Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Францияда жаппай наразылық акциясына полицейлер де қосылды

франциядағы полицейлер
Фото: euronews.com

Франция астанасы Парижде студенттер мен тұрғындардың наразылығына полицейлер де қосылды. Олар үкіметтен жалақыны көтеруді, қосымша ресурстар бөлуді және қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Қоғамдық тәртіпті екі айға жуық уақыт бойы қамтамасыз етіп келе жатқан полиция қызметкерлері әбден қажығанын айтады. Заң бойынша ереуіл өткізуге құқығы жоқ полицейлер наразылық акциясына үзіліс кезінде қатысып жатыр. Бұл – Alliance, Un1té және UNSA-Police кәсіподақтары жариялаған жалпыұлттық науқанның бір бөлігі.

Alliance кәсіподағының аймақтық өкілі Яник Ландрё тәуекел үшін берілетін үстемақыны 35%-ға дейін көтеруді талап етті. Қазір бұл төлем негізгі жалақының 28,5 пайызын құрайды. Оның мөлшері 2019 жылдан бері өзгермеген.

Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньес үстемақыны 2029 жылға қарай кезең-кезеңімен 33,5%-ға дейін көтеруді ұсынған. Алайда кәсіподақтар бұл шараны жеткіліксіз деп санап, өзгерісті бірден енгізуді талап етіп отыр.

Ландренің айтуынша, наразылықтың алғашқы аптасында Парижде күніне шамамен 50 полицей жарақат алған. Оның сөзінше, құқық қорғау қызметкерлеріне қазір әдейі оқ атылатын жағдайлар да бар.

Кәсіподақ өкілі арнайы жасақ қызметкерлерінің әлі күнге дейін отқа төзімді киіммен қамтамасыз етілмегенін, басқа бөлімшелерден көмекке жіберілген полицейлерде де қорғаныс құралдары жеткіліксіз екенін айтты.

Ландре 2 600-ден астам қызметкердің жараланғанын айтып, полицейлердің демалысы мен заңда қарастырылған тынығу уақыттары да қысқартылғанын жеткізді. Кейбір қызметкерлер 15 сағатқа дейін жұмыс істейді және ұзақ уақыт отбасынан жырақта жүруге мәжбүр.

Наразылық ауқымы өткен аптада да байқалған. Кәсіподақтың ішкі статистикасына сәйкес, Франциядағы тәртіпсіздіктерге қарсы күресетін CRS бөлімшелерінің шамамен 1 200 қызметкері еңбекке жарамсыздық парағын алған.

Қазір Францияда Ұлттық полицияның шамамен 150 мың қызметкері мен 100 мың жандармы бар. Олар қоғамдық тәртіпті сақтаудан бастап, қылмыстарды тергеу және терроризммен күреске дейінгі міндеттерді атқарады. Ұлттық полицияның ресми жалақы кестесіне сәйкес, жас полицейлер айына шамамен 2 160 еуро алады. Париж аймағында бұл көрсеткіш 2 340 еуроға жуық.

Еске салайық, бұған дейін Францияда қымбатшылық, жанармай бағасының өсуі, әлеуметтік шығындардың қысқаруы мен саяси дағдарысқа наразы жүздеген мың адам көшеге шықты. Бастапқыда мектептердегі мұғалім тапшылығына байланысты басталған шерулер біртіндеп жалпыұлттық қозғалысқа ұласты. Наразылық кезінде тәртіпсіздіктер болып, мыңдаған адам ұсталды. Stan.kz Франциядағы халық наразылығының неден басталғанын және билік оған қалай жауап бергенін анықтады.

Айым Атамбаева
Сенбі, 28 Қараша, 2026 13:21