алу арқылы шығынды азайтуға болады.
Нәрестенің алғашқы айына қанша ақша қажет?
Жоғарыдағы шығындарды жинақтасақ, нәрестенің алғашқы айындағы бюджет оның тамақтануына, күнделікті күтіміне және отбасының алдын ала қандай заттар сатып алғанына байланысты болады.
Алдын ала есептерде ана сүтімен қоректенетін нәрестеге айына 40–60 мың теңге, ал сүт қоспасымен тамақтанатын балаға 75–150 мың теңге жұмсалуы мүмкін екені көрсетіледі.
Сонымен қатар күнделікті шығындар мен бастапқы сатып алуларды ажырата білу қажет. Жөргек пен сүт қоспасы тұрақты түрде сатып алынуы мүмкін, ал арба, ванна, төсек және алғашқы киім жиынтығы – көбіне бір рет алынатын заттар. Егер отбасы оларды алдын ала дайындап қойса, нәрестенің алғашқы айындағы шығыны төмендеуі мүмкін. Ал барлығын бала дүниеге келгеннен кейін сатып алса, бастапқы бюджет едәуір ұлғаяды.
Нәрестенің алғашқы айларында медициналық көмекке қанша қаражат қажет?
Қазақстанда нәрестеге алғашқы айларында патронаждық бақылау жүргізіледі. Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцинация және тиісті скринингтер мемлекеттік медициналық көмек аясында тегін көрсетіледі. Ата-ана жеке клиникаға қаралғысы келсе немесе дәрігер қосымша тексерулер тағайындаса, шығын артады. Мысалы, Алматыдағы қалалық емханалардың бірінің ақылы қызметтер баға тізімі бойынша педиатр қабылдауы 4 700 теңге тұрады. Балалар невропатологының қабылдауы – 6 100 теңге, хирургтікі – 5 800 теңге, ЛОР дәрігерінікі – 5 900 теңге, офтальмологтікі 5 800 теңге болады. Осы бағаларды негізге алсақ, нәресте педиатр мен төрт тар бейінді маманға бір реттен қаралған жағдайда, жалпы шығын 28 300 теңгені құрайды. Бұл сомаға қосымша талдаулар мен дәрі-дәрмек кірмейді.
Мемлекет беретін жәрдемақы шығынды жаба ма?
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының мәліметінше, 2026 жылы Қазақстанда бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жәрдемақы 164 350 теңгені құрайды. Ал төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге төленеді.
Бұдан бөлек, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын, жұмыс істемейтін ата-аналарға бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайынғы жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері бірінші балаға – 24 912 теңге, екінші балаға – 29 454 теңге, үшінші балаға – 33 952 теңге. Ал әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін ата-аналарға төленетін бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлемнің мөлшері жеке есептеледі.
Мемлекет беретін біржолғы жәрдемақының шығынды қаншалықты өтейтінін екі мысалмен қарастырайық.
Бірінші мысал: жүктілікті ақылы бақылау және ақылы босану
Бірінші баласын дүниеге әкелетін отбасы жүктілікті ақылы бақылау пакетін таңдап, босану қызметіне де ақы төлейді делік. Біздің есеп бойынша, негізгі шығындар мынадай болуы мүмкін:
- жүктілікті ақылы бақылау – шамамен 212 100 теңге;
- босанудың ақылы пакеті – 275 200 теңге;
- нәрестенің алғашқы айындағы жөргек – 20–40 мың теңге;
- анаға арналған гигиеналық құралдар – 20–29 мың теңге.
Бұл шығындарды қосқанда, жалпы сома 527 300–556 300 теңгеге жетеді. Есепке нәрестенің киім-кешегі, арбасы, кереуеті, дәрі-дәрмек пен қосымша медициналық қызметтер кірмейді.
Біржолғы 164 350 теңге жәрдемақыны алып тастағанда, отбасының өз қаражатынан төлеуі қажет сома 362 950–391 950 теңге болады. Демек, жәрдемақы аталған негізгі шығындардың шамамен 30 пайызына ғана жетеді.
Екінші мысал: жәрдемақыны нәрестенің алғашқы қажеттіліктеріне жұмсау
Енді отбасы біржолғы жәрдемақыны нәрестенің алғашқы қажеттіліктеріне бағыттады деп есептейік. Жөргекке айына 20–40 мың теңге, анаға арналған гигиеналық құралдарға 20–29 мың теңге, ал бастапқы киім-кешекке 20–25 мың теңге қажет болуы мүмкін. Осы үш шығынның өзі 60–94 мың теңгені құрайды. Оларды жәрдемақыдан алып тастағанда, шамамен 70 350–104 350 теңге қалады. Алайда бұл есепке балалар арбасы, кереует, сүт қоспасы, дәрі-дәрмек және басқа да қосымша шығындар кірмейді. Сондықтан қалған қаражат барлық қажеттілікті өтеуге жеткіліксіз екенін көруге болады.

Жүктілікті ақылы бақылау, дәрі-дәрмек пен қосымша тексерулер, ақылы босану, сондай-ақ нәресте туғаннан кейінгі қажеттіліктерді ескергенде, отбасының шығыны шамамен 816,9 мыңнан 1,2 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл сомаға нәрестеге арналған сүт қоспасы, дәрі-дәрмек, күтім құралдары және жеке клиникадағы дәрігер қабылдаулары да кіреді. Алайда нақты шығын әр отбасының жағдайына, медициналық қызметтерді таңдауына және баланың қажеттіліктеріне байланысты өзгереді.
Бала тегін дүниеге келгенімен, ата-ана болу шығыннан басталады. Сондықтан баланың дүниеге келуіне алдын ала дайындалып, міндетті шығындар мен күтпеген қажеттіліктерді ескере отырып, отбасылық бюджетті жоспарлаған жөн.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда жүкті әйелдер мен бес жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету күшейтілетіні туралы жазғанбыз.
"Киімдегі жалаңаш қыздар": Дене бітімін айқындайтын хиджаб үлгісі қазақстандықтардың сынына қалды
