Қазақстан мұнайы экспортталатын Ресей портына дрондар шабуыл жасады
11 қарашаға қараған түні Ресейдің Ленинград облысындағы Усть-Луга портына ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады. Шабуылдан кейін порт аумағында өрт шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко шабуыл болғанын растады.
“Өрт шықты. Оны сөндіруге қажет күштер мен техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Усть-Лугадағы трансформатор қосалқы станциясы апатты жағдайда істен шықты. Қосымша ақпарат нақтыланып жатыр”, – деп жазды ол.
Украиналық мониторинг арналары порт аумағындағы ірі өрттің видеосын жариялады. Олардың мәліметінше, өрттен шыққан жалын ондаған шақырым жерден көрінген. Ресейлік ақпарат көздері де Ленинград облысына жаппай дрон шабуылы жасағанын хабарлады.

Губернатордың мәліметінше, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері 146 дронды жойған.
Порттың Қазақстанға қандай қатысы бар?
Усть-Луга – Балтық теңізі жағасындағы Ресейдің ірі порттарының бірі. Ол арқылы мұнай мен мұнай өнімдері шетелге экспортталады. Қазақстан да мұнай тасымалдау үшін осы портты пайдаланып келген.
“ҚазТрансОйл” ұлттық компаниясының мәліметінше, 2026 жылдың шілдесінде Усть-Луга бағытына 286 мың тонна, ал тамызда 200 мың тонна қазақстандық мұнай жөнелтілген. Осылайша, бір айда тасымал көлемі 30% азайған.
5 қарашада Қазақстан Энергетика министрлігі Ресей тарапына Усть-Луга порты арқылы мұнай жөнелтуді қайта бастау туралы өтініш жасағанын хабарлады. Ведомство Ресей аумағындағы транзиттік бағыттармен мұнай тасымалдау инфрақұрылымындағы техникалық ақауларға байланысты шектелгенін түсіндірген. Осыған орай Қазақстан экспорттық мұнайдың бір бөлігін өзге бағыттарға бұрған.
Айта кетейік, Усть-Луга порты бұған дейін де бірнеше рет дрон шабуылына ұшыраған. Наурыз, тамыз және қыркүйек айларында порт аумағында өрт шығып, инфрақұрылымға зақым келген.
Айта кетейік, бұған дейін Украина Мәскеуге жаппай дрон шабуылын жасап, мұнай өңдеу зауыты зақымданып, 3 адам қаза тапқан еді. Ал кемінде 20 тұрғын жараланды. Ресей билігі мәліметінше, шабуыл қалаға жасалған ең ауқымды дрон соққыларының бірі болған
Шетелде үйсіздерге ай сайын 850 мың теңгеге дейін төленеді: Қазақстанда баспанасыздарға қандай көмек бар