"Жастардың қауіпсіздігі университеттің беделінен маңызды": ІІМ студенттерді зорлық-зомбылық туралы үнсіз қалмауға шақырды
Ішкі істер министрлігі студенттер мен жоғары оқу орындарының басшылығына үндеу жасады. Ведомство оқу орындары мен жатақханаларда зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, бопсалауға және өзге де құқық бұзушылықтарға жол бермеу керектігін ескертті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ішкі істер министрлігі өкілдерінің айтуынша, студенттердің қауіпсіздігі – тек қоғамдық тәртіп мәселесі емес, сонымен қатар ата-аналардың сенімі мен оқу орындарының жауапкершілігі.
Ведомство мәліметінше, оқу жылы басталғалы бері студенттер арасында 566 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 23 ұсақ бұзақылық, тыйым салынған орындарда темекі шегудің 211 дерегі және көші-қон заңнамасын бұзудың 234 фактісі бар.
Қазір студенттер жатақханаларына полиция қызметкерлері бекітілген. Сонымен қатар қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, ғимараттарға кіру тәртібі қадағаланып жатыр. Студенттер мен оқытушыларға арналған 207 профилактикалық іс-шара өткізілген.
Ішкі істер министрлігіне қарасты әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Каринаның айтуынша, студенттерге учаскелік инспекторлардың байланыс нөмірлері қолжетімді жерлерге орналастырылған. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында ішкі қауіпсіздік қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған.
Министрлік өкілі оқу орындарының басшылығына зорлық-зомбылық деректерін жасыруға, студенттердің шағымдарын елемеуге және университеттің беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға болмайтынын ескертті.
"Зорлық-зомбылық фактілерін жасыруға, студенттердің өтініштерін елемеуге немесе оқу орнының беделін жастардың қауіпсіздігінен жоғары қоюға жол берілмейді. Әрбір хабарламаның артында адамның өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұруы мүмкін. Студенттерге айтарымыз, ешкімнің ар-намыстарыңызды таптауына, қорқытуына немесе заңсыз әрекеттерге мәжбүрлеуіне жол бермеңіздер. Егер зорлық-зомбылықтың, қорқытудың немесе бопсалаудың құрбаны не куәгері болсаңыздар, дереу полицияға хабарласыңыздар", – деді Құралай Карина.
Оның сөзінше, студент мәртебесі заң бұзған адамды жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір құқық бұзушылыққа заң аясында баға беріліп, кінәлілер жауапқа тартылады. Ал ауыр заң бұзушылықтар болған жағдайда оқу орындары студентті оқудан шығару мәселесін қарастыра алады.
Еске салайық, бұған дейін қараша айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірнеше оқыс оқиға тіркелді. Алдымен 6 қарашада университеттің студенттік қалашығында журналистика факультетінің бірінші курс студенті белгісіз жағдайда көз жұмды. Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтер жарияланбады.
Осы оқиғадан он күн өткен соң, 16 қарашада география және табиғатты пайдалану факультетінің тағы бір бірінші курс студентінің қайтыс болғаны белгілі болды. Полиция қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.
Кейін марқұмның 17 жастағы студент екенін айтқан немере әпкесі оның сегіз жоғары курс студентінің топтық соққысына ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді. Туысының сөзінше, жас жігіт бұған дейін жатақханада әлімжеттік бар екенін айтып, бірінші курс студенттері екінші курс студенттеріне екі қолдап амандасып, олардың талаптарын орындауға мәжбүр болғанын жеткізген.
Ал 20 қарашада әлеуметтік желілерде ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде оқитын студент қыздың өзін жарақаттағаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторларының мәліметінше, оны №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген. Алматы полициясы оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу дерегі тіркелгенін және оған медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады. Сондай-ақ сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Алайда полиция нақты қай оқу орнында болғанын ашып айтпады. Ал ҚазҰУ өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарып, мұндай оқиға болмағанын және тараған мәліметтің жалған екенін мәлімдеді.
Осы жағдайлардан кейін университет басшылығы әлеуметтік даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты. Қайғылы оқиға болған күні кезекшілік атқарған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді.
Бұдан бөлек, ғылым және жоғары білім министрлігі университетте кешенді тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. Тексеру барысында студенттердің қауіпсіздігі, психологиялық қызметтердің жұмысы және оқу орнындағы жанжалдардың алдын алу шаралары бағаланатыны хабарланды.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді