Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Франция халқы неліктен наразылыққа шықты: Қымбатшылық, миграция әлде саяси дағдарыс па?

митинг
Фото: Reuters

Биыл 17 қазанда Францияның түкпір-түкпірінде жаппай наразылық акциялары өтті. Франция Ішкі істер министрлігінің дерегінше, 17 қазандағы шерулерге шамамен 550 мың адам қатысқан. Ал Жалпы еңбек конфедерациясы (CGT) шеруге шыққандардың санын 800 мың деп бағалады. 19 қазандағы соңғы хабарламаларға сәйкес, демалыс күндеріндегі тәртіпсіздіктерге байланысты 2 400 адам ұсталған, кемінде 3 000 кәсіпкерлік нысан бүлінген.

 

Қақтығыс негізінде қашан басталды?

Қазіргі жаппай наразылықтар толқыны бір айға жуық уақыт бұрын, 21 қыркүйекте Париж маңында басталды. Ол кезде мектеп оқушылары шеруге шыққан еді. 29 қыркүйекте оларға мемлекеттік қызметкерлер қосылды. Ал қазан айында қымбатшылық пен мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы кәсіподақтар, студенттер және “сары жилеттер” қозғалысының өкілдері де шеруге шықты.

Наразылық қай жерлерде өтіп жатыр?

Наразылық Париж маңындағы елді мекендерден басталды. Қазан айының ортасына қарай наразылық бүкіл елге тарады. Белсенділер талаптарын кеңейтіп, қымбатшылық және мемлекеттік шығындардың қысқаруына қарсы шыға бастады. Бензин бағасының қымбаттауы да халықтың наразылығын күшейтті.

митинг
Фото: REUTERS/Stephane Mahe

Наразылық қалай өрбіді?

1. Наразылықтың басталуы: қыркүйектің ортасы

Наразылық алғашында Париждің солтүстігіндегі қала маңындағы мектептерде басталды. Оқушылар мұғалімдердің жетіспеуіне, сыныптардың толуына және мектептердің жағдайына наразы болып, ереуілге шыққан мұғалімдерді қолдады. Олар білім беру саласындағы мәселелерді шешіп, мектептерге қосымша қаржы мен мұғалім бөлуді талап етті. Оған қоса мектеп ғимараттарының тозуына және таңғы сағат 08:00-ден кешкі 18:00-ге дейін созылатын сабақ кестесіне шағымданды. Сонымен қатар олар 2027 жылға арналған бюджет жобасында білім беру саласына бөлінген шығынның аз екеніне шағымданды. 

Оқушылардың мүддесін қорғайтын студенттік одақ жетекшілері орта және жоғары білім беру саласына 10 миллиард еуро (шамамен 11,2 миллиард доллар) инвестиция салуды ұсынды.

2. Наразылықтың күшеюі: қыркүйектің соңы мен қазанның басы

Шеру қысқа уақыт ішінде елдегі 1000-нан астам мектепті қамтыды. Шерулер Марсель, Страсбург, Лион, Тур және Ренн қалаларында да өтті. Қазан айының басында жүздеген оқу орнының жұмысы тоқтады. Кей шерулер полициямен қақтығысқа ұласып, көліктер мен ғимараттар өртенді. Мектеп директорларына шабуыл жасалғаны да айтылып жатыр. 

Полициямен болған қақтығыстар кезінде бір жас наразылық білдіруші қолынан айырылған. Reuters агенттігінің хабарлауынша, оқиға Сент-Этьен қаласында болған. Жасөспірім полиция қолданған жарықшақты гранатаны көтеріп алмақ болған. Осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдарының күш қолдану тәсілдеріне қатысты мәселелер қайта көтеріліп, полиция әрекеттеріне байланысты тергеу жүргізіле бастады.

митинг
Фото: Reuters

3. Наразылықтың жалпыұлттық әлеуметтік-экономикалық қозғалысқа ұласуы

Қозғалысқа жаңа топтар қосылды. Мектеп оқушылары мен студенттерге кәсіподақтар, климат белсенділері, фермерлер және “сары жилеттер” қозғалысының өкілдері қосылды.

Бастапқыда білім беру саласындағы мәселелерге байланысты басталған наразылық біртіндеп елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарсы қозғалысқа ұласты.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, наразылықтың бастапқы себебі Париж маңындағы мектептерде мұғалім тапшылығы мен оқу ғимараттарының нашар жағдайына байланысты болды. Кейін қозғалысқа өмір сүру құнының өсуіне, жанармайдың қымбаттауына, жалақы мен зейнетақыға және мемлекеттік қызметтерді қаржыландыруға қатысты талаптар қосылды. Кәсіподақтар бағаны төмендетуді, жалақыны көтеруді және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді сақтауды талап етті.

Осылайша, бастапқыда білім беру саласындағы мәселелерге байланысты басталған наразылық кең әлеуметтік-экономикалық қозғалысқа ұласты. Оның ауқымының кеңеюіне халықтың тұрмыс деңгейіне қатысты шағымдары мен үкімет саясатына деген наразылығы да әсер етті.

Шерушілер қымбатшылыққа, жанармай бағасының өсуіне және үкіметтің бюджет шығындарын қысқарту жоспарына қарсы шықты. Францияның мемлекеттік қарызы 3,6 триллион еуродан асып, жалпы ішкі өнімнің 119%-ына жетуі де наразылыққа себепкер болды.

17 қазан күні болған шеру бүкіл елді қамтыды

Францияда 17 қазан күні өткен шеруге шамамен 550 мың адам қатысты. Елдің ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, Париж көшелеріне шамамен 110 мың адам шыққан. Ал Жалпы еңбек конфедерациясының дерегінше (CGT) шеруге қатысушылардың саны 800 мыңға жеткен.

митинг
Фото: Reuters

Демонстрациялар елдің бірнеше ірі қаласында өтті. Парижден бөлек, Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль тұрғындары да биліктің ішкі саясатына қарсылық білдірді. Кей қалаларда шерулер тонау, өрт қою және мүлікті бүлдіру әрекеттеріне ұласты.

Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню 17 қазан күні кешке ел бойынша 1 200 адам ұсталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, шерушілермен болған қақтығыстарда 150 полиция қызметкері жарақат алған. Париж, Лион және Страсбург қалаларында құқық қорғау органдары шерушілерге қарсы көзден жас ағызатын газ қолданды. Бұдан бөлек, ел астанасында қару және өзге де тыйым салынған заттарды алып жүрген 100 адам ұсталды.

Марсельде наразылық білдірушілер мэрия ғимаратына басып кіріп, бірнеше дүкенді қиратып, полиция бөлімшесіне кіруге әрекеттенген. Лионда туристік ақпарат орталығы өртенді. Авиньонда шерушілер префектураның ішкі ауласына кіріп, Гренобльде мэрия ғимаратына зақым келді. 

Лимож қаласында шамамен 140 жыл бұрын салынған мэрия ғимаратына өрт қойылып, нәтижесінде оның қоңырау мұнарасы опырылып түсті.

ғимарат
Фото: Eric Daugherty / Х

Франция үкіметі шұғыл кеңес өткізді

Наразылыққа қатысушылардың саны билік күткен межеден едәуір асып түсті. Франция билігі 17 қазанда Париж көшелеріне шамамен 40 мың адам шығады, ал елдің басқа өңірлерінде 150 мыңға жуық шеруші болады деп болжаған. Десе де бәрі олар күткендей болмады. Сол себепті ел үкіметі 17 қазан күні кешке шұғыл кеңес өткізді.

Премьер-министр Себастьен Лекорню тәртіпсіздіктерге “ультрасолшыл топтарды” кінәлады.

“Президент сайлауы қарсаңында тәртіпсіздіктерді пайдаланып, халықты қорқытқысы келетіндерге айтарым: біз оларға жол бермейміз. Ешкім күш көрсету арқылы өз дегенін істетіп, саяси мақсатына жете алмайды”, – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.

Макрон не дейді?

Франция президенті Эммануэль Макрон да наразылықтарға қатысты пікір білдірді.

“Біздің елде зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Тәртіпсіздік жасап, префектуралар мен дүкендерге шабуылдсаған, тіпті мэрияларды тонаған адамдар жауапқа тартылып, жазаланады”, – деді Макрон X желісінде.
жазба
Фото: X

Президент үкіметке қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қайта қарауды, оқиғалар кезінде полицияның қалай әрекет еткенін тексеруді және зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету жолдарын қарастыруды тапсырды. Премьер-министр Себастьен Лекорнюге саяси партиялармен, кәсіподақтармен және оқушылар ұйымдарымен кездесіп, жағдайды талқылау міндеті жүктелді. 

Алайда президенттің үндеуі саяси дауды тоқтатқан жоқ. Оңшыл және солшыл оппозиция өкілдері биліктің әрекетіне әртүрлі себеппен сын айтты. Оңшылдар үкіметті қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмады деп айыптаса, солшылдар наразылықтың әлеуметтік себептеріне жеткілікті көңіл бөлінбегенін алға тартты.

Саяси дағдарыс та наразылықтың кеңеюіне ықпал еткен факторлардың бірі болды. Билік тәртіпсіздіктерге қатысқандардың әрекетін айыптаса, оппозиция өкілдері үкіметтің қауіпсіздік шаралары мен әлеуметтік мәселелерді шешу тәсілін сынға алды. 2027 жылғы президент сайлауының жақындауы бұл оқиғалардың саяси маңызын арттырды. Дегенмен наразылықты тек Макронға қарсылық деп түсіндіру жеткіліксіз: қозғалыс мектептердегі жағдайға қатысты талаптардан басталып, кейін қымбатшылық пен мемлекеттік қызметтердің сапасына байланысты мәселелерді қамтыды.

Эйфель мұнарасы өртенді деген ақпарат рас па?

Франциядағы наразылықтар кезінде Эйфель мұнарасы өртеніп жатқан сәт көрсетілген видео тарады. Алайда бұл ақпарат расталмаған. Эйфель мұнарасының өртенгенін дәлелдейтін сенімді дерек жоқ.

мұнара
Фото: The Sun

Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі видео жасанды интеллект көмегімен жасалған болуы мүмкін екенін айтты. Ал басқалары жазба шынайы екен деп сенгенін жазды. 

“Бір сәтке рас екен деп ойлап қалдым”, – деп жазды пікір білдірушілердің бірі.

Видеоның жасанды интеллект көмегімен жасалғаны да әзірге расталған жоқ. Оның түпнұсқасы, түсірілген уақыты мен техникалық деректері тексерілмейінше, жазбаның шынайылығы туралы нақты қорытынды жасауға болмайды.

Десе де қазақстандық қолданушылар Эйфель мұнарасы сол баяғы күйінде жап-жарық, әп-әдемі болып тұрғанын жазды. 

мұнара
Фото: Threads скрин

 

Францияда жаппай тонау болып, кәсіпкерлер шығынға ұшырады

Едегі наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласып, дүкендер мен кәсіпкерлік нысандар зардап шекті. 18 қазан күні таңертең Париж көшелерінде сынған әйнектер мен қоқыс жатты. Тұрғындар үйінен шығып, бір күн бұрын болған оқиғалардың салдарын көрді.

Француз билігі мәліметінше, Парижден бөлек Лион, Марсель, Бордо, Ренн, Страсбург, Гренобль, Ницца және Лимож қалаларында да дүкендер тоналған. Ірі супермаркет желілері, соның ішінде Carrefour, Franprix және Monoprix, сәнді брендтердің бутиктері, барлар мен электрондық темекі сататын дүкендер шабуылға тап болған. 

тонау
Фото: Reuters

Қара киінген, беттерін бүркемелеген адамдар көшелерді аралап, дүкендердің әйнектерін сындырған. Олар темір жалюзилерді бұзып кіріп, сөрелердегі тауарларды алып кеткен.

Carrefour желісінің 50 дүкені зардап шекті

Carrefour компаниялар тобының басқарма төрағасы әрі бас директоры Александр Бомпар компанияның 50 дүкеніне шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Оның ішінде үй маңындағы шағын дүкендері мен супермаркеттері бар.

Оның айтуынша, зардап шеккен нысандар Париж, Ренн, Лилль және Бордода орналасқан.

“Басқа сауда желілерінің де 1 500 дүкені зардап шекті. Осындай шабуылдарға тап болған барлық кәсіпкерге қолдау білдіремін”, – деді Александр Бомпар.

Ол келтірілген шығынның адамдарға да, экономикаға да ауыр тиетінін айтты. 

“Серіктестерімізге тиесілі ондаған дүкен қызметкері енді қысқартылған жұмыс уақытымен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал бүлінген нысандарды қалпына келтіруге 10 миллион еуродан (5 млрд. теңге) астам қаржы қажет”, – деді ол.

Ал бар тапқанын кәсібіне салған бизнесмен енді қалай күн көремін деп отыр. 

“Енді қалай күн көріп, отбасымды асырайтынымды білмеймін”, – деді ол.

Ал оның көршісі кәсіпкерге көмектесу үшін қаражат жинауды ұйымдастыруды ұйғарған.

Париж мэрі зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуге уәде берді

Париж мэрі Эммануэль Грегуар қаладағы зардап шеккен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Ол бұзақылық әрекетінен зиян шеккен саудагерлерге көмектесетін шұғыл жұмыс тобын құруды сұраған.

“Бұл топтың міндеті – келтірілген шығынды бағалау, зардап шеккен дүкен иелеріне қолдау көрсету, әкімшілік рәсімдер мен сақтандыру компанияларына қатысты мәселелерді шешуге көмектесу. Қаланы күн сайын жандандырып отырған – сіздер. Енді Париж де сіздердің жандарыңыздан табылуы керек”, – деді ол.

Журналистерге шабуыл жасалды

17 қазан күні Париждегі Республика алаңының маңында оқиғаны түсіріп жүрген Euronews телеарнасының түсірілім тобына шабуыл жасалған. Журналистер басқа түсірілім орнына бара жатқанда, жақын маңдағы Intermarché Express супермаркетін тонап жатқан адамдарға тап болған.

журналистер
Фото: The Associated Press

Euronews-тің Париждегі тілшісі Эстель Нильссон-Жюльеннің айтуынша, беттерін бүркемелеген адамдар журналистердің түсірілім жасап жатқанын байқап, операторға шабуыл жасаған. Олар оператордың қолындағы микрофонды тартып алуға тырысып, екеуін қоршап алған.

“Біз супермаркеттің маңында, Мажента бульварында тұрдық. Дүкенді жасөспірімдер мен жастар тонап жатты. Олар біздің түсіріп жатқанымызды көргенде, операторымды ұра бастады, микрофонын тартып алуға тырысты және айналамызды қоршап алды”, – деді тілші.

Оның сөзінше, кейін шабуыл жасағандар операторды қабырғаға тіреп, ұруды жалғастырған. Тілшінің өзі де соққы алған. Оператордың бетін қорғаныш көзілдірігі мен маскасы сақтап қалған.

Президент сайлауы қарсаңында...

17 қазандағы шерулер кезінде дүкендер тоналып, қоғамдық ғимараттар бүлінді, полициямен қақтығыстар болды. Бұл жағдай президент Эммануэль Макронның билігіне қатысты сынның күшеюіне түрткі болды. 

митинг
Фото: Reuters

Оқиғалар 2027 жылы президент сайлауына шамамен алты ай қалғанда болып отыр. Сайлаудың бірінші кезеңі 2027 жылы 18 сәуірде, екінші кезеңі 2 мамырда өтеді деп белгіленген. 

Макрон үшін бұл — президенттік мерзімінің соңғы кезеңі. Франция Конституциясы бір адамның қатарынан екі мерзімнен артық президент болуына жол бермейді. Сондықтан ол 2027 жылы сайлауға қайта қатыса алмайды. Ал елдегі саяси күштер оның мұрасын бағалап, келесі президенттікке кімнің лайық екенін дәлелдеуге тырысып жатыр.

Неліктен Макронның билігіне наразылық күшейді?

Эммануэль Макрон 2017 жылы президент болып сайланған кезде өзін дәстүрлі оңшыл және солшыл партияларға балама ұсынатын реформатор ретінде танытты. Ол экономиканы жаңғыртуға, еңбек нарығын өзгертуге және Францияның бәсекеге қабілетін арттыруға уәде берді.

Макрон
Фото: championat.com

Алайда оның президенттігі кезінде қабылданған бірқатар шешім қоғамның бір бөлігінің наразылығын туғызды. Әсіресе әлеуметтік төлемдерді қысқарту, білім беру саласындағы өзгерістер және үкіметтің шешім қабылдау тәсілі жастардың көңілінен шықпады.

Le Monde басылымының жазуынша, Макронның жастар арасындағы беделі біртіндеп әлсіреді. Бұған тұрғын үй жәрдемақыларының қысқаруы, білім беру жүйесіндегі реформалар және жастардың болашағына қатысты сенімсіздік әсер етті. 2026 жылы қыркүйек айынан бері мектеп оқушыларының шеруге шығуы осы мәселелердің әлі де шешілмегенін көрсетті. 

Марин Ле Пен неліктен назарда?

2027 жылы болатын президент сайлауы қарсаңында басты назар аударып отырған саясаткерлердің бірі — оңшыл “Ұлттық бірлестік” партиясының жетекшісі Марин Ле Пен. Ол бірнеше жылдан бері Франциядағы иммиграцияны шектеу, ұлттық қауіпсіздікті күшейту және елдің саяси бағытын өзгерту керегін айтып келеді.

Ле Пен мен оның партиясы қоғамдағы наразылықты қазіргі биліктің саясатына көңілі толмайтын сайлаушыларды өз жағына тарту үшін пайдалануға тырысуы мүмкін. Әсіресе қауіпсіздік мәселесі өткір болып тұрған кезде оңшыл күштер тәртіп орнату мен мемлекеттік бақылауды күшейту туралы ұсыныстарын алға шығарады.

саясаткер
Фото: The Guardian

Марин Ле Пен 2025 жылы Еуропалық Одақ қаражатын жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылған еді. 2026 жылғы шілдеде апелляциялық сот үкімді күшінде қалдырғанымен, оның сайлауға түсуіне қатысты шектеуді қысқартты. Осыдан кейін Ле Пен 2027 жылғы президент сайлауына қатысатынын мәлімдеп, үкімге қайта шағымданатынын айтты. Сондықтан оның сайлауға қатысуына қатысты құқықтық жағдайды қадағалау қажет.

Сайлау алдындағы сауалнамалар не көрсетеді?

2026 жылы қазанның ортасында жарияланған сайлау сауалнамалары Марин Ле Пеннің ықтимал үміткерлер арасында алда келе жатқанын көрсетті. USPollingData жинақтаған бірнеше сауалнаманың орташа көрсеткішінде Ле Пеннің бірінші кезеңдегі ықтимал қолдауы 34,2%болған. Жан-Люк Меланшон шамамен 16,9%-бен келесі орында тұрса, бұрынғы премьер-министр Эдуар Филипп пен басқа да ықтимал үміткерлердің көрсеткіштері бұдан төмен болған. 

Дегенмен бұл сандарды сайлаудың нақты нәтижесі деп қабылдауға болмайды. Біріншіден, сайлау бірнеше айдан кейін өтеді. Екіншіден, барлық саясаткер кандидатурасын ресми түрде ұсынған жоқ. Үшіншіден, Ле Пеннің сайлауға қатысуына қатысты жағдай өзгеруі мүмкін.

Сауалнамалар тек қазіргі қоғамдық көңіл күйді көрсетеді. Наразылықтан кейін сайлаушылардың көзқарасы өзгеруі мүмкін, бірақ оның қай саяси күшке пайда әкелетінін алдын ала нақты айту қиын.

Миграция Франциядағы наразылықтың себебі болды ма?

Франциядағы жаппай наразылықтан кейін миграция мәселесі халықаралық саяси пікірталастың бір бөлігіне айналды. Кейбір шетелдік саясаткерлер елдегі тәртіпсіздіктерді көші-қон саясатымен байланыстырып, Францияның шекаралық бақылауын күшейту қажеттігін алға тартты.

Атап айтқанда, АҚШ президенті Дональд Трамп 18 қазанда әлеуметтік желіде Франциядағы оқиғаларға пікір білдіріп, ел шекарасын жабуға шақырды. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс те Франциядағы жағдайды иммиграция және мигранттардың қоғамға бейімделуі мәселелерімен байланыстырды. Ал Ресей президентінің АҚШ-пен байланыс жөніндегі арнайы өкілі Кирилл Дмитриев тәртіпсіздіктерді Еуропаның көші-қон саясатына қатысты қателіктерімен түсіндіруге тырысты. Бұл туралы Le Monde басылымы 19 қазанда хабарлады.

Алайда мұндай пікірлерді наразылықтың нақты себептерін дәлелдейтін дерек ретінде қарастыруға болмайды. Reuters агенттігінің мәліметінше, Франциядағы наразылықтар бастапқыда Париж маңындағы мектептерде мұғалім тапшылығы мен оқу ғимараттарының жағдайына байланысты басталған. Кейін қозғалысқа өмір сүру құнының өсуіне, жанармайдың қымбаттауына, әлеуметтік теңсіздікке және мемлекеттік қызметтердің сапасына қатысты талаптар қосылды.

Демек, миграция тақырыбы наразылықтың негізгі себебі ретінде расталмаған. Ол оқиғадан кейінгі саяси пікірталаста, әсіресе 2027 жылғы президент сайлауы қарсаңында, билік пен саяси күштердің ұстанымдары талқыланған кезде алға шықты. Франциядағы тәртіпсіздіктерге қатысқан адамдардың барлығын мигранттармен байланыстыруға да негіз жоқ.

17 қазандағы наразылық елдегі әлеуметтік мәселелердің әлі де өзекті екенін және Макронның президенттігіне қатысты қоғамдық пікірдің біркелкі емес екенін көрсетті. Бірақ бұл оқиғалар 2027 жылы болатын сайлаудың нәтижесін алдын ала анықтай алмайды.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 19 Қазан, 2026 18:37