"Өлемін деп ойладым": Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашты деген күдікке ілінді
Шымкентте 42 жастағы Гузаль Каратаеваға белгісіз біреу күкірт қышқылын шашқан. Салдарынан әйелдің беті, мойны, кеудесі, іші, арқасы мен қолы қатты күйген. Полиция күдікті ретінде оның бұрынғы күйеуін ұстады. Қазір жәбірленуші бірнеше күрделі операцияға мұқтаж. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Времяға” сілтеме жасап хабарлайды.
Гузаль Каратаева өмірінде екі рет тұрмыс құрған. Алғашқы некесінен екі баласы бар. Оның айтуынша, 14 жыл бойы күйеуінің қысымына шыдап келген. Ол кезде мұндай қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп қабылдап, көп отбасы осылай өмір сүреді деп ойлаған. Тіпті жолдасының туберкулезбен ауыратыны анықталғанда да оны тастап кетпеген. Ауруханаға барып, күтім жасап, емделуіне көмектескен.
Кейін күйеуі қайтыс болып, Гузаль екі баласымен жалғыз қалады.
2013 жылы әкімдік оған жалдамалы екі бөлмелі пәтер береді. Әйел сол баспанада аз ғана төлем төлеп тұруға мүмкіндік алады. Балаларын асырау үшін сатушы болып жұмысқа орналасады. Ұлы мен қызын жалғыз тәрбиелеп жүргенде құрбылары оны қайта тұрмысқа шығуға үгіттеп, бірнеше ер адаммен таныстырады.
Солардың бірімен араларында қарым-қатынас басталады. Үш ай кездескеннен кейін ер адам үйленуге ұсыныс жасайды. Гузаль оған алдымен анасының алдынан өтіп, келісімін алу керегін айтады.
Алайда әйелдің анасы Нигара Мурзаметова қызының бұл шешімін құптамаған.
“Бұл 2019 жылдың басы еді. Анамызды жаңа ғана жерлеген болатынбыз. Қаралы күндер әлі аяқталмаған. Сол кезде қызым күтпеген жерден тұрмысқа шығатынын айтты. Абдырап қалдым. Біріншіден, үйде қаралы жағдай. Екіншіден, ол адамды мүлде танымаймыз. Соған қарамастан құда түсуге келді. Жігіт қызымның саусағына сақина тағып, қолын сұрады. Мен қарсылығымды жасырмадым. Қызыма жақсылап ойлануын өтіндім”, – дейді анасы.
Соған қарамастан Гузаль тұрмысқа шығуға бел буады. Екеуі мешітте неке қидырғанымен, АХАТ органдарында некелерін ресми тіркемеген.
“Аяғын жуғызып, шұлығын кигізген”
Үйленгеннен кейін ер адам Гузальдің екі бөлмелі пәтеріне көшіп келеді. Көп ұзамай өзін үйдің толық қожайыны ретінде ұстай бастаған.
Әйелінің жұмыс істеуіне тыйым салып, оның екі баласын да қатаң бақылауға алған. Әсіресе кенже ұлына жиі тиісетін болған. Гузальдің туыстарының айтуынша, өгей әкесі баланы қақаған қыста бір шелек суық сумен көлігін жууға мәжбүрлеген.
Уақыт өте келе үйдегі жағдай тіпті қиындай түседі. Сол кезде Гузаль жүкті болатын. Алайда күйеуі оның жағдайына қарамастан, өзіне қызмет етуді міндеттеген. Әйел күйеуінің аяғын жуып, ваннада шомылдыруға тиіс болған. Сондай-ақ оның шұлығы мен аяқкиімін кигізіп, шешіп, сыртқа шығар алдында аяқкиімін сүртіп беруі керек еді.
Мұның бәрін көрген Гузальдің қызы қорқып, әжесіне жылап шағымданады. Бірақ анасы отбасын сақтап қаламын деген оймен бәріне төзе берген. Күйеуі әйелдің телефонын тартып алып, кіммен сөйлескенін, кімге хабарлама жазғанын тексеріп отырған. Осылайша оның өмірін толық бақылауына алған.

Ер адам көлік алып-сатумен айналысқандықтан, кейде басқа жаққа кететін. Отбасы оның үйде болмаған күндері ғана еркін тыныстай алған. Гузальдің айтуынша, күйеуі үйге азық-түлік әкелгенімен, қолына ақша бермеген. Керісінше, алғашқы күйеуінен қалған екі баласына мемлекет төлейтін асыраушысынан айырылу жәрдемақысын оның картасынан шешіп алып отырған.
2019 жылдың қазанында олардың ортақ қызы дүниеге келеді. Осы кезде Гузальдің денсаулығы да нашарлаған. Қаназдыққа шалдыққан әйел әлсіреп, өзін жайсыз сезіне бастаған.
“Басында бәрі жақсы болады деп ойладым. Ол бұрынғы некесінен туған екі баласын менің балаларыммен таныстырды. Көп нәрсеге уәде берді. Берік отбасы боламыз деп сендім. Мен де ел қатарлы өмір сүргім келді. Оның үстіне жұрт “Тұрмысқа шыға сала ажырасып кетті” деп айтпасын дедім. Бірақ көп ұзамай бұл адаммен өмірімді байланыстырғаным қате болғанын түсіндім”, – дейді Гузаль.
Әйелдің атына 600 мың теңге несие алып, кетіп қалған
Олардың отбасылық өмірі екі жылға ғана созылған. Осы уақыт ішінде үйдегі жағдайдың қиындағаны сонша, Гузальдің үлкен екі баласы әжесінің қолына көшуге мәжбүр болған.
Гузальдің айтуынша, бір күні күйеуі бұрынғы әйелі сотқа арыз түсіргенін айтып, адвокат жалдау үшін ақша қажет екенін жеткізген.
“Алдымен оның бұрынғы әйелі сотқа шағымданғанын білдім. Күйеуім адвокатқа ақша керегін айтты. Сол кезде банктен маған несие ұсынған қоңырау түсті. Ол мұны естіп, несие алуымды сұрады. Қарызды өзі төлейтінін айтып сендірді. Сөйтіп мені банкке ертіп барып, атыма 600 мың теңге несие рәсімдетті”, – дейді әйел.
Бір қызығы, сол уақытта Гузальдің тұрақты табысы болмаған. Ол тек екі баласына төленетін асыраушысынан айырылу жәрдемақысына күн көріп жүрген. Соған қарамастан банк оның атына несие рәсімдеуге келіскен. Мұнымен шектелмеген күйеуі енесінен де ақша алған. Ол отбасына қажет көлік сатып алатынын айтып, қайын енесінен 300 мың теңге қарыз сұраған. Осы ақшаларды алғаннан кейін ер адам кетіп қалып, ұзақ уақыт хабарсыз кеткен.
Гузаль мен оның туыстары оны банк қызметкерлері қарызды өтеуді талап етіп қайта-қайта хабарласа бастағанда іздеген. Кейін ер адам енесінен алған 300 мың теңгені қайтарғанымен, әйелінің атына рәсімделген несиені төлемеген.
Осылайша берешек өсіп, бір миллион теңгеге жеткен. Гузальдің банк шоттарына бұғат қойылған. Қазір бұл қарызды оның ағасы біртіндеп өтеп жүр. Ал бұрынғы күйеуі ортақ қыздарына ай сайын 21 500 теңге алимент төлеп келген.
“Бұрынғы күйеуі оны әлі де өз меншігіндей көрген”
Ажырасқаннан кейін Гузаль балаларын асырап, өмірін қайта құруға тырысады. Ол шугаринг шебері болып жұмыс істеп, табыс таба бастаған. Өзіне күтім жасап, бұрынғы ауыр өмірін ұмытуға ұмтылған.
Бұрынғы күйеуі ортақ қыздарын екі рет көруге келген. Бірі былтыр, екіншісі биыл шілдеде болған. Кездесу кезінде Гузаль онымен несие мәселесін шешуге тырысқан. Әйел бұрынғы күйеуін банк алдындағы қарызды өтеуге көндіремін деп үміттенген. Алайда оның айтуынша, ер адам нақты әрекет етудің орнына құр уәде беріп, қорқытып, түрлі талап қойған. Ал кейінгі кездесуде жанжал тіпті ушығып кеткен.
Ер адам Гузальдің өз-өзіне күтім жасап, жұмыс тауып, еркін өмір сүре бастағанын көріп, қызғана бастаған. Гузальдің сөзінше, ол әйелдің өз бетінше өмір сүргенін қабылдай алмай, сол кездесуде жанжал шығарып, оны тұншықтыруға дейін барған.
Алайда ең қорқынышты жағдай бірнеше күннен кейін болған.
“Клиентпін” деп алдап, таңғы сағат төртте шақырған
Кейінгі кездесуден кейін бұрынғы күйеуі Гузальге қайта-қайта хабарлама жазған. Ол жақын арада Алматыға кететінін айтып, тіпті сол қалада жүргендей сурет те жіберген.
Алайда кейін белгілі болған мәліметтерге қарағанда, ер адам осы уақытта шабуылға дайындалған болуы мүмкін. Күдікті күкірт қышқылын тауып алған. Мұндай аса қауіпті химиялық зат еркін саудада оңайлықпен сатылмайды. Сондай-ақ ол өзінің басқа телефон нөмірін Гузальдің ұялы телефонына әйел клиенттің атымен сақтап қойған.
1 тамызда дәл осы нөмірден хабарлама келген. Хабарласқан адам өзін клиент ретінде таныстырып, шугаринг жасатқысы келетінін айтқан. Ол таңертең ерте жолға шығатынын жеткізіп, процедураны түн ішінде, шұғыл түрде жасап беруді өтінген. Гузаль клиенттің өтінішін жерге тастамай, таңғы сағат 04:00-ге келіседі.
Тіпті уақытында ояну үшін телефонына оятқыш қояды. Алайда ұйықтап қалып, оятқышты естімеген. Біраздан кейін телефон қоңыраулары оятады. Артынша клиент атынан хабарлама келеді.
“Қайдасыз? Мен салонның алдында тұрмын”, – деп жазған белгісіз адам.
Гузаль жақын жерде тұратынын айтып, қазір жететінін жеткізеді. Сөйтіп ештеңеден күдіктенбеген әйел жұмыс орнына қарай жолға шығады.
“Қышқыл денемді күйдіріп жатты. Сол жерде өлемін деп ойладым”
Гузаль сол таңдағы оқиғаны әлі күнге дейін қорқынышпен еске алады. Әйелдің айтуынша, көшеде келе жатқанда артынан біреудің аяқ дыбысын естіген. Қорыққанынан бұрылып қарауға батылы жетпей, жүрісін жылдамдатқан.
Жолға жақындаған сәтте белгісіз біреу оны қатты ұстап алған.
“Қатты қорыққанымнан бүкіл денем дірілдеп кетті. Артымнан біреудің келе жатқанын естідім. Бұрылып қарауға қорқып, жылдамырақ жүре бастадым. Жолға жақындағаным сол еді, біреу мені қатты ұстап алды. Дулыға, күртеше мен қолғап киген адамды ғана байқап үлгердім. Кенет үстіме қышқыл құйыла бастады. Жанымды қоярға жер таппай айғайладым. Ал қышқыл тоқтаусыз құйылып, терімді күйдіріп жатты. Сол жерде өліп кетемін деп ойладым”, – дейді Гузаль.
Шабуыл жасаған адам қышқыл құйылған ыдысты сол жерде тастап, оқиға орнынан тез қашып кетеді. Ал күйік шалған әйелге кездейсоқ өтіп бара жатқан жүргізуші көмектескен. Ол көлігін тоқтатып, жедел жәрдем шақырған және зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетуге тырысқан. Шамамен жарты сағаттан кейін Гузаль аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер оның денесінде терең химиялық күйіктер бар екенін анықтаған. Қышқыл кей жерлерде тері астындағы тіндерге дейін зақым келтірген. Әйел гипербариялық оксигенация орталығына жатқызылған. Мұнда дәрігерлер екі айдан астам уақыт бойы оның күйген терісін емдеп, жансызданған тіндерді тазартқан. Кейін Гузаль тағы бір рет ауруханаға түскен.
Қышқыл оның бетін, мойнын, арқасының бір бөлігін, кеудесін, ішін, тіпті қолдарының саусақтары мен білектерін де күйдірген.

“Небәрі 20% деп көрсеткен”
Шабуылдан кейін полиция күдіктіні сол күні Алматыда ұстаған.
Шымкент полициясының мәліметінше, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру дерегі бойынша тергеліп жатыр. Алайда Гузальдің адвокаты мұндай саралаумен келіспейді.
Жәбірленушінің құқығын Шымкентте әйелдер мен балаларды қорғаумен айналысып жүрген адвокат Гүлайхан Тұрсұманова қорғап жатыр. Ол іске кірісе салысымен сот-медициналық сараптаманы қайта жүргізу туралы өтініш берген.
Адвокаттың айтуынша, ауруханадан берілген медициналық құжатта әйел денесінің небәрі 20%-ы күйгені көрсетілген. Осы қорытындыға сүйеніп, тергеу жарақатты ауырлығы орташа деп бағалаған.
“Медициналық анықтамада күйік денесінің 20%-ын қамтыған деп жазылған. Соның негізінде іс Қылмыстық кодекстің 107-бабымен қозғалған. Тергеу жарақатты ауырлығы орташа деп танып отыр. Бұл бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал күйік көлемі 21% болса, денсаулыққа ауыр зиян келтіру ретінде қарастырылып, алты жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін. Бірақ емдеуші дәрігер күйіктің аумағын сызғышпен өлшеп отырмайтынын айтты. Оның қандай күйге түскенін көзбен көрген адамның өзі түсінеді емес пе? Әйелдің бет-әлпеті адам танымастай өзгерді. Оған тері ауыстыру үшін бірнеше күрделі әрі қымбат операция қажет. Біз істің қайта саралануына қол жеткізуге тырысамыз”, – дейді адвокат.
Қорғаушы әбірленушінің жарақаттары толық әрі жан-жақты бағалануы керек, ал істің қазіргі саралануы шабуылдың салдарын тиісті деңгейде көрсетпейді деп есептейді.
Адвокат Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығы бұл істі жеке бақылауына алып, тергеудің кәсіби әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз етеді деп үміттеніп отыр.
Бет-әлпеті өзгеріп, тамақ ішудің өзі қиындаған
Қазір Гузальдің денсаулығы әлі толық қалпына келген жоқ.
Дәрігерлер ең терең күйген жерлеріне тері ауыстыру операциясын жасаған. Алайда бұл сыртқы келбетін қалпына келтіруге арналған косметикалық ота емес. Дәрігерлер ең алдымен зақымданған тіндерді жауып, ағзасын одан әрі асқынудан қорғауға тырысқан. Шабуыл кезінде Гузаль көзін жұмып үлгерген. Соның арқасында көру қабілеті сақталып қалған. Дегенмен қышқыл қабақтарына тиген.
Ауыз айналасындағы жаралар да толық жазылмағандықтан, әйелге тамақ ішудің өзі қиын. Күйіктің салдары оның дене қалпына да әсер еткен. Жарақаттардың басым бөлігі денесінің сол жағында орналасқандықтан, терінің тартылуы денесін бір жағына қарай қисайтып жіберген. Қазір анасы қызымен бірге тұрып, оған күнделікті күтім жасап жүр.
Гузаль алдағы уақытта бірнеше күрделі операциядан өтуі керек. Әсіресе тері ауыстыру және зақымданған аймақтарды қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Алайда емдеуге қанша ақша жұмсалатыны әзірге белгісіз.
“Жан жарасы да жазылар емес”
Гузальдің тән жарақатымен қатар, психологиялық жағдайы да ауыр. Басынан өткен жантүршігерлік оқиға оның өмірін түбегейлі өзгерткен.
Әйелге кәсіби психологиялық көмек те қажет, алайда оның мұндай көмекті тегін алу мүмкіндігі болмаған. Сондықтан ол шабуылдан кейінгі қорқыныш пен күйзелісті өз күшімен еңсеруге мәжбүр. Әйел бар мұңын адвокатына айтып, одан қолдау тауып жүр.
Оның үстіне отбасы алдағы операцияларға қаражат іздеуі керек. Бұрынғы күйеуімен арадағы қаржылық мәселелер де әлі шешілмеген. Гузальдің анасы қызының жанынан бір сәтке де алыстамауға тырысады. Ол қызының денсаулығы қалпына келіп, бұрынғы өміріне қайта оралғанын қалайды.
Ал адвокат Гүлайхан Тұрсұманова қылмыстық істің қайта сараланып, күдіктінің әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуін талап етіп отыр. Қазір әйелдің өмірін өзгерткен шабуылға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін қышқыл сұйықтықтан зардап шеккен әйел бұрынғы күйеуінің қорқытып келгенін айтқаны хабарланған еді.
Астаналық тұрғын ұлының Қазақстанда жоқ диагнозына ем таппай жүр