Алматыда баланы пышақтап өлтірген жасөспірім интернатқа ауыстырылып, ата-анасы 86 мың теңге айыппұлмен құтылды
Алматыда 12 жастағы Абылайханды пышақтап өлтірген жасөспірім бір жыл бойы Семейдегі арнайы мектеп-интернатта білім алады. Ал оның ата-анасына небәрі 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Алайда қыршын кеткен баланың жақындары мұндай шешімді әділетсіз деп санайды. Олар істің сотқа жетпей тоқтатылғанына наразы. Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлілердің жазасыз қалғанын айтып, заңға өзгеріс енгізуді талап етпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұмның әжесі Сағадат Өсенованың айтуынша, немересінің өліміне қатысты қабылданған шешім отбасының жан жарасын одан сайын тереңдеткен. Ол жасөспірімнің әрекетіне тиісті құқықтық баға берілмегеніне қапалы.
“Итімді өлтіргендей болып келіп-кетті. Сонда қалай?! 13 жастағы балалардың бәрі 14-ке толмадық деп адам өлтіре бере ме?! Соңғы бес айдың ішінде өзім біліп отырған төрт өлім бар. 13 жастағы бала біреуді өлтіріп кетіп жатыр. Біз білмейтін жағдайлар қаншама?!”, – деді әже.
Марқұмның әжесінің сөзінше, немересінің өмірін қиған өзінен бір жас үлкен жасөспірім небәрі төрт ай психиатриялық ауруханада ем қабылдаған. Кейін оны Семей қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа жіберу туралы шешім шығарылған. Ал баланың ата-анасы 86 мың теңге айыппұл төлеумен шектелген.

Осылайша, қоғамда үлкен резонанс тудырған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс сотқа жетпеген. Жәбірленуші тарап бұл жағдай балалардың қылмыстық жауапкершілігіне қатысты заңнаманы қайта қарау керегін көрсетеді деп есептейді.
Адвокат Арман Шәріпов те кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігін 14 жастан емес, 12 жастан бастау мәселесін қарастыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, қазіргі балалар ақпараттық технологиялар мен интернеттің арқасында қоғамдағы қауіп-қатерді түсінуге қабілетті.
“Жауапкершілікті 12 жастан бастап енгізу керек. Неге десеңіз, қазір жасанды интеллект, интернет дамыған заманда 12 жастағы бала ересектерден де ақылды. Олардың таным көкжиегі бізден де кең. Олар өз әрекетінің қоғамға қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінеді. Сондықтан 12 жастағы балалар қылмыс жасаса, тиісті деңгейде жауапқа тартылуы керек”, – деді адвокат.
Қайғылы оқиға шамамен бес ай бұрын болған. Алтыншы сыныпты енді аяқтаған Абылайханды өзінен бір сынып жоғары оқитын оқушы 16 рет пышақтап, ажал құштырған. Алдын ала мәлімет бойынша, қанды қылмысқа қызға қатысты туындаған жағдай себеп болған.
Полиция департаменті қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жасөспірімге бұдан өзге жаза тағайындау мүмкін емес екенін түсіндірген. Себебі Қазақстан заңнамасында аса ауыр қылмыс жасаған күннің өзінде 14 жасқа толмаған балалар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Ал Абылайханның жақындары мұнымен келіспейді. Олар балалардың ауыр қылмыстар үшін жауапкершілігін қайта қарауды көздеп, заңнаманы өзгерту туралы талап-арыз жолдауға ниетті.
Айта кетейік, Қайғылы жағдай биыл 10 маусым күні Түрксіб ауданында болған. 12 жастағы жасөспірімді қатарластары пышақтап өлтірген.