Сарапшы Қазақстанда жаңа үйлердің шаршы метрі неге 650 мың теңгеден сатылуы керек екенін түсіндірді
Тұрғын үйдің шаршы метрін 560 мың теңгеден сатқан жағдайда құрылыс компаниясының табыстылығы күткен деңгейге жетпеуі мүмкін. Ал салыққа дейін 20 пайыз пайда табу үшін пәтер бағасы шамамен 650 мың теңге болуы керек. Бұл туралы сала сарапшысы Имран Османов Instagram парақшасында тұрғын үй кешенінің шартты есебін жариялап, құрылысқа кететін шығын мен ықтимал табысты түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Сарапшы мысал ретінде аумағы екі гектар болатын жер телімінде тұрғын үй кешенін салу жобасын қарастырған. Оның есебінше, жердің бір шаршы метрі 325 доллар болса, учаскені сатып алуға шамамен 6,5 миллион доллар қажет. Бұл – 2,9 миллиард теңгеге жуық қаражат.
Ал құрылыс жұмыстары мен өзге де шығындарға шамамен 16,5 миллиард теңге жұмсалады. Бұл есепте салыққа дейінгі бір шаршы метрдің өзіндік құны 450 мың теңге деп алынған. Осылайша, жер телімін сатып алуды қоса есептегенде, жобаның жалпы шығыны 19,1 миллиард теңгеге жетеді.
Османовтың есебінше, тұрғын үйдің шаршы метрі 560 мың теңгеден сатылса, құрылыс компаниясының түсімі 21 миллиард теңге болуы мүмкін. Алайда сарапшы мұндай баға 20 пайыздық пайдаға жетуге жеткіліксіз екенін айтады. Салық төленгенге дейін 20 пайыз табыс алу үшін бір шаршы метрдің бағасы шамамен 650 мың теңге болуы керек. Ал құрылыс компаниясы 30 пайыз пайда көздесе, бағаны 700 мың теңгеге дейін көтеруге тура келеді.
Құрылыс саласы басқа бизнеске де әсер етеді
Имран Османов құрылыс саласының экономикадағы орнына да тоқталды. Оның пікірінше, тұрғын үй құрылысы тек құрылыс салушының табысына ғана емес, көптеген басқа кәсіптің жұмысына да ықпал етеді. Мәселен, жаңа тұрғын үй кешені бой көтергенде құрылыс материалдары, әрлеу заттары, жиһаз, тұрмыстық техника мен электроникаға сұраныс артады. Сонымен қатар құрылыс жобаларына қызмет көрсететін мердігерлер мен өзге де компаниялар жұмыс істейді.
Сарапшының айтуынша, жер телімінің иесі үшін оны құрылысқа салғаннан гөрі ақшасын депозитке орналастыру тиімдірек көрінуі мүмкін. Себебі тұрғын үй кешенін салу үлкен қаражатпен қатар, ұзақ уақыт пен көп күшті талап етеді. Бұған қоса, құрылыс компанияларының шығыны тек жер сатып алу және ғимарат тұрғызумен шектелмейді. Кейбір жобаларда аумақты абаттандыру, инженерлік желілер тарту, жол салу, мектеп пен өзге де әлеуметтік нысандарды тұрғызу қажет. Сарапшы келтірген есепте мұндай қосымша шығындардың барлығы ескерілмеген.
Османов құрылыс нарығындағы белсенділіктің төмендеуі басқа салалардағы сатылымға да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның сөзінше, тұрғын үй құрылысы азайса, құрылыс материалдарын өндірушілерден бастап, жиһаз, техника сатушылар мен қызмет көрсету компанияларына дейін тапсырыс көлемі қысқаруы ықтимал.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда 24 миллион шаршы метр үй салынатыны белгілі болды.
