Тоқаев ҰҚШҰ елдерін қауіпсіздік мәселелерінде күш біріктіруге шақырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Саммитке Қазақстан президентімен бірге Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ ҰҚШҰ Бас хатшысы Таалатбек Масадыков қатысты.
Президенттер ҰҚШҰ аясындағы ықпалдастықтың негізгі аспектілерін қарастырып, Ұйымның 2026 жылы атқарған қызметінің нәтижесіне баға берді әрі алдағы кезеңге арналған жұмыстың басты бағыттарын айқындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир Путинге ризашылығын білдіріп, Ресей тарапының биыл ҰҚШҰ-ға өте нәтижелі төрағалық еткенін атап өтті.

Президент халықаралық терроризммен күрес, есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жасанды интеллект технологиясының ықпалы ұлғайып келе жатқанын ескере отырып, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту бағыттары бойынша күш-жігер жұмылдыру қажет екеніне назар аударды.
Қазақстан президенті сөз соңында ҰҚШҰ-ға төрағалық ететін Тәжікстанның көшбасшысы Эмомали Рахмонды құттықтап, осы жауапты миссияны атқаруда сәттілік тіледі.

Жиын қорытындысы бойынша Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.
Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ортақ мүддесіне сай ұжымдық қауіпсіздікті одан әрі нығайтуды көздейтін бірқатар құжатқа қол қойылды.
Еске салсақ, бұған дейін Тоқаевтың ҰҚШҰ саммитіне қатысу үшін Мәскеуге барғаны туралы жазған едік.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр