Астанада адвокат 7 миллион теңгеге "мәселені шешіп беремін" деп сотталып кетті
Астанада адвокат мемлекеттік органдарда таныстары барын айтып, қорғауындағы әйелдің бұлтартпау шарасын жеңілдетіп беруге уәде еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әйел ұсталғаннан кейін оның адвокаты бұлтартпау шарасын жеңілдетіп, қамауда ұстауды үйқамаққа ауыстырып беруге уәде еткен. Ол осы қызметі үшін 7 миллион теңге талап еткен.
Алайда қорғауындағы әйел заңсыз келісімге қатысудан бас тартып, құқық қорғау органдарына хабар берген. Жедел іс-шаралар нәтижесінде адвокат ақшаны алғаннан кейін бірден қылмыс үстінде ұсталды.
Сот оны екі жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар алты жыл мерзімге адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Елорда прокуратурасы тергеу барысына заңсыз ықпал ету әрекеттері қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертіп, осындай фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Павлодарда әскери комиссариаттың офицері әскерге шақырылғандарды мерзімді әскери қызметтен босатуға уәде беріп, бірнеше рет ақша алғаны үшін сотталған еді. Ол азаматтардан 250 мыңнан 1,4 миллион теңгеге дейін талап етіп, жалпы 3,6 миллион теңге залал келтірген. Сот оған 29,2 миллион теңге айыппұл салып, лейтенант әскери атағынан айырған.
"Арқан тарту, күйеу көру, тамада": Қазақтың тойы заман ағымына қарай қалай өзгерді