Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Картада жоқ ауылдың тұрғындары құжатсыз өмір сүріп жатыр

Ауыл тұрғын құжат жоқ
Фото: Видеодан скрин

Шығыс Қазақстанның картада жоқ елдімекенінің халқы облыс әкімінен көмек сұрады. Себебі, мәртебесіз "ауылдағы" жүзден астам тұрғын мемлекеттік көмектерден қағылып, тіпті құжаттарын рәсімдей алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қайыңды ауылы өмірде бар болғанымен Қазақстанның картасында жоқ. 1948 жылы іргесі қаланған елдімекенде қазір жүзден астам тұрғын бар. Бірақ қағаз жүзінде бұл жерде тірі жан жазылмаған. Тіпті осында туған сәбиге құжат алу үшін өзге ауылдағы туыстарының үйіне тіркелуге тура келеді. 

“Мәртебесі болмағаннан кейін мына жол да жөнделмейді. Мына электр сымдары да жөнделмейді. Қыста қар үрлегенде мынау таудың іші мынау өзі. Қиындау болады сонда. Бұл жерде магазин жоқ, ештеңе жоқ”, – дейді Қайыңды ауылының тұрғыны Ғалым Тілеуімбетов.

Сонда да халық ауылын тастап көшкісі келмейді. Керісінше, өңірдің болашағына сеніммен қарайды. Мемлекет тарапынан қолдау болып, тұмса табиғаттың игілігін туризмді дамытуға бағыттауды армандайды. Ауыл жанданса, нәпақа табудың да жаңа мүмкіндіктері ашылар деп ойлайды.

“Әрине, болашағы бар. Себебі, ауыл көрікті, жақсы. Бұл жердің табиғаты әсем. Адамдар келеді. Егер мәртебе берілсе демалыс орындарын ашуға болады. Демалушылар келер еді. Туризм арқылы ауыл жанданады ғой”, – дейді Қайыңды ауылының тұрғыны Владимир Суворов.

Самар ауданының әкімдігі орман қорынан 30 гектар жер бөлініп, қазір елдімекеннің шекарасын бекіту жұмысы жүріп жатқанын жеткізді. Десе де, халықтың ертең-ақ қолға құжат алып, толыққанды заңды тұрғынға айналуы екіталай.

“Тұрып жатқан үйлерге құқық беру туралы сотқа жүгініп, содан кейін жер кодексінің 52-бабына сәйкес, жер учаскелерін, тұрған үйлерін рәсімдейміз деген ойымыз бар. Ол рәсімдеу жұмыстары келесі жылға көшіріледі. Ал биылғы жылға ауылдың, нақты Қайыңды ауылының шекарасын бекітіп, отырғызу біздің осы жылдың аяғына дейін атқаратын жұмысымыз осы”, – Самар ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қуат Әлкенов. 

Шенеуніктер ауыл мәртебесін келесі жылдың жазына дейін жасаймыз деп уәде берді. Иесіз қалып, тозығы жеткен электр желісі мен ойлы-қырлы жолдың жыры содан кейін ғана шешімін таппақ.

Бұған дейін Қазақстанда енді 500 тұрғыны бар елді мекендерге кент мәртебесі берілетіні туралы жазған едік. Қазіргі заңнамада бұл көрсеткіш 3 мың тұрғын болып бекітілген.

Бұдан бөлек, заңда президент, үкімет және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктер нақтыланған. Мемлекет басшысы:

  • облыстар мен аудандарды құруға және таратуға;
  • елді мекендерге республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар қала мәртебесін беруге құқылы болады.

Ал үкімет президент қарауына ұсыныстар енгізеді. Сонымен қатар министрлер кабинетінің құзыретіне астананың, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шекарасын белгілеу және өзгерту мәселелері қосылды.

Айым Болатқызы
Бейсенбі, 12 Қараша, 2026 08:46