Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бес жыл бойы аңдыған": Қышқыл сұйықтықтан зардап шеккен әйел бұрынғы күйеуінің қорқытып келгенін айтты

күйеуі қышқыл шашып жіберген
Фото: Видеодан скриншот/ПИСЬМА ПРЕЗИДЕНТУ

Шымкентте бұрынғы күйеуі қышқыл сұйықтық шашқан әйел оқиғасын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жәбірленуші бұрынғы күйеуінің мұндай нәрсеге қабілетті екенін ешқашан ойламаған. Ерлі-зайыпты бес жыл бұрын ажырасқан, бірақ ер адам оны қызғанып, аңдуын қоймаған. Тіпті оның атынан несие алып, кейін төлемегенін айтады.

Әйел сұлулық салонында жұмыс істейді. Сол тағдырлы кеште бұрынғы күйеуі оны үйден алдап шығарған. Ол клиент ретінде хат жазып, жазылып қойған. Көшеде әйелді аңдып, артынша қышқыл шашып жіберген.

“Бұрын “мүгедек қыламын” деп қорқытатын. Мұның бәрін әдейі жоспарлаған. Мен оған “сізге емделу керек, тексеруден өту керек, бірдеңе дұрыс емес, өзіңізді оғаш ұстайсыз” дедім. Есі дұрыс адам баласының көзінше анасын тұншықтырмас еді”, – деді жәбірленуші.

Әйел бұған дейін жиі денесі көгеріп жүрген. Бірақ ол мұндай қорқынышты нәрсені күтпеген еді. Оның басы, беті, мойны, кеудесі, қолы, арқасы және иығы қатты күйік алған. Оған ұзақ емдеу, тері трансплантациясы және оңалту қажет болады.

Жәбірленушінің анасы ер адамның шабуылға алдын ала дайындалғанына сенімді. Ол өзін қорғау үшін қышқыл, қолғап және қорғаныс костюмін сатып алғанын айтады.

“Қызымның айтуынша, ол комбинезон мен арнайы бас киім киген. Оны ауыр дене жарақатын салды деп айыптап жатыр, бірақ бұл жолы ол қышқылды, бас киім, комбинезон мен қолғапты алдын ала дайындап, оны өлтіруге оқталан. Ол алдын ала біреуді өлтіруге дайындалғаны көрініп тұр”, – деді жәбірленушінің анасы.

Шабуылдан кейін күдікті қашып, Алматыда ұсталған. Қылмыстық іс қозғалды, ал ер адам қамауда.

Еске салсақ, Шымкентте бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырып, бетіне қышқыл сұйықтық шашып жіберген.

Қырмызы Скендір
Жексенбі, 16 Тамыз, 2026 12:27