"Аш ойындар": Алматыдағы тау курорты таңғы ас акциясын ұйымдастырғанда келушілердің көп болатынын ескермеген
Алматы маңындағы Oi-Qaragai тау курортында жоғары таудағы мейрамханада таңғы ас ішуге арналған акция келушілер арасында үлкен дүрбелең туғызды. 9 600 теңгеге аспалы жолмен көтеріліп, мейрамханада швед үстелі форматында таңғы ас ішуге мүмкіндік берген ұсынысқа қызығушылық танытқандар өте көп болған. Алайда демалуға келген жұрт ұзын-сонар кезекке тап болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы алматылық Дарья Синева әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, ол отбасымен бірге арнайы таңғы ас ішу үшін курортқа барған. Алайда мейрамханаға жеткенде келушілердің тым көп екенін көрген.
Әйелдің сөзінше, олар таңғы сағат 09:00-де келген. Билет сатып алып, сағат 9:30 шамасында жоғары көтерілген кезде кезек екінші қабатқа дейін созылып, бос үстел қалмаған.
"Келген соң швед үстелінен тамақ алу үшін бір сағат кезекте тұруға тура келетінін түсіндік. Ақыры кері қайтып, билеттерді қайтардық. Ұйымдастырушыларға қоятын сұрағымыз көп. Идеясы керемет, бірақ мұндай жағдайды алдын ала ескеруге болатын еді", – деп жазды ол.
Дарьяның айтуынша, отбасы акцияға шамамен 30 мың теңге төлеген. Алайда олар таңғы ас іше алмай, кері қайтуға мәжбүр болған.
"Неліктен төменгі жақта билеттер сатылымын тоқтатып, қонақтардың жайлылығы үшін шектеу қоймады? Бұл тегін болған жоқ. Бір отбасы болып 30 мың теңге төледік. Осындай ақшаға лайықты қызмет көрсетілуі керек деп есептеймін", – деп наразылығын білдірді алматылық.
Осы акцияға барған өзге келушілер де әлеуметтік желіде шағымдарын бөліскен. Олардың бірі таңғы сағат 09:00-де келіп, билет алғаннан кейін 09:30-да жоғары көтерілгенін, сол кезде кезектің екінші қабатқа дейін жеткенін және бос үстел болмағанын жазды. Олар да кезекте біраз тұрғаннан кейін кері қайтуды ұйғарған.

Келушінің айтуынша, билет ақшасының бір бөлігін қайтарып алғанымен, аспалы жолдың ақысы ұсталған. Осылайша, әр адамға 6 500 теңгеден қайтарылған.
Ол әкімшілік келушілерді төменгі бекетте-ақ кезек күту уақыты туралы ескертуі немесе адам тым көбейген кезде билет сатылымын уақытша тоқтатуы керек еді деп санайды.
Тағы бір келуші Надя Threads желісінде акцияға қатысты видео жариялады. Ол да демалыс күндері таңғы ас ішуге барғандардың қарасы көп болғанын көрсетіп, "Вайбпен таңғы ас ішу ойдағыдай болмады, жұмыс күндері келіңіздер" деп әзілдеген.
Видеода көрсетілген ұсыныс бойынша, Aqtaş Express аспалы жолымен көтеріліп-түсу, AQTAŞ жаңа мейрамханасында таңғы ас ішу және экологиялық алым қосылған пакет 9 900 теңге болған. Ал оның бастапқы бағасы 19 649 теңге деп көрсетілген. Алты жасқа дейінгі балаларға тегін.
Таңғы ас дүйсенбі-бейсенбі күндері 09:30-дан 11:00-ге дейін, ал жұма-жексенбі күндері 09:30-дан 12:00-ге дейін ұйымдастырылған.
Акциялық пакетті сату күн сайын 10:30-ға дейін жүргізіледі.
Курорт әкімшілігі не дейді?
Жағдайға Oi-Qaragai курортының әкімшілігі де пікір білдірді. Олардың мәліметінше, акцияның алғашқы сенбісінде курортқа бір мезетте 500-ден астам адам келген.
Әкімшілік мұндай көп келушіні күтпегенін мойындады.
"Биіктегі таңғы ас" акциясының алғашқы сенбісі жаңа сауда орталығының ашылуына көбірек ұқсап кетті. Иә, бірден шектеу қоймағанымыз – біздің қатеміз. Мұндай ағын болады деп күтпедік. Бірақ қазір бұл мәселені ескердік", – деп жазды курорт өкілдері.
Әкімшілік акцияның 20 күнге жоспарланғанын, алайда келушілердің басым бөлігі демалыс күндері бір уақытта келуді таңдағанын атап өтті.
Осы жағдайдан кейін курорт акцияға қатысушылар санын сағатына 100 адамға дейін шектеді. Сонымен қатар билет сататын үш нүкте ашылып, акцияның мерзімі ұзартылды.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді